Батыс танкілері арқасында Украина «механикалық соғыс» жүргізеді
ВАШИНГТОН. 25 қаңтар. АҚШ пен Батыс елдерінен келетін қазіргі заманғы озық танкілердің арқасында Украина Ресеймен соғысты механикаландырылған дәрежеде жүргізуге қол жеткізе алады. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Американың Соғысты зерттеу институты (ISW) осындай тұжырым жасап отыр.
«НАТО беретін қазіргі заманғы соғыс танкілері Украинаға Ресеймен сәтті механикаландырылған соғыс жүргізуге жәрдемдеседі», – делінген оның күнбе-күнгі есебінің бүгінгі шығарылымында.
Институт аналитиктері Украинаға соғыс машиналарын беретін елдердің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған тізімін келтірді. Оларда АҚШ президенті Джо Байденнің 30-ға жуық «Abrams М1», Германия канцлері Олаф Шольцтің бір ротаны құрайтын (14) «Leopard 2», Ұлыбританияның 14 «Challenger 2», Францияның бірнеше «Leclerc» танкілерін бергелі тұрғандары атап көрсетілген. Бұдан басқа, Финляндия, Польша, Испания және Норвегия елдері өздерінде бар «Leopard»-тардың бір бөлігін жөнелтетіндерін мәлімдеді.
Ал Нидерланд Украинаға жіберу үшін Германиядан 18 «Leopard 2» танкісін сатып алуды көздейді. «Біз оларды Германиядан жалға алған едік, бұл енді бұларды сатып алу құқымыз бар екенін көрсетеді, демек, Украинаға тегін бере аламыз», – деді Нидерланд премьер-министрі Марк Рютте.
АҚШ Украинаға көмек беру үшін соңғы екі жылдың көлемінде артиллерия снарядтарын өндіруді 6 есеге арттырмақшы. Бұл ай сайын 90 мың снаряд шығару керектігін тәкпір етеді.
Бүгін сондай-ақ Швеция Еуропа кеңесі мен әлем елдерін Украинаға беретін көмекті күшейте түсуге шақырды.
Италия парламентінің төменгі палатасы – Депутаттар палатасы Үкіметтің 2023 жылдың соңына дейін Украинаға әскери көмек көрсетуге арналған декретін мақұлдады.
ISW сондай-ақ УҚК бас қолбасшысы Валерий Залужныйдың желтоқсан айында көктемде Ресейге қарсы жасалатын шабуыл операциясын сәтті өткеру үшін өз армиясына 300 танк керек екенін айтқанын еске түсіріп өтті.
Институт аналитиктері Батыстың Украинаға кең ауқымды қарсы шабуыл үшін қажетті қару-жарақтар беруді баяу жүргізгені мен оны ара-тұра тоқтатып қоюы Ресеймен Бахмут үшін соғыста басымдық алуына кедергі келтірді деп есептейді.