«Жедел жәрдем» жүргізушісін ұрған бұзақы 3 жылға сотталуы мүмкін
ҚАРАҒАНДЫ. 2 ақпан. Қарағанды қаласында «жедел жәрдем» жүргізушісін соққы жыққан бұзақыға 3 жылға бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр. Бұл туралы «Халық үні» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі «жедел жәрдем» жүргізушісін ұрып-соққан күдіктінің ұсталғанын баяндады.
«1 ақпанда Бас прокуратураның үйлестіруімен Қарағанды қаласында 27.01.2024 жылы сағат 00.20 шамасында орын алған «жедел жәрдем» жүргізушісін соққыға жығу оқиғасы бойынша күдікті Дәкебаев Нұрболат Нұрымұлы ұсталды», – делінген Бас прокуратура баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, тергеу барысында оған іздеу жарияланған. Қазіргі уақытта Дәкебаев уақытша ұстау оқшаулағышында отыр.
Бас прокуратура осы қылмысты жасағаны үшін күдіктінің үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін екенін мәлімдеді.