Жаңалықтар жаңғырығыТаным

ЕР МІНЕЗДІ ЕРЕКЕМ

Белгілі ғалым, нағыз ұстаз Бейсенбай Кенжебаевты кезінде тұрғыластары – өзінен кіші әріптес інілері ғана емес, сонымен бірге қатарлары мен жасы үлкен ағаларына дейін, бетпе-бет келгенде, ерекше іш тартып, оған әрдайым «Бейсекем» деп көтермелей сөйлеген екен. Осыдан-ақ бұл кісінің өз ортасында қаншалықты сыйлы, құрметті, беделді болғаны күмәнсіз кестеленіп тұрады. Қазір ойланып қарап тұрсам, мен де Ерекеңді бір көргеннен жаныма жақын санап, қадір тұтып, әспеттегенім шығар, жас айырмашылығымыздың небәрі жарты жылдың маңайында болғанына, екеуміздің де жылан жылы түлеген төл екендігімізге қарамастан, оны ешқашан, тіпті жалқы мәрте де, тікелей өз атымен атап көрмеппін. Мен үшін ол алғаш танысқан кезінен ақырына дейін, ғұмыр бойы тек «Ереке» болып қалды.

Сол Ерекеңмен, өмірден елімізге есімі белгілі журналист, қарымды қаламгер, атпал азамат атанып өткен Ертай Бекқұлмен де, оның құдай қосқан қосағы, адал жары Алма Смағұловамен де ҚазМУ-дің журналистика факультетінің екінші курсынан бастап, оны тәмамдағанша 4 жыл бір топта бірге оқыдық. Бұған қоса, курстағы он жігіттен құралған сыралғыластар тобының ішінде бір жүрдік. Бұлар – Шойбек Орынбаев, Сапарғали Әлібаев, Толымбек Әлімбеков, Жолтай Әлмашов және Ертай Бекқұлов атты бес жігіт тұратын секция сол кездері курстың өзіндік штабы сияқты-тын, есіктері ешқашан жабыла қоймайтын бұл бөлмелерге қай уақта да курстас қыз-жігіттердің бірі кіріп, бірі шығып, ертелі-кеш ежіл-қожыл болып еңсеріліп жататын. Сессия мезгілінде курс не топ болып кезекті емтихан-сынаққа дайындалған шақта да көбіне-көп аталмыш секцияның жоғарыда аталған жігіттердің соңғылары тұратын үш кісілік бөлмесіне жиналатын едік.

Өзара аттары да ұқсас Ертай мен Жолтайдың бір ауданнан, тіпті соның ішінде бір ауылдық кеңестен екенін сонда ғана білдік. Екеуі де Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының «Бірлік» совхозынан шыққан, тек Жолтай оның «Қыраш» бөлімшесінен келсе, Ертай «Қосүйеңкі» фермасында туып-өскен. Екеуінің де ауылдары кәнігі қарт Қаратаудың етегіндегі шоқылы-қыратты, көкорай шалғын, керімсал кезеңге қоныс тепкен. Салқын ауа, самал төс, сылдыр бұлақ жон арқа, әсіресе, көктем күндері қолдан тоқылған кілемнің түсіндей болып төгіліп, керемет құлпырып кететін. Олардың балаң күндерінен қиялдың қанатына қарғып мініп, жыр аспанында шарықтап ұшуға талап қылуларына осы тұмса таза табиғаттың әсері аз болмаса керек. Не дегенде де, олар кейін ақындықтың алпарына қатар қонған шынайы шайырлар болып кетпегендерімен, бірі атағы республикаға танымал жауынгер журналист, екіншісі Одақ аумағында ірге көтерген егемен елдерге есімі белгілі жампоз жазушы атанды. Екеуінің сондай дәреже дәргейіне жетулеріне дәсәуілгіде дем берген, ілкідегі іздерін ашқан совхоз орталығында орналасқан №55 Бірлік орта мектебі болып шықты. Бір мектептің ұлағатты ұясынан бірінің соңынан бірі түлеп ұшқан курстас, топтас екі жігіт ағалы-інілі бауырлар сияқты еді. Екеуінің қатарына бізден бір саты төмен оқыған, соңыра белгілі ғалым, сыншы, ғылым докторы санатынан табылатын Жұмабай Әбілов кеп қосылғанда, «Бірлік» совхозының рухани әлемі бірге көшіп келгендей әлем-жәлем бола қалатын. Бұлай дейтініміз, жасы кішірек Жөкеңнен иткөйлекті үш жыл алдын тоздырған Ерекең мен Жұмекең орта мектепті бірге бітірген сыныптастар екен.

Бір класта оқыған екі достың бір-біріне деген ілтипаттары жоғары еді. Бақсақ, «Бірлік» орта мектебі жанындағы интернаттың бір бөлмесінде бесінші сыныптан бастап бірге жатып оқыған екеуі пікірлес болып өсіпті. Екеуі де сол уақыттан журналист болуды армандап, аудандық және республикалық пионер газеттеріне хабарлары мен мақалаларын жарыса шығарысып тұрыпты. Ақыры екеуі де ер жетіп, оңы-солын танып, сақа жігіт салтын ұстап, азамат ретінде жетіле бастаған тұстарында бірнеше жылдық еңбек өтілімен университеттің табалдырығынан аттады. Ерекең оқуға екі жыл әскер сапындағы бәсірелі борышын өтеп келгесін түсті. Кейін бұлармен мектепте бір сыныпта бірге оқыған тағы бір түлек – Ерубай Қалдыбек те журналист мамандығын таңдап, ұзақ жылдар Жаңақорған аудандық газетінде тапжылмай қызмет етті. Сөйтіп, бір кластан интернаттың бір бөлмесін бөліскен үш бірдей қарымды қаламгер шықты.

Біз әдепкі таныс бола бастаған кезден байқалғаны – Ерекең барынша байсалды, сөзге берік, уәжге нық жігіт еді. Егер кісіні көрікті етіп көрсететін оның көркем мінезі дейтін дәйекке дес берсек, ол тап сондай сипатқа лайықты болды. Өз басым Ерекеңнің біреуге дауыс көтеріп, жекіріп, жер-жебіріне жетіп ұрсып жатқанын немесе әлдекімнің ту сыртынан айбат шегіп, ғайбат сөз айтып баққанын ешбір көрмеппін. Жағымпаздық пен жарамсақтықты жанына жуытпады, мүбада бір ондайларды көре қалса, бойын дереу тік ұстап, тіксініп тұратын. Рушылдық пен жершілдіктен жүдә қашық жүрді, ешуақытта трайбализм деген аурумен ауырған емес. Ешқашан туған-туыс жағалап, мансап сатысымен көтерілу мүддесін көздеген жоқ. Қандай қызметке де өзінің қабілеті мен қарымының арқасында барды. Осындай өмір салтын ұстануына орай өзі барынша таза өмір сүрді, кәсібіне адал қызмет етті. Сондығынан шығар, соңына дәйімі өзін құрмет тұтатын өзі секілді көптеген тазайын да талантты шәкірттерді ерте білді.

Бірақ Ерекең қалшиып қалған қағидаттың, қатып қалған қалбырдың адамы емес еді. Мен білетінде ешкімге зіл болып тимейтін, ешкімнің көңілін күлік болып түртпейтін әдемі әзілге де қайыл-тын. Біздің топта бәрімізден ересек, бәріміз түгел қоғадай жапырылып сыйлайтын, сол жылы мектеп бітіре сала өзімен бірге оқуға түскен түлектерден он жастай үлкендігі бар Едіге Кішкенеевтің өзінің тілін тауып, ұдайы қалжыңдасып жүретін тек осы Ерекең ғана болатын. Екеуінің кенет сондай бір ұтымды сөз қағысуларын көрген кезде қалт тоқтап, тыңдай қалатынбыз. Кейде тіпті олардың сол әдіпті әскияларын біразға дейін айтып жүретін едік. Сондайда ұшқыр қиялды, ұтымды ойлы Ерекең табан астында суырып салып, төрт тағанды тақпақтатып жіберетін.

Болашақ шығармашылық өкілдері – журналистерді даярлайтын факультетте білім алып жатқасын, ара-тұра өзіңмен бірге оқитын курстастарың қарым-қабілетінің қандай, қай деңгейде екенін байқап-білуге ден қойып, қырағатыңда ұстап жүресің. Егер жаңылмасам, 1977 жылдың көктемінде болуы керек, Ерекеңнің «Лениншіл жас» (1992 жылдан – «Жас алаш») газетіне көлдей көсілген көлемді мақаласы басылды. Онда ҚазМУ-дың органикалық катализ зертханасының аға ғылыми қызметкері, химия ғылымдарының кандидаты, жас ғалым Ақмарал Арыстанбекованың қызметі баяндалады. Шамасы, редакцияның тапсырмасы бойынша жазылса керек. Кейін материал кейіпкері Ақмарал Хайдарқызы тарих ғылымдарының докторы атағын алды, республика комсомолы хатшыларының бірі болып сайланды, тағы бір тұғырда мемлекет қайраткеріне айналып, Қазақстанның тәуелсіздік қарсаңындағы Сыртқы істер министрі, егемендік кезеңінде ұзақ жылдар Сыртқы істер министрлігінің айрықша маңызды тапсырмалар жөніндегі тұрақты және өкілетті елшісі, Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі болып беделді қызметтер атқарды. Әлбетте, автор үшін мұның өзі де мәртебе.

Шынымды айтсам, бұған дейін Ертайдың баспасөз бетінде жарияланған дүниелерін көрген жоқ едім, ал мына очерк бірден ұнады. Жап-жақсы жатық тілі де бар, оқырманын өзіне тартып отыратын ойы да бар. Осыған қарап-ақ курстасымды журналистік жолдың алысқа апаратын сәтті сорабы күтіп тұрғанын шүбәсіз ұқтым. Айна-қатесіз расында солай болып шықты. 1979 жылдың жазында университетті бітіргеннен кейін Ертай мен Алма оқу орнының жолдамасымен сонау қияндағы Қостанай облысына қол ұстасып бірге кетті. Ерекең өзінің баспасөз саласындағы тырнақалды тұңғыш қызметін облыстық «Коммунизм таңы» (1991 жылдан – «Қостанай таңы») газетінің редакциясында тілшіліктен бастаса, Алма облыстық радионың аясынан өз орнын тапты.

Негізі, сол жылы Ертаймен бірге менің де Қостанай облыстық газетінде жұмысқа кірісуім керек еді. Олай болатыны, университет бітірер қарсаңында ректорат жүргізген бөлініс қорытындысы бойынша маған да осы редакцияға жолдама берілген-ді. Бірақ мен Алматыдан кеткім келмей, бірер ай жүріңкіреп барып, тамыз айында «Жалын» баспасынан бөлініп шығып, жаңадан ашылған «Өнер» нәшіриятына кіріп қойғанмын. Содан жіберілген жерге бармай қалған мені қыркүйек айында деканаттан дігерлеп іздеу басталды. Ақыры қайда жүргенімді тапқасын, әйгілі деканымыз Темірбек Қожакеев телефон арқылы қоңырау шалып, шаңымды қағуға көшті. Сонда да былқ етпедім. Ақырында бір күні осы жерге өзі әкелген ұстаз ағам, баспаның бас редакторы Серік Әбдірайымов кабинетіне шақырып алып:

– Серік, Темкеңді өзің де білесің ғой, ол енді сені бұл жерден жұмыстан шығартпай тынбайды. Кеше ғана сен үшін ЦК-ға барып келдім. Сол жаққа да шағымданып үлгеріпті. Сен ертеңнен қалмай, Қостанайға ұш, онда бір апта боласың ба, екі апта боласың ба, ыңғайына қарай көрерсің, бірақ открепление алмай қайтпа. Сонда ғана оның қудалауынан ада-күде құтыласың. Ал мында айлық жалақың жүре береді, оны өзім кадрлар бөлімінің инспекторына ескертіп қоямын, – деді.

Осылайша қазанның 2-сі күні аяқ астынан Қостанайға ұштым. Содан бір күн бұрын облыстық газет редакциясының телефон нөмірлерін тауып алып, редактормен хабарласып, бара жатқанымды айтып қойғанмын. Мен шыққанда Алматыда ауа райы жаймашуақ еді, ал мұнда келсем, жерде тобыққа жақын қар жатыр. Газет басшысы ескертіп қойса керек, әуежайда мені Ерекең жайраңдап күтіп алды. Бейқам келе жатқанымды білгендей, маған бірер жылы киім де ала шығыпты. Редакцияға келгесін бізден үш курс жоғары оқыған, университетте жүргенде жақсы қарым-қатынаста болған Жайберген Болатов ағамды кездестіріп, бір қуанып қалдым. Есіміне «Лениншіл жаста» шығып тұратын мақалалары арқылы қанық болған Қайсар Әлімов ағам салған жерден ізгі ілтипатын білдіріп, бауырына тартты. Сонымен, төрт күндей уақыт «Коммунизм таңы» газетінің хат бөлімінде тілші болдым. Ұжым басшылығы маған жатақханадан орын да сайлап қойыпты. Редактор Бақытжан Жангисин өте жақсы адам болып шықты. Ол барған күннен машбюрода бөлімге түскен хаттарды диктовкамен қорытып тұрғанымды көргесін, бірден жылыұшырай қарады. Бірақ мені Алматыда жұмысым күтіп тұр еді, сондықтан аптаның соңы, 5 қазан күні амалсыз басшымыз алдына қайта кіріп, «қызметке алудан бас тарту туралы» анықтама беруді өтіндім. Алайда, ол кісінің мені оңайлықпен жібергісі келмеді, алдымен алты айдан кейін хат бөлімі меңгерушісінің орны босайтынын, мені соған қойғысы келетінін, сол шамада пәтер де алып қалатынымды алға тартып, біраз үгіттеп көрді. Ал менің уайым-уәжім Алматыда істеп жатқан жұмысымның барлығы мен солтүстіктің суығына шыдай алмайтыным болды. Соңында әңгіменің ауаны «штаттық кестеде бірлік болып тұрып, мен оны қалай жоқ деп көрсетемін, обкомға не деп жауап беремінге» ұласты. Дегенмен, жүрегі жылы, жаны ізгі адам екен, Бақытжан аға сол анықтаманы ақыры өзіме жаздыртып алып, қолын қойып берді. Тағдыр шығар, өстіп маған Ертай досыммен бір редакцияда әріптес болып қатар қызмет етудің орайы келмеді.

Мұның есесіне, газет жұмысына үлкен құлшыныспен келіп кіріскен Ерекең көп ұзамай облыс өмірінің өзекті мәселелерінен сыр суыртпақтаған проблемалық мақалаларының бірінен кейін бірін дүркін-дүркін жариялай бастады. Ол газеттегі өндіріп жазатын қаламы ұшқыр журналистер қатарына тез қосылды. Ара-арасында кейбір материалдары «Лениншіл жас» газетіне шығып тұрды. Соның да себепкерлігі болған шығар, біздің курстасымыз Тобыл өңіріне келгеніне үш жылдан асып бара жатқан шақта күтпеген жерден Алматыдан шұғыл шақырту алды. Сөйтсе, республикалық жастар газетінің басшылығы ұлан-ғайыр Арқаның бір мүйісінде жасайтын жас журналистің жазған-сызғандарына бірқатар уақыттан бері назар аударып жүрген екен. Ерекеңмен беделі зор басылымның редакторы Сейдахмет Бердіқұловтың өзі сыр тарта отырып жеке сөйлесті. Ол бұған газеттің солтүстік облыстардағы меншікті тілшісі болуды ұсынды. Ерекең, әрине, мұндай ұсынысқа екі сөзге келместен келісті. Сондықтан Алматыдан үйіне газеттің Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Көкшетау облыстарындағы меншікті тілшісі болып оралды. Осы кезден бастап оның Тың өлкесінің Тобыл мен Есіл, Құсмұрын мен Сілетітеңіз аралығын ен алып жатқан атырабында бармаған жері, баспаған тауы қалған жоқ. Астықты өңірдің ақжарқын адамдары, кенді өлкенің өскелең өмірі, өнеркәсіп орындарының ордалы ошақтары жайлы бұрқыратып жазды. Соның арқасында басынан құс ұшырмай тұрған басылымның өз тілшілері арасындағы ең беделділердің бірі болды. Бәлки, содан да шығар, 1985 жылдың ақпан айында Сейдахмет ағасы тағы шақырып алып, енді тілшілік жолының оңтүстік оясында – Шымкентте жалғасатынын айтты. Ендігі меншікті тілшілік құзыретіне осы облыстан бөлек, Жамбыл және Қызылорда өңірлері де енеді. Бұл жолы ауыс-түйіс бұрынғыдай ұсыныс сипатында сыланған жоқ, бірден бұйдалы бұйрық болып берілді. Ал Ерекең бастықтың мұнысына қуанбаса, сірә да ренжи қоймады. Себебі, теріскей тарапына қаншама бой үйретіп, көңіл көншітіп қалғанымен, Шымкентке келіп орнықса, өз туған ауылына, жастары ұлғайған ата-анасына бір табан жақындай түсетінін ойлап, жаны кәдімгідей жадырады.

Сол уақытта республика бойынша таралымы 300 мың дананың үстіне шығып тұрған «Лениншіл жастың» айбыны айтарлықтай асқақ болса, сол мөлшердің 100 мыңға жуығын беріп отырған Оңтүстік өлкеде тіпті алапат еді. Мұнда да еңістен салса, төске озуға құштар Ерекең барын салып жұмыс істеді, көп мерзімі аймақтың үш облысын ерсілі-қарсылы аралаумен өтті. Түстіктегі тағы бір ерекшелік, редакция поштасына жиі түсіп тұратын алуан мазмұнды, сан түрлі тағдырлы арыз-шағымдар сипатында жазылған хаттардың көтерген мәселелерін зерттеуге айрықша көңіл бөліп, мән беріп тұруға тура келді. Оның бәрінен үстіңе ылғал тигізбей, құрғақ болып шыға беру әсте оңайға түспейтін. Ерекең болса, өзінің туа-бітті тазалығы, әділдігі, адалдығы арқасында осының бірде-бірінде көпшілік күмән келтіретіндей әрекетке ерік бермеді. Ал 1990 жылы жастар газетіндегі «жастық шегі» аяқталып, «Алматы ақшамы» газетіне бөлім меңгерушісі болып ауысты. Осында келгеннен кейін жазған «Алматы қай елдің астанасы?» деген салақұлаш мақаласы жұртшылықтың арасында үлкен резонанс туғызып, көпке дейін талқылауға түсті. Бірақ қалалық әкімдік үй бере алмайтын болғасын, бір жылдан кейін Шымкентке қайтып оралып, содан бір жыл бұрын ғана жаңадан ашылған «Халық кеңесі» газетіне меншікті тілші болып қызметін жалғастыруына тура келді. Ертеден еті үйреніп қалған меншікті тілшілік бөдіреті бұл сапар да оған оңтайынан келді. Басылымның бағытына қарай тың тақырыптарды қолға алып, оқырман ойынан шығатын талай материалды қанат қақтырды. Мұның үстіне, жаңа газеттің қолтаңбасы басқашалау болуы оның өзін бұрынғыдан бетер жігерлендіре түсті. Расында белгілі журналист Сарбас Ақтаев басқаратын басылымның безендірілуі де, тақырып таңдауы да өзгеше-тін, тіпті рубрикаларына дейін құлашын кеңге созып, құлпырып тұратын еді.

1992 жылғы тамыз айында Ертай күтпеген жерден Қызылордаға келді. Таңертең ерте есік қағылды. Түнде үйде біраз қонақ болған. Ұлымыз мұсылмандықтың алғашқы шартын орындауына орай азын-аулақ сүндет той ишарасы жасалған. Меймандарымыздың соңғылары соның алдында ғана кетіп, біздің ептеп көз шырымын алуға бет қойған сәтіміз-тін. Ерекең соның дастарханы жиналып үлгермеген қырпуында табалдырықтан аттады. Әдейі жұмысынан сұранып, шетін шаруамен Шымкенттен Қызылорда арқылы Жезқазғанға, одан әрі қарай асып, Қарқаралы-Егіндібұлақ өңіріне бармақ болып шығыпты. Ал біз үйдің іші айра-жайра боп жатқанына қысылып жүрміз. Досымыз бұған мән берген жоқ, қайта қуаныштың соңын ала келгенін жақсы ырымға балап жатыр. Үстелді жаңартып жіберіп, біршама мерзім отырғаннан кейін көп қабатты үй алдындағы аулаға шықсақ, Ерекеңнің көлігінің мінер жақ терезесі күл-паршасы шығып сынып қалыпты. Біреулер, шамасы, көліктің музыка ойнағышын суырып алмақ болған, лекін, әлдекімдер кедергі келтірді ме, ойлағандарын жүзеге асыра алмай, зытып кетіпті. Бұл машинаны досымыз жақында ғана өз редакциясынан қызметтік көлік ретінде алған екен. Мынаны көргеннен кейін шопырының жаны шығып кете жаздады. Мен де шыр-пырмын. Ал Ерекең онша қатты қозғалақтай қоймады. Содан кейін кешке дейінгі уақыт шеберханалар мен базарларды жағалап, осы терезені іздеумен өтті. Алайда, бәрінің қардар болып тұрған уағы ғой, еш жерден таптырмады. Соңында бір шеберханадағылар лекерлік үшін беті бұжыр қалың әйнек салып берді. Осы жолы курстасымның кез келген нәрсеге күйгелектене бермейтін сабырлы екеніне көзім жетті.

Өкінішке қарай, Ертай үшін кезекті бір келелі кезеңнің кермесі болған «Халық кеңесі» 1996 жылы ойламаған жерден жабылды. Оған елде кеңестер жүйесінің тарауы тікелей желеу болды. Бірақ газет қызметкерлері жұмыссыз қалмады, олардың барлығы қысқа мерзім ішінде басқа басылымдарға орналастырылды. Солардың қатарында қамқорлық көрген Ерекең «Ана тілі» газетінің Шымкент облысындағы меншікті тілшісі болып шыға келді. Аталмыш баспасөзде 4 жыл тағы жанын салып қызмет еткен ол содан кейін «Үкімет жаршысы» деп аталатын үнпарақта та сондай салт атты сарбаздың салтын кешті. Бір таңғаларлық нәрсе, Ерекең ешқашан өзінің кәсіби мамандығы ауқымынан ауытқып кетпей, бұқаралық ақпарат құралдары диірменінде табаны күректей тура 40 жыл зыр айналса, соның артық-кемі жоқ 20 жылын, яғни тең жартысын меншікті тілшіліктің тірнекті тепсеңіне арнапты. Бұлардан біржола босағаннан кейін жергілікті «Ақиқат» – «Истина» газеті бас редакторының орынбасары болды, «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» мәтбұғатын басқарды. Ал соңғы көште ұзақ жылдарға созылатын қылаусыз қызметі облыстық «Оңтүстік Қазақстан» басылымына арналды. Осы аралықта қатардағы тілшіден бастап бас редактордың бірінші орынбасары лауазымына дейінгі сатылардың бәрінен екшелеп жүріп өтті. Журналист үшін нағыз мақтана еске алып, жадты жаңғыртып тұратын өнегелі өмір жолы бұл!

Алайда, газет ісінде осыншалықты тәлімді тәжірибесі бар Ертай Бекқұл зейнеткерлікке түпкілікті тұрақтағасын да өзімен өзі болып, үн-түнсіз жатып алған жоқ. Облыстың қоғамдық тыныс-тіршілігіне бұрынғыдай белсене араласудан бөлек, өзінен кейінгі толқынға сабақ болатындай талай тағылымды мақалалар жазып, сұхбаттар беріп тұрды. Осыларға қарап тұрып, біз досымыздың қазақ тілі сөзінің мәйегін мейлінше жете меңгерген майталман маман болғанына көз жеткізе түсеміз. Оның грамматика мен стилистика тұрғысында ой көтеріп, ескерту жасаған жазбаларының біразы әлеуметтік желілер жүзін жаулап алып жатты. Мұның бәрі оның туған тілдің тазалығы жолында соңғы демі біткенше күресіп өткенін көрсетеді.

– Адам ұдайы оқып отырмаса, тоқырайтыны рас. Ал Ертай ешқашан тоқыраған емес, – деген еді бірде белгілі сатирик жазушы Көпен Әмірбек. – Ол жай оқып қана қоя салмайды, оқығандарын үнемі өзінің ой елегінен өткізіп, керектерін екшеп сүзіп алып, санасында сақтайды. Оның болмыс-бітімінің, жарытылысының өзі сондай – кез келген нәрсеге сыни көзбен қарап, оларға өз бағасын беріп тұрады. Мен өз басым оның ойланбай сөйлегенін көргем жоқ. Ол не айтса да, ойланып барып, үкім шығарады. Ер мінезді Ертайдың айтар ойын асықпай, өзінің нәшіне келтіріп жеткізетінін кейінгі кездері жиі көріп жүрміз. Бұған қоса, өте сезімтал. Бірақ сол алып ұшқан сезімді қашанда тізгіндеп ұстайды, ешбір ұшқарылыққа берілмейді, керісінше сезімді өзі жетектеп жүреді. Міне, бұл мықтылық!

Осыған ұқсас бір топшыламаны белгілі жазушы Бейсенбай Сүлейменов те білдіріп еді.

– Менің Шымкентке келгенде бірінші іздейтін адамымның қатарында Ертай бар, – деген болатын Бейсекең қаламдас інісі хақында. – Облысты аралағанымда көбіне мені өзі алып жүретін. Зейнетке шыққанынша, солай етті. Бұлай болатыны – екеуіміз пікірлеспіз, көп жағдайда белгілі бір мәселе жөнінде көзқарасымыз бір жерден шығады. Сосын Ертай – өте ұқыпты, жауапты адам, сені ешқашан ұятқа қалдырмайды. Ол мықты журналист. Тамаша стилист. Жақсы психолог. Байқампаз. Суреткер. Юморлары да күшті. Ертерек прозамен айналысқанында, алдыңғы қатарлы жазушы болып кететін еді. Сонымен бірге, қазақ тілі сөздерінің мағынасы жағына қатты мән беретін лингвист. Онда шашырап жатқан бұралқы ой да, шалажансар сөйлем де болмайды. Ал мінезге өте бай адам. Нағыз көркем мінездің адамы.

Бұл тұжырымдарды өзім сыйлайтын екі аға-дос жазушы Ерекеңнің көзі тірі кезінде білдірген. Бұған себеп – олардан суыртпақтап сыр сұраған өзім едім. Негізі, мен осы кезге дейін өзіммен университетте бірге оқыған үш-төрт жігіт туралы мақала жазған екенмін. Кейін осы қалаулылар қатарын көбейтіп, тағы бірқатар курстасымыз жайлы жазуды межелеп жүргенмін. Сол таңдап алған шоқтай шоғырымның ішінде Ертай да бар-тын. Сондықтан ол жайлы жоғарыдағы өзі араласып жүрген ағаларынан пікір сұрағам. Әттең, Ерекең турасындағы эссені оның көзі тірісінде жазудың ыңғайы келмеді. Дегенмен, атын айтуға адамның аузы оңай бара бермейтін ажалдың өзі өмірден өтіп бара жатқан сол адамның тіршілігінде қандай болғанын, айналасында қандай із қалдырғанын, жамағат арасында қаншалықты абырой жинағанын анық көрсетіп беретінін осы кезге дейін талай рет байқап келдік. Осындайда ұлы Абайдың туған інісі Оспан қапияда қайтыс болып жатқанда айтатын «Жақсы өліпсің, япырмай!» дейтін сүлей сөзі еріксіз еске түседі. Әлбетте, қазаның жақсысы болмайды. Бірақ ол ақиқатында бақиға кетіп бара жатқан кісіге баға берерлік безбен бола алады. Міне, осы тұрғыдан келгенде, біз Ерекеңнің жалғанның жүзінен үлкен үлпәтпен аттанғанына, ең бастысы, бекер өмір сүрмегеніне куә болып жүрміз.

Абай жарықтық әлгі жыр-жоқтауында:

«Жайнаған туың жығылмай,

Жасқанып жаудан тығылмай,

Жасаулы жаудан бұрылмай,

Жау жүрек, жомарт құбылмай,

Жақсы өмірің бұзылмай…

Жан біткеннен түңілмей…

Жайдары жүзің жабылмай,

Жайдақтап қашып сабылмай,

Жан біткенге жалынбай,

Жақсы өліпсің, япырмай!», – деп түйдектетіп төгіп өтпеуші ме еді.

Ал осында суырылып сырға айналатын сиқырлы сипаттың бәрі қазір біздің Ерекеңе де арналып айтылып тұрғандай бір әкиет әсер қалдырады.

Біз мұның шын мәнінде солай екенін Ертай марқұмның қазасы жайлы хабар тарап жатқан шақта әлеуметтік желілерден естілген оны жоқтаулар мен көңіл айту жазбаларынан анық аңғардық. Сонда көптеген шәкірттері ол туралы жан толқытатын жүрекжарды лебіздерін білдіріп жатты. Бұдан бөлек, Ерекеңнің қайын жұрты жағынан көрініп, жезделері жөнінде небір керемет теңеулерді төгіп тастаған, оның қазасына қатты қайғырған Алманың іні, сіңлілерінің жазбаларын тебіренбей, толқымай, көзді жасқа шыламай оқымау мүмкін емес еді.

Өткен жылдың қыркүйек айының бас жағында орын алған досымыздың қазасы жайлы қаралы хабардың бірін мен жазып едім. Оның бірі газетте, бірі сайтта жарияланды. Сонда Ерекеңнің тап жоғарыда айтылғандай азамат-ердің сойы болып ғұмыр кешкенін атап өткенбіз. Артынан бажайлап қарап тұрсақ, оның осындай болу салтының себебі бар екен. Ол біз бірге оқып жүргенде-ақ әкесінің ауылда көлік жүргізген қарапайым еңбек адамы болғанын айтатын. Сол Бижігіт ағамыз тіршілігінде ел-жұртына, ауыл-аймағына, ағайын-туысқа қадірменді, сыйлы, аузына көпті қаратқан көшелі кісі болыпты. Биыл ғана жасы 88-ге толған анасы Ырыскүл апамыз жастайынан абысын-ажынның алды болған, қазір кейуана, кемеңгер қарияның кейпінде отыр. Ал Ерекең бір әке, бір шешеден өнген 5 ұл, 3 қыздың тұңғышы, көшбасшысы, соңына ерген іні-қарындастарының қамқоры, ақылшы-кеңесшісі еді.

Тағы бір дерек, Ертай мен Алма курсымыздағы бірімен бірі тіл табысып, махаббат әлемін бірге кезген алты жұптың бірі болды. Олар университетті бітіріп, Қостанайға барғаннан кейін үй болып, шаңырақ құрды. Екеуінің сол кезден ұрығы себілген бір-біріне деген алғаусыз көңілі, мейірім-шапағаты, қылаусыз қамқорлығы, шынайы сүйіспеншілігі тағдыр араларын ажыратқанға дейін сабақты жібі үзілмей жалғасты. Олар қазіргі заманғы баянды махаббаттың бас кейіпкерлері сынды өмір сүрді. Мен Алманың сонау 1975 жылдың күзінде Еңбекшіқазақ ауданындағы «Қырбалтабай» совхозының «Еңбек» ауылында ауыл шаруашылығы жұмыстарына барып, темекі жинап жүрген кезімізде Ертайға деген сезімі қандай пәк, таза, нәзік, шынайы болып көрінсе, мұнысына қазірге дейін сызат түспей, сол қалпында мызғымай тұрғанына титтей де күмәнданбаймын. Екеуінің бір-біріне деген ынтызарлығы қазіргі жастардың кез келгеніне үлгі-өнеге болуға тұрарлық. Мен бұған Ерекең қайтыс болып кеткеннен кейін Алманың айтатын «Біздің қырық жылдан аса жұбайлық жұбымыздың жарасымында маған қол жұмсап, дөрекілік көрсетпек тұрмақ, тіпті бір рет те дауыс көтеріп, қатты сөйлеп көрген жоқ қой жарығым» деген бір ауыз сөзін кепілдікке тартар едім. Осы сөйлеммен-ақ досымыздың жан-дүниесі мен болмыс-бітімі толық танылып, адами образы мен портреті жасалып тұр.

Иә, ер мінезді, ерекше сипатты Ертай Бекқұл жалғанда жарысымы келіскен жарамды жан еді. Соңында қазіргі кездегідей жақтаушылары барда, жоқтаушылары барда оның бұл өмірде қалдырған ізгі іздері әрдайым атап өтіліп, айшықталып көрініп тұрады ғой деп ойлаймын. Жақында Түркістанда өткен Ерекеңді еске алуға арналған алғашқы бильярд турнирі де біздің осы пайымымыздың тура екенін айғақтай түседі.

Серік ПІРНАЗАР

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button