Украина президенті Зеленьский бүгін Бахмут қаласында болып қайтты
КИЕВ. 20 желтоқсан. Украина президенті Володимир Зеленьский бүгін Бахмут (Артемовск) қаласына келіп, украин жауынгерлері марапаттар тапсырды. Бұл туралы «Неміс толқыны» радиосы хабарлады.
«Володимир Зеленьский алдын ала жария жасалмаған сапармен Донецк облысындағы Бахмут қаласына келді», – деп баяндады Украина президентінің баспасөз хатшысы Сергей Никифоров.
Ол бұл сапар жайында Twitter желісінде және украинның FREEДОМ басылымы телеарнасының тікелей эфирінде айтты. «Президент онда шынында болды. Қазір қайтып та кеткен болуы тиіс. Бірақ қауіпсіздік мақсатында түсіндірме беруден бас тартамыз», – деді баспасөз хатшысы.
Сәл кейінірек әлеуметтік желілерде Володимир Зеленьскийдің жауынгерлермен кездесіп, награда тапсырып тұрған видеосы тарады. Бұған қоса, Сергей Никифоров Facebook-та сапардың бүге-шігесіне дейін айтып берді. Оның сөзінше, украин президенті Бахмуттың кіреберісінде РФ Қарулы күштеріне жеке құрамы қарсы тұрған «механикаландырылған бригадалардың бірінің майдандағы алдыңғы шебіне» барған.
«Мемлекет басшысы командирдің жедел жағдай жайлы, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуге және бұдан арғы іс-әрекетке қатысты ұсыныстар айтылған баяндамасын тыңдады», – дегенді қосты Никифоров.
Президент Зеленьский ұрыс қимылдары жүріп жатқан ауданда болған кезінде украин жауынгерлеріне қаһармандық ерліктері үшін алғыс айтқан. Соңынан оларға мемлекеттік марапаттар тапсырған. Ордендер мен медальдарды механикаландырылған, мотожаяу әскер, таудағы шабуыл, танк, артиллерия және аэромобиль бөлімшелерінің солдаттары алды. Соғыста қаза тапқандар минуттық үнсіздікпен еске түсірілді.
Донецк облысының Бахмут қаласы үшін Украина Қарулы күштері мен РФ басқыншылары арасындағы кескілескен ұрыс қимылдары бірнеше айдан бері жүріп жатыр.
Украинаның Австриядағы бұрынғы елшісі Олександр Щерба Twitter-дегі парақшасына: «Зеленьский – Бахмутта! Тура оқиғалар ортасында жүр. Міне, ол қандай!», – деп таңдана жазды.
Украина президенді бұған дейін де бірнеше рет майданның алдыңғы шебінде болған. Ол бұл кезге шекті Харьков, Запорожье, Днепропетров, Донецк және Луганск облыстарына ат басын бұрып, украин жауынгерлерінің позицияларын аралаған, Херсон азат етілген бойда ұшып келген.