Мирзиеёв Қарақалпақстанның мәртебесін өзгертуден бас тартты
НӨКІС. 2 шілде. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёв Қарақалпақстанның егемендігін сақтау қажеттігін мәлімдеді. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлады.
Бүгін Шавкат Мирзиеёв Қарақалпақстан республикасының астанасы – Нөкіс қаласына ұшып келді. Ол Өзбекстан Конституциясының Қарақалпақстан егемендігіне қатысты бөлігіне ешқандай өзгеріс енгізбеуді ұсынды.
Референдумға енгізілгелі жатқан сол өзгеріске байланысты кеше, 1 шілде күні республиканың Нөкіс және өзге қалаларында жаппай наразылық басталып кеткен болатын.
Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, 2 шілдеде Нөкіс қаласына келген Мирзиеёв республиканың жоғарғы орган өкілдерімен, ақсақалдар алқасының мүшелерімен кездескен.
«Конституцияға енетін өзгертулер мен толықтыруларды талқылау процесі жалғасып жатқандықтан және Қарақалпақстан тұрғындарының пікірін ескере отырып, президент Өзбекстан Республикасы Конституциясының 70, 71, 72, 74, 75 баптарын өзгеріссіз қалдыру қажеттігін атап өтті» деп жазылған президенттің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Осымен даулы мәселе өзінің оңды шешімін тапқан сияқты.