ТҰРПАТЫ БӨЛЕК ТӨРТ КІТАП
Белгілі баспагер, мейірбан меценат, қазақ қаламгерлерінің қамқоршысы, «Атамұра» корпорациясының құрылтайшысы әрі президенті Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммедпен әр жүздесу, әр сөйлесу менің өз басымды дәйімі қуанышты хәлге, әспетті әсерге бөлейді. Себебі, қай кезде де оның жылы жүзінен, шуақты көзінен жақсы ниеттің, адал пиғылдың, шынайы жанашырлықтың шапағы шашырап, лебі есіп тұрады.
Бұл жолы да солай болды. Алдын ала кездесу қошуағына келісіп алғасын, Рақымғали інім маған баспадан жақын аралықтарда жарық көрген төрт кітапты дайындап қойыпты. «Төрт құбылаң тең болсын» деген ілтипатты ишарасы шығар. Бұл төрт кітаптың төртеуі де маған айрықша ұнайтын туындылар болып шықты.
Әлеуметтік желіден таяуда ғана Рақымғалидың топшысы бөлек талантты ақын ғана емес, азаматтық позициясы айқын айтулы адам ретінде де өзім сырттай ерекше сайлайтын Светқали Нұржанның баспадан жаңа шығып жатқан «Өткен күннің өксігі» деген жыр жинағы жайлы ақпарын оқығанмын. Төртеудің ішінде ол да бар екен. Кітапты ашып, парақтап көргеннен ол мені екпіндете еліктіріп әкеткендей болды. Әсіресе, бүгінгі күннің өткір мәселелері хақындағы түйдек-түйдек тұжырымдары бірден санаға барып ұялап қалғандай күй кештім.
Менің жастау, өзімнің де өлең өлкесіне өрмек салып жүрген балаң шағымда алғашқы жұп-жұқа жыр жинақтарымен-ақ алаңсыз баурап алған үш ақын болса, оның бірі – Төлеген Айбергенов, екіншісі – Кеңшілік Мырзабеков, үшіншісі Темірхан Медетбеков еді. «Атамұраның» басшысы маған осылардың арасынан Темірхан Медетбектің «Тағдырлы жылдар жыры» деген кітабын ұсынды. Мен кезінде Темкеңнің сонау 1970 жылы жарық көрген «Жанымның жас құрағы», сосын 1975 жылы шыққан «Алыс шақырымдар» деген алғашқы жинақтарын жата-жастана оқып, талай шумақтарын жаттап алған едім.
Соның ішінде оның:
«Денені талдырып,
шалдыққан термен бір,
сүртеді маңдайды
күс қолы Еңбектің», – деп келетін жолдары жадымды қайта жаңғырды.
Маған Темкеңнің сол кездегі ешкімге ұқсамайтын алабөтен қолтаңбасы мен тың тақырыптары қатты ұнайтын. Жұмысшы қолғабы, «Беломорканал» темекісі, телеграф бағанасы басындағы торғай сияқты ауқымдар адамды еріксіз селт еткізетін. Ол кезде біздің қазақта мұндай мәселелер меселінде нөсерлететін басқа ақын болған жоқ. Содан бері творчествосы ұдайы назарда жүрген белгілі шайырдың жаңа кітабын ерекше қуанышпен қабылдап алдық.
Содан кейінгісі танымал журналист, жазушы Кәдірбек Сегізбаев құрастырған «Бабадан қалған байлығым» атты бастақырыпты мақал-мәтелдер жинағы екен. Шынымды айтсам, менде ертеректе ақын Өтебай Тұрманжанов құрастырып шығарған мақал-мәтелдерден бастап, оның бірнеше қайта басылымы, одан кейінгі тағы бірер автордың жинақтары бар еді. Тіпті 1926 жылы Қызылордада шыққан ең әдепкі топтаманың осы кездергі қайтара басылған нұсқасы да бар-тын. Солардың ішінде Өтебай ақынның қолынан шыққан жинақтар айрықша ұнайтын. Ал мына кітап құрастырушының алғысөзінен бастап көңілге жылы ұялады. Кітап өте бір ұқыптылықпен дайындалыпты. Кейбір жинақтарда кездесіп жүргендей, бір мақал-мәтелдің бірнеше вариантын, немесе белгілі бір жерлерге ғана тән нұсқасын қоса салып, қойыртпаққа айналдырып жіберу мұнда жоқ. Былайынша, мақал-мәтелдер кітабының тағы бір классикалық үлгісі жасалыпты.
Тағы бір ерекше қуантқан кітап «Кәусар бұлақ» деп аталады. Тақырып астында «Анамен сұхбат» деген анықтамасы бар бұл фолиант Рақымғалидың өз анасы Гүлғасыл Нүсіпқызымен шығыстық белгілі журналист Амангелді Бөгісұлы жүргізген сұхбаттар сериясынан құралады. Шынтуайтында, мұны даналықтың мәйегі ретінде де, қазақ этнографиясының экспонаты есебінде де қабылдауға болады. Қарымды қаламгер кейуана апамызбен әр кездескенінде әртүрлі тақырыпта әңгіме өргіздіре отырып, халқымыздың салт-дәстүріне, әдеп-ғұрпына қатысты небір қазыналарды, бүгінде ұмыт болып бара жатқан кейбір үлгілі үрдістерді әдемі кестелі тілмен сөйлетеді. Кестелі тіл демекші, әңгімелесу барысында апайдың аузынан көнеден келе жатқанымен, келеден шығып қалған көптеген тұрақты тіркестер мен образды ойлар түйдектеліп көрініп тұрады. Сонымен бірге, қазірде ұмыт болған, қолданыстан қала бастаған көптеген нақыл сөздер де осы сұхбаттар барысында арнасын тауып, кітаптың соңғы жағынан орын алыпты.
Мен, негізі, Рақымғалидың әкесі Абрар Әкетайұлын да, анасы Гүлғасыл Нүсіпқызын да жеке танушы едім. Жеті атасынан бері текті тұқымнан тараған бұл екі кісіге 2015 жылдың тамыз айында сәлем бере барып, екі күндей қастарында әңгімелерін жата-жастана тыңдағанмын. Екеуінің де көпті көрген, көп нәрсені көкейге түйген зерек, зерделі, зайырлы, құймақұлақ, туабітті шешен, кең ауымды кісілер екені ерекше тәнті еткен. Сонда-ақ олардың нағыз абыз, асылзада, ақылман адамдар екендеріне көз жеткізіп, көңілімді толқытып қайтқанмын. Оның үстіне, Гүлғасыл апай менің нағашы апам – тарақтының қызы болып шықты. Бұл фактор да мені ерекше қуантқан оқиғалардың бірі болды.
Негізі, осы сөз етіліп отырған кітаптар жөнінде кейін кең отырып көсіліп, жеке-жеке талдау мақала жазуға әбден болады. Әсіресе, «Кәусар бұлақ» жайында айтатын нәрсем жеткілікті сияқты. «Атамұра» шынында ата-бабамыздың мұрасындай бола алатын тағы бір жақсы дүниені жарыққа шығарыпты. Мұнда сұхбатты сыр суыра отырып, сыздықтата жүргізген авторға да бөлекше алғысымызды білдіріп қойғымыз келеді.
Алла жазса, сәл кейінірек бұл тақырыпқа қайта ораламыз деген ойдамыз.
Ал әзірге қысқаша ғана айтарым осы, ағайын.
Серік ПІРНАЗАР