Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Қарақалпақ егемендігін сақтайды. Ал елді дүрліктіру кімге керек болды?

ВАШИНГТОН. 3 шілде. Конституциялық реформа жариялаған Өзбекстан негізгі заңының жаңа нұсқасында алынып тасталады деген Қарақалпақстанның «егемен» мәртебесі өзгермейтін болды. Бұл туралы «Азаттық» радиосы хабарлады.

«Наразылықтан соң Қарақалпақстанның Өзбекстаннан «референдум жолымен» бөлініп шығу құқығы да өзгеріссіз қалады», – делінген хабарламада.

Алайда, қарақалпақ халқын бұлайша дүрліктіру кімге және не үшін керек болды? Бұл сауал қазір талай адамның көкейінде тұр.

Енді оқиғалар желісі мен тұжырымдарға кезек берейік.

«Азаттықтың» хабарлауынша, 2 шілдеде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёв  Нөкіске шұғыл келген. Ол сапары барысында сол күні республиканың жоғарғы органдары өкілдерімен, ақсақалдар алқасы мүшелерімен кездескен.

Осыдан кейін Өзбекстан Конституциясындағы Қарақалпақстанның «егемен» мәртебесі өзгертілмейтіні белгілі болды. Ол Қарақалпақстан Жокаркы кеңесінде сөйлеген сөзінде жергілікті депутаттарға қарата ұсынылған өзгертулерге меңзеп, «өздерің бас болып ұсынып, өздерің қол қойып, өздерің растағансыңдар» деген. Президент соңында Конституцияда Қарақалпақстанға қатысты 70, 71, 72, 73, 74, 75-баптардың бір де біреуі «Қарақалпақ халқы наразы болса, ешқашан өзгермейтінін» айтқан.

Сонымен бірге, елде бір айға дейін төтенше жағдай тәртібі жарияланды.

Еске сала кетейік, Нөкіс қаласында 1 шілде күні елдің жаңа Конституциясында ұсынылған мәртебесіне қарсы жаппай наразылық өрістеді. Оған мыңдаған адам жиналды. Қарақалпақстанның өзге де қала, аудан, аймақтарында наразылық талабымен шыққандардың видеосы тараған. Наразылық шарасы полицияның күш қолдануымен басылған. Әзірге ықтимал адам шығыны және қанша адамның қамалғаны туралы хабарланған жоқ. Алайда, әлеуметтік желіде Қарақалпақстанның әр жерінен тараған видеоларда жараланған немесе қанға бөккен адамдар байқалады. Қарақалпақстанның ресми билігі бұл оқиғаға «билікті басып алмақ болған», «сыртқы күштердің араласқаны» жайлы хабарлады.

ДАУЛЫ БАПТАР

Өзбекстанда Конституцияға енгізілетін өзгертулер жобасы 26 маусымда жұртшылық талқылауына ұсынылды. Ұсынылған жобадағы республиканың жаңа мәртебесі туралы мына баптар айрықша дауға айналды.

Біріншіден, Өзбекстанның қолданыстағы негізгі заңының 70 бабында аталған Қарақалпақстанның «егемен» мәртебесі жаңа нұсқада түсіп қалған. Онда тек «Қарақалпақ республикасы» туралы сөз болады.

Қолданыстағы 70 бап:

Қарақалпақ егеменді Республикасы Өзбекстан Республикасы құрамына кіреді. Қарақалпақстан Республикасының егемендігін Өзбекстан Республикасы қорғайды.

Ұсынылған 70 бап:

Қарақалпақстан Республикасы Өзбекстан Республикасы құрамына кіреді. Қарақалпақстан Республикасы аумағында Өзбекстан Республикасы Конституциясы мен заңнамаларында қарастырылған еркіндік пен барлық құқыққа кепілдік берілген

Екіншіден, қолданыстағы Конституцияның 74 бабында аталған Қарақалпақстанның референдум жолымен Өзбекстан құрамынан шыға алатындығы туралы бап та жаңа конституция жобасында өзгеріп кеткен.

Қолданыстағы 74 бап:

Қарақалпақстан Республикасы Қарақалпақстан халқының жалпы референдумы негізінде Өзбекстан Республикасы құрамынан бөлініп шығатын құқыққа ие.

Ұсынылған 74 бап:

Қарақалпақстан Республикасы өз аумағында Өзбекстан Республикасы Конституциясы мен заңдары, Қарақалпақстан Республикасы Конституциясы мен заңдарына сәйкес заңнамалық, атқарушылық және сот билігін жүргізеді. Қарақалпақстан Республикасы Жокаркы Кенешінің төрағасы Қарақалпақстан Республикасы жоғары лауазымды тұлғасы болып табылады.

Өзбекстанның негізгі заңына әуелде 60-дан астам бапқа 177 өзгерту енгізілетіні айтылған. Онда президент билігін қазіргі 5 жылдан 7 жылға ұзарту да көзделген.

КСРО КЕЗІНЕН ҚАЛҒАН ЕСКІ ЖАРА

1924 жылы құрылған Қарақалпақстан автономиялы облысы 1930 жылға дейін Қазақ АКСР құрамында болған. Кейін РСФСР қарамағына беріліп, 1936 жылдан бастап Өзбекстан құрамына өткен.

Қарақалпақстан 1990 жылы 14 желтоқсанда, сол кездегі Қарақалпақстан АКСР Жоғарғы кеңесі «Қарақалпақстан Республикасының Мемлекеттік суверенитеті ҳақында Декларация» қабылдады. Онда елдің мемлекеттік мәртебесі «автономиялық республикадан» да жоғарылап субъект түрінде аталады. Анықтай айтқанда, Кеңес Одағы құрамындағы Қарақалпақстан кеңестік социалистік республикасы (Қарақалпақстан КСР) болып өзгертіледі.

Қарақалпақстанда бұл мәртебе 1990 жылы 26 сәуірде қабылданған «КСРО және федерация субъектілері арасындағы өкілеттіктерді айқындау» туралы КСРО заңы бойынша қуатталды деп есептеледі.

1991 жылы ақпан айында Қарақалпақстан Жокаркы кеңесінің кезектен тыс 5 сессиясында Дәулетбай Шамшетов осы кеңес басшысы болып сайланады. 1991 жылы мамыр айында Нөкісте Мәскеу, Ташкент арасындағы қатынасты реттеу үшін компартия жиыны өтіп, Мәскеу Қарақалпақстанның мемлекеттік мәртебесін мойындауға келіседі. Кейін Шамшетов президент болып сайланғанымен, бірнеше айдан соң биліктен кетеді.

1992 жылы 9 қаңтарда Қарақалпақстан КСР атауы «Қарақалпақстан Республикасы» болып өзгертіледі. 1993 жылы 9 сәуірде ел Конституциясы қабылданады. Соның алдында Қарақалпақстан – Өзбекстан арасында мемлекеттік шарт бекітіледі. Шартта Қарақалпақстан 20 жыл Өзбекстан құрамында болып, кейін референдум жолымен Өзбекстаннан бөлініп шыға алатыны қуатталады. Референдум жолымен бөлініп шығу құқығының Қарақалпақстанмен қоса Өзбекстан Конституциясында да арнайы баппен бекітілуі осы шарттың негізгі жетістігі болып табылады.

2013-14 жылдары осы мәселені еске салғандар болды. Бірақ оның соңы қудалаумен, қысыммен аяқталатын. Алайда, Өзбекстанда конституциялық реформа желеуімен өзгертілмек жаңа Конституция жобасы осы мәселеге қайта қозғау салды.

МИРЗИЕЁВ «ҚАРАҚАЛПАҚСТАН ПЕРЗЕНТІ» МЕ?

Наразылық басталған 27 маусымнан бері Қарақалпақстанда интернет байланысы тұрақсыз. 30 маусым жастар күніне орай Ташкентте президент Шавкат Мирзиеёвтің қатысуымен пафосқа толы салтанатты рәсім өткен. Өзбекстан президенті сонда сөйлеген сөзінде Қарақалпақстан туралы шашыраңқы сөйлеп, «екі тағдыр – бір ел» болып бірігу «нәтижеге жеткізетінін» айтқан. Оның қандай нәтиже екенін нақтыламағанымен, Мирзиеёв Арал проблемасын шешу туралы айтып, Қарақалпақстанды дамыту стратегиясы қабылданғанын еске салып өтті. Айтуынша, «Қарақалпақстанның әрбір көшесі мен ауылын дамыту бойынша қаржы бөлінген».

Президент Мирзиеёв осы жиындағы сөзінде «Мен өзімді тек Өзбекстанның ғана емес, Қарақалпақстанның да перзентімін деп тағы бір мәрте мақтанышпен айтамын» деген.

Соңынан ол жастарды марапаттауды қарақалпақстандық оқушы, студенттерден бастаған.

Ресми арна тікелей эфирден таратқан жастар күнгі рәсімде арасында ұлттық киіммен немесе тақиямен отырған қарақалпақ жастарын жиі көрсеткен. Президент сол рәсім кезінде Науаи, Әндіжан облыстары және Қарақалпақстанмен ғана онлайн қосылып, жастарды құттықтаған.

«ҚҰЖАТ ЖҮЗІНДЕ БОЛСА ДА ЕГЕМЕНДІКТІ САҚТАУ»

Ақтауда тұратын қарақалпақстандық белсенді Ниетқали Оразбаевтың айтуынша, қазір наразылар колл-центрларға хабарласып та келіспеушілігін білдіруде. «247 мың азамат наразылығын айтқан, заңгерлер де жұмыс істеп жатыр», – дейді Ниетқали Оразбаев.

Оның айтуынша, 1993 жылдан бері Қарақалпақстан Конституциясы алты мәрте өзгертілген. Жоқаркы кеңестің кейбір өкілдіктері бұған дейін Өзбекстан парламентіне берілген.

«Халық қазіргі мәртебеден айрылғысы келмейді. Мұны жіберіп алсақ, жай «республика» деген неменеге керек?!» – дейді Ниетқали Оразбаев «Азаттыққа».

Айтуынша, Ташкент билігі соңғы жылдары Қарақалпақстанға әлеуметтік, экономикалық көмек беріп, өзгерістер жасай бастаған. Алайда, осындай кезде ел мәртебесінің өзгертілуі туралы сөздің шыққаны қолайлы болып отырған жоқ.

Ниетқали Оразбаев Конституция өзгере қалса, мемлекеттің символикалары сақталғанынан еш пайда жоқ деп санайды.

«Қарақалпақстандықтар ел егемендігін кем дегенде ресми құжат жүзінде болса да сақтап қалғысы келеді», – дейді ол.

Норвегияда тұратын, «Алға, Қарақалпақстан» қозғалысының жетекшісі Аман Сағидуллаевтың айтуынша, Өзбекстан Конституциясындағы Қарақалпақстан мәртебесіне өзгергенін көпшілік негізгі заң жобасы жарияланғанда барып білген. Айтуынша, іле-шала Нөкістен басқа Шоманай, Шымбай, Мойнақ аудандарында наразылық шарасы болған.

– Кезінде Ислам Каримов «Үлкен үйге не керек болса, кішкене үйге де сол керек» деп, 20 жылға дейін референдум өткізбеу ұйғарылған еді. Қазір сол мемлекеттік шарттың уақыты өтті. Орнына жаңа келісім де қабылданбады, – дейді Аман Сағидуллаев Азаттыққа

«ӘДЕЙІ ӘРЕКЕТ БОЛУЫ МҮМКІН»

Өзбекстан үкіметінде басшылық қызмет атқарған, қазір Қазақстанда тұратын Сапарбай Жобай Конституцияға енгізілмек өзгертулердің қабылдану-қабылданбауы неғайбіл болғанын айтады.

«Қарақалпақстанның мәртебесі туралы талқылау комиссиясының бұрынғы отырыстарында осы туралы айтылмаған еді. Бұл қоғамның беталысын аңдап көруге бағытталған әдейі әрекет болуы мүмкін», – дейді Сапарбай Жобай.

Оның айтуынша, Қарақалпақстандағы ең күрделі мәселе – экология. Жергілікті тұрғындар Әмудария өзенінің жоғарғы ағысындағыларды экология мәселелері үшін жауапты деп есептейді.

«Алайда, Аралға құятын Әмудариядан келетін судың көбін Түркіменстан алып отыр. Оның жартысы далаға ағып кетеді. Егер мемлекеттер өзара келісіп, суды Қарақалпақстанға жеткізсе, Мойнақты өзгертіп, туристік орталыққа айналдырса болады. Қаржы да бөлінген», – дейді Сапарбай Жобай Азаттыққа.

Қазақстандық саясаткер Дос Көшімнің айтуынша, тоқсаныншы Қарақалпақстанда Қазақстанға қосылу туралы пікірлер айтылатын.

«Қарақалпақстанды әуелде Қазақ АКСР-нан алып, РСФСР-ге, кейін Өзбекстан құрамына берілгені қателік болды. Мәдениеті мен тілі жағынан қарақалпақтар қазақтарға жақын», – дейді Дос Көшім.

Оның айтуынша, әрқандай саяси күш байқалмаса да қарақалпақтар республика мәртебесінің өзгертілуіне жол бермеуге тырысады.

«ҚАРАҚАЛПАҚСТАНДАҒЫ КӨҢІЛ-КҮЙДІ ЗЕРТТЕМЕЙ ЖАСАЛҒАН ҚАДАМ»

Орталық Азия бойынша ресейлік маман Аркадий Дубнов Өзбекстандағы Қарақалпақстан мәртебесін өзгерту ықтималдығын Тәжікстандағы соңғы оқиғалармен және Украинадағы жағдайлармен байланыстырады.

Билік пен халықтың қақтығысынан кейін Тәжікстанда не өзгерді?

«Ташкентте әлдекімдер Тәжікстандағы Таулы Бадахшандағы ащы тәжірибені ескергенді жөн тапса керек. Тәжікстанның жартысына жуығын алып жатқан Таулы Бадахшан, жұмсарта айтқанда Душанбеден өзін сыйлауды талап еткенін білесіздер. Душанбе сепаратизм көрінісі ретінде оны қаталдықпен басып жаныштады. Екінші жағдай Донецкідегі «республикалардың» Украина құрамынан шығуы Еуропа орталығындағы әскери әрекеттерге бастап алып келді. Ташкенттің Донецкідегі «республикалардың» тәуелсіздігін мойындаудан бас тартқаны белгілі. Менің ойымша, Ташкентте осындай әлеуметтік қауіптің алдын алу үшін, әлдекімдер аталған өзгертулерді ұсынса керек. Бұл – Қарақалпақстандағы көңіл-күйді зерттемей жасалған қадам болды. Әлеуметтану тұрғысынан келгенде мұны жасауға болмайтын еді. Әлеуметтануға салсақ, Қарақалпақстанда онсыз да Өзбекстан құрамынан шығуға ешкім дайын емес болатын. Алайда бұл жағдай нақты наразылықтың триггеріне айналып шыға келді. Белсенділер мен халық наразылығына қозғау салды. Бұл құрғақ шөпке шырпы тұтатқанмен бірдей еді», – дейді Аркадий Дубнов «Азаттыққа».

Қарақалпақстан республикасы Қазақстанның Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарымен шектеседі. Өзбекстан жерінің 40 пайызын Қарақалпақстан алып жатыр. Наразылық кезінде Өзбекстан Қазақстанның Маңғыстау облысымен шектесетін өткізу бекетін жапты. Ресми түрде бұл қадам «ақпараттық жүйенің істен шығуымен» деп түсіндірілген.

1 шілдеде Атырауда алаңға 70-тен астам адам жиналып, рұқсат етілмеген митинг өткізді. Көбі ұсталып, тергеліп, артынша босатылды. Бұл жөнінде Атырау облысы полициясының баспасөз қызметі хабарлады. Бұған дейін жергілікті ақпарат агенттіктері Атырауда жұмыс істейтін қарақалпақ азаматтарының ұсталғанын жазған.

«Алаңға шамамен 75 адам жиналған. Рұқсат етілмеген митинг өткізген. Көбі ұсталып, тергеліп, босатылды. Бізде қазір «Мигрант» жедел-профилактикалық шаралары да жүріп жатыр. Сол себепті ұсталғандар арасында Атырау облысында құжатсыз, заңсыз жүрген адамдар да болған. Оларға әкімшілік айыппұл қолданылады ғой. Көбі босатылды, кейбірі сот шешімін күтеді», – деді Атырау облысы полициясының баспасөз қызметінің өкілдері «Азаттыққа».

Біздің анықтама:

Қарақалпақстанда соңғы мәліметтер бойынша 397 826 (32,82 %) өзбек, 389 146 (32,10 %) қарақалпақ, 318 739 (26,29 %) қазақ ұлттарының өкілдері тұрады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button