Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Дінтанушы: «Саяси элита мешіт арқылы бедел жинағысы келеді»

«Мешіт салу ғана сауапқа кенелтеді» деген дұрыс түсінік емес

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елімізде 2720-ға жуық мешіт бой көтерген. Ал Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы мектептердің саны 7569.  Президент Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында: «Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін», деген болатын. Мектептердің тапшылығы туралы мәселе күні кеше астанада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылғанда қатты көтерілді. Қоғам белсенділері мен зиялы қауым «Мешіт аша бергенше, мектеп ашпайсыңдар ма? Мешіт орнына халықаралық стандартқа сай сапалы білім ошақтарын көбірек ашу керек» деп ашына жазғанын көрдік. Malim.kz қоғам реакциясының бұлайша оқыс бұрылуы, діннен гөрі әлеуметтік мазмұнға ауысу себебін дінтанушы Асылтай Тасболаттан сұрап көрді.    

– Қоғамда мешітті қаптатып сала берудің орнына әлеуметтік маңызы бар, мектеп, аурухана сияқты орындарды ашу туралы пікір жиі көтеріле бастады? Бұл үрдіс нені білдіреді?

– Дін деген монипуляцияның күшті құралы. Ақшасы бар, қалтасы қалың саяси тұлғалар осы жағын көбірек ұстанатын болды. Назарбаев қаңтар оқиғасына дейін өзін саяси тұлға, жалпы ұлттың әкесі ретінде сезінуші еді. Мешіт салу да оның халық алдында өзін легитимизациялау үшін жасаған әрекеті сияқты көрінді. Екіншіден, ол жалпы бұқараның өзіне деген көзқарасын, беделінің қандай шамада екенін анықтап білетіндей деңгейде емес деп ойлаймын. Мешіт салып, жанындағы адамдар қолқалап, ашылу салтанатына барасың десе халық мені жақсы көріп қалатын шығар деп ойлаған болуы мүмкін.

Ал жұрт айтып жатқан бюджетке мектеп соғу меценаттардың, ұлттық буржуазияның мойнындағы міндет. Негізі, жалпы білім беру мемлекеттің жауапкершілігіндегі іс. Сондықтан ол бюджет қаражатының жұмсалуымен жасалады. Дәл мына мешітті демеушілер салып берді деп айтылып жатыр.

– Кейбір ақпарат көздерінде мешітке Назарбаев қорының ақшасы да жұмсалды деген ақпарат кездеседі…

– Назарбаев қорының ақшасы жұмсалса, ол халықтың бюджетінен, ұлттық компаниялардың ақшасынан түскен қаражат болса, сұрау салуға азаматтардың құқығы бар. Енді дінді жалпы электораттың көңілін табудың құралы ретінде пайдалану күшейе түседі. Бұл мұсылмандар санының немесе қазақтардың көбеюімен және белгілі бір діни топтардың, жамағаттардың ықпалының артуымен байланысты. Біз осы ретте Түркияны мысалға алсақ болады. Оларды әскери элита басқарған кезеңдерде дінге қысым өте көп болды. Сол қысымның кері реакциясын Ердоғанның үкіметі қатты сезінді. Ердоғанның билікте отырғанына бірнеше жыл болды. Дінді электаратқа өте сәтті пайдаланып келеді. Діни қорларға, мешіттердің салынуына, орамал тағуға рұқсат беруі соны байқатады. Әр сайлау жақындаған кезде осындай діни риторикаларға басымдылық бере отырып, өзін легитимизациялауға күш салады. Сайлау болған сайын әр түрлі діни топтардың көңілін табуға тырысады. Бұл, әрине дауыс алу үшін. Біздің елде де сол үрдіс бұдан былай күшеюі мүмкін. Мұны діннің саясилануы деп нақты айтпасақ та, дінді саяси құрал ретінде пайдалану деуге болатындай.

Тоқаевтың қажылыққа барған кезіндегі хаттамада қағбаның ашылуы бекер емес. Мысалы, бұған дейін Меккеге Назарбаев барған кезде қағба ашылды деген сөз көп айтылатын еді. Тоқаев та дәл сол нәрсені жасауы, протоколға қағбаны кіргізуі бұл да Назарбаевтан кейін Тоқаевтың да легитимизациялануына қажет болғаны үшін шығар деп ойлаймын. Ол барлық елде солай. Тіпті батыс елдерінде де белгілі бір шіркеудің ықпалы болады. Саясаткерлер жалпы халық үшін ықпалды негізгі діни құрылым ретінде мойындалып келген жерлерге басымдық беруі, электораттың көпшілігі сол жақта болса, солардың көңілін табуға тырысу саясат болғаннан кейін болатыны белгілі.

– Өзіңіздің жеке пікіріңіз қалай негізі, бір мешіттің орнына он мектеп салған дұрыс па негізі?

– Үшінші жақтан айтсам, ислам діні бойынша мешіт салу ғана сауапқа кенелтеді деген дұрыс көзқарас емес. Мысалға көпір салсаңыз да, аурухана, медресе салсаңыз да, тура мешіт сияқты пайдасы бар. Бірақ бізде ұлттық буржуазия деген түсінік қалыптаспаған. Нағыз меценаттар жоқтың қасы. Бізде ақшаны шоуларға құйғанды жақсы көреді. Көкпарға, айтысқа демеушілік жасауды құп көреміз. Мен Түркияда оқығанмын. Қалыптасқан батыс елдерінде негізінен студенттерге арнап жатақхана соққанды жөн санайды. Ұзақ мерзімді құндылықтарға ақша салғанды дұрыс деп біледі. Мәселен, ұлттық компаниялар   мамандарды қажет ететін болса, 200-300 студентке стипендия төлеп, оқуын бітіргеннен кейін өздеріне шақырып алады. Бізде қалталы, қолында қаражаты бар адамдар сондай бір құндылықтарға ақша салмайтын болғаннан кейін мешіт салу үрдісі жүріп жатқан шығар. Алайда, халық бұл әрекетке сын көзімен қарай бастады. «Сендер мешіт арқылы құдайды сатып алғыларың кеп жатыр ма?» деген сияқты өзара талқыны көрдік. Осы оқиға болашақта біздің бай адамдардың басқаша әрекет етуіне әсер етуі мүмкін. Талқылау болуы керек. Әртүрлі пікірлер туындап тұрғаны дұрыс және бұдан шошымау керек. Осы жайттар қоғамдағы азаматтардың көзін ашады. Халықтың осындай реакциясы ұнады. Бұдан бір жақсы қорытынды шығады деп үміттенеміз.

– Халықтың екіге жарылып, шеңберге қамалған ойлардан шығуға әрекеттенуі  еліміздегі діни әртүрлілікпен байланысты ма?  

– Мен бұның екі себебін көремін. Біріншісі, халықтың әл-ауқатының төмендеп кетуі  және мектептердің әлеуметтік проблемаға айналуы. Үш ауысыммен оқудың бірінші орынға шығуы. Бірден сол мектеппен аналогия жасаудың себептерін қарап отырмын. Екіншісі, біздің саяси элита халықтың алдында әбден абырой-беделден айырылған. Әр әрекетінен өздерінің жасаған жемқорлығы, халықты тонаған, олардың еңбегінен жинаған қаржымен мешіт салып бізді алдап кетпейсіңдер ме деген секілді реакция көрініс береді. Осы екі себепті көрсеткім келеді. Жемқорлық және мешіт соғу арқылы өздерін ақтап алуға тырысуынан халық қажығанын байқатып жатыр.

– Бірнеше жыл қатарынан Қазақстан  әлемдік дәстүрлі діндер сьезін өткізіп келеді. Осылайша әлем алдында бітімгершілік рөлін ойнап жүр. Жақында тағы да діндер сьезі өткелі отыр. Жалпы осындай нәтижесіз жиындарды өткізе беру елдің ашу-ызасын одан әрі қоздатпай ма?

– Халық қандай реакция білдіретінін алдағы уақытта көретін шығармыз. Жалпы Назарбаевтың саясаткер, әлемдік лидер ретіндегі амбициясы жоғары болды. Өйткені, ескі Қазақстан негізінен кең ауқымды болып көрінгісі келген. Өзіміз қирап жатсақ та, форумдардың мемлекеті болдық қой. Әлемдік лидерлердің діндер сьезі бойынша Қазақстанда басқа елдермен келісім бар. Сондай-ақ, 130 ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатыр деген негізсіз, Кеңес кезеңіндегі интерноционализм идеологиясының жалғасы сияқты түсініксіздеу әрекеттер болды. Тоқаев енді бірден одан бас тарта қоймаған шығар. Бірақ дінаралық диалог, толеранттылық деген онсыз да болатын құбылыс. Ешкім өзінің дінінен бас тартып, сенің дініңді құптай кетпейді. Ол жерде ештеңе шешілмейді. Формальды түрде  жарғы қабылданады. Түптеп келгенде, бұл пафосқа толы, Назарбаевтың саяси амбициясына байланысты және соның маңындағы идеологтардың әйтеуір ойлап тапқан дүниесі деп білемін.

Еліміздегі масылдық билік тарапынан жиі сыналып жүр. Онымен күресеміз деп мемлекет түрлі жоспар жасап жатыр. Алайда, масылдық белгілері әлеуметтік желіде мешіттің атынан ақша сұрайтындардың бойынан жиі байқалатындай. Аталған әрекеттермен кездескенде қандай ой түйесіз?

– Халықтан жиналған ақша сол құрылысқа кетіп жатса дұрыс емес демеймін. Қазақ өмірінде мұсылмандық қатар жүретін болғандықтан, құқықтық тұрғыда одан проблема көрмеймін. Алаяқтықпен айналысып жатса – ол нағыз проблема. Керек емес жерге мешіт соғып жатса мәселе. Сонда мектеп салу, емхана салу керек деп айтуға болар. Мешіті жоқ ауылға мешіт тұрғызып жатса, соған жеткізе алмай халықтан көмек сұраса, түсіністікпен қарауға болатын шығар. Мешіт тек қана уағыз айтып, жұмаға баратын жер ғана емес, діни рәсімдер атқарылатын орын. Діннің ғұрыптық қырын да ұмытпауымыз керек. Егер шынымен масылдыққа алып келетін қадам болса, әрине, дәл осылай халық сынайды. Мысалы, Түркияға барсаңыз, «жаңадан мешіт салынайын деп жатыр, соның құрылысына садақа беріңіздер» деп жазылып тұрады. Ақша сұраудың жөні осы екен деп мешітті қолдаулыққа айналдырмау керек. Кез-келген нәрсе кемерінен асып, тым көп болып кетсе, наразылық өздігінен туындайды. Діннен алыс қоғамда түрлі көзқарас бар. Мұны қалыпты жағдай деп ойлаймын. Қайта осындай талқылау болған кезде адамдар өркеиетті шешім қабылдайды.

Әңгімелескен Олжас ҚАСЫМ

15.08.2022

Malim.kz

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button