Украин әскерлері Мелитопольде ФСБ базасын жойып жіберді
КИЕВ. 12 желтоқсан. Украина Қарулы күштері жексенбі күні Мелитопольде ФСБ-ның талдау орталығы орналасқан ғимараттың тас-талқанын шығарды. Бұл туралы «Украина-Укринформ» хабарлады.
«Украин қорғаушылары демалыс күндері уақытша оккупацияланған Мелитопольдегі Ресей Федералды қауіпсіздік қызметі аналитиктері орналасқан бекетті жойып жіберді, Украина Қарулы күштерінің соққысынан кейін РФ әскери бөлімшелері өз бөлімшелерін жасыруға тырысып жатыр», – делінген хабарламада.
Мелитополь мэрі Иван Федоров медиа орталықта берген брифингінде осының жайын айтып берді. «Біз олардың ПВО-ларының жұмыс істемей қалғандарын (жексенбі күні – ред.) көріп отырмыз. Енді үрейге түсіп тұр. Олар не істерлерін білмей жатыр. Ал кешегі азаннан бері әскери топтарын жасырып ұстау үшін басқа жақтарға қарай жібере бастады. Бірақ мен оларды қашып жатыр деп айта алмас едім, олар қайта дислокация жасау үстінде», – деді ол.
Федоров сондай-ақ Украина Қарулы күштерінің Мелитопольдің өзі мен оған жақын жерлерде орналасқан үш нысанды жойып жібергенін атап көрсетті. Оның айтуынша, ондаған оккупант осы жерде ажалдарына жолыққан, тағы 200-ге жуығы госпитальдарға, соның ішінде Қырымға да жеткізіліпті.
Қиратылғандар арасында Мелитопольден 20 шақырым жердегі блокпост, радиолокациялық станция және мейманхана-ресторан кешені бар.
Ал 10 желтоқсан күні украин сарбаздарының Мелитопольдегі «осетиндер базасында» 200-ге жуық оккупанаттың көзін жойғандары және жараландырғандары хабарланған болатын.