Жаңалықтар жаңғырығы

Қарағанды ресейлік Лариса Долинаның концертін өткізуден бас тартты

ҚАРАҒАНДЫ. 9 қаңтар. Қарағанды облыстық филармониясы Ресей әншісі Лариса Долинаға концерт алаңын бермейтін болып шешті. Бұл туралы arbat.media хабарлады.

Бұдан бұрын шараның алдағы жылғы 12 ақпанда Қарағанды циркінде өтетіні хақында афиша тараған.

Кейіннен Қ.Байжанов атындағы концерт бірлестігі басшысының бұл концерттен бас тартқаны белгілі болды. Филармониядағылар концертті коммерциялық прокатшы ұйымдастырып отырғанын, оның келісімшартында өнер көрсету алаңы ретінде цирктің көрсетілмегенін атап өтті.

Қазіргі мезетте Қ. Байжанов атындағы концерт бірлестігі мен ұйымдастырушылар арасында аталмыш әртістің цирк ғимаратында концерт өткізуі жөнінде тараптардың келісімге келгенін айғақтайтын заңды құжат жоқ екені анықталып отыр.

Айта кететін жайт, Лариса Долинаның концертін қарағандылықтар оншалықты шаттанып қарсы алған жоқ. Кеншілер қаласында оның өтуіне қарсы болғандар өте көп болды. Филармониядағылар шарадан бас тартушылыққа тұрғындардың реакциясы тікелей әсер еткенін мойындады. Себебі, аталмыш әнші Ресей бастаған соғысты қолдайтын өнер жұлдыздарының қатарында. Оны басқыншылардың өзі өскен елге қырғын салып жатқаны да толғандырмайды.

Лариса Долина 1955 жылы 10 қыркүйекте Әзербайжан астанасы – Баку қаласында еврейлер отбасында туған. Әкесі – Александр Маркусович Кудельман, анасы – Галина Израиловна Кудельман (туғанда – Долина). Болашақ әншінің үш жасында оның ата-анасы өздерінің туған қаласы – Одессаға көшіп барады.

Еске сала кетейік, Долина Ресей 2014 жылы Донбаста сепаратистік билік орнатқанда да, Қырымды өзіне қаратып алғанда да, 2022 жылы Украинаға тұтқиылдан соғыс ашқанда да бір ауыз ләм-мим деп жағын ашқан жоқ. Мұның орнына өзінің «үшінші отаны» – Ресейді жақсы көретінін, өзінің өрлеуіне осы елдің үлесі мол болғанын қайта-қайта айтумен келді.

Лариса Instagram-да өзі айтып өткендей, «әлемде шын мәнінде не болып жатқанын көріп, біліп отыр».

«Мен бұлардың барлығы туралы көп ойланамын. Менің жүрегімде алуан түрлі сезімдер тоғысқан, олар бір-бірімен келіскісі келеді. Ал мен өзім басынан өзіммен келісіп алғанмын. Мені бәрін көріп, біліп отырмын. Мен шындықты білемін. Мен Каспийді жақсы көремін, мен соның жағасында туғанмын, мен өзімнің өскен және сүйікті Одессамды сүйемін, бірақ оның бүгінгісін білмеймін. Қазір бұрынғы Одесса жоқ», – деп сарнады Долина.

Алайда, ол өзі өскен сүйікті қаласын Ресей оккупанттарының күндіз-түні атқылап жатқаны жайлы бір ауыз сөз қоспады, мұның орнына Ресейді шексіз сүйетінін мәлімдеп, көлгірсіп кетті.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button