Франция, Италия, Германия, Румыния соғыста Украинаға көмектеседі
КИЕВ. 16 маусым. Франция, Италия, Германия және Румыния лидерлері Ресей басқыншылығына қарсы соғысып жатқан Украинаға көмек беретіндерін айтты. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Бүгін Украина байтағына Франция, Италия, Германия және Румыния елдерінің басшылары Эммануэль Макрон, Марио Драги, Олаф Шольц және Клаус Йоханнис келді.
Меймандармен кездесу кезінде Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің бейбітшілікті емес, тек соғысты қалайтынын, бар мақсаты Украина мен Еуропа одағын қирату болып отырғаны баяндады. «Ресей әлемге Еуропа бірлестігінің тиімді болуға қауқарсыз екенін көрсетіп, еуропалық құндылықтардың азаттықты қорғап қала алмайтынын дәлелдегісі келеді», – деді ол.
Баспасөз мәслихатында Италия премьер-министрі Марио Драги Ресеймен бейбіт келісім тек Украинаны қанағаттандыратын сипатта ғана жасалуы тиіс екенін мәлімдеді. Ол өзінің сөзінде сапар барысында Украина тұрғындарының келер күннен зор үмітті екендерін байқағанын әңгімелеп, енді өздерінің «Украинаның өз болашағын өзі қалағандай етіп құруларына көмектесулері керек» екеін айтты. Ол сондай-ақ Италияның Украинаға соғыста бүліншілікке ұшыраған инфрақұрылымдарын жөндеуге жәрдем беретінін жеткізді.
Кездесуде Германия канцлері Олаф Шольц 800 мың украин босқындарының қазір өз еліне келгенін айтып, мемлекеттің олардың жағдайларын жасайтындарына сендірді. Ол сонымен бірге таяу күндерде қару жеткізуді бастап кететінін, оның тағы жалғасы болатынын баяндады.
Франция президенті Эммануэль Макрон жақын уақытта француз артиллериясының флагманы – өздігінен жүретін Caesar зеңбіректерінің қосымша тағы алтауы келетініне уәде етті.
Төрт елдің басшылары Владимир Зеленскиймен кездескеннен кейін Украинаға Еуропа одағына мүшелікке кандидат статусын беруді жеделдету керек екенін мәлімдеді.