Сикорски: Батыстың Украинаға ядролық қару беруіне болады
ВАРШАВА. 12 маусым. Еуропарламент депутаты Радослав Сикорски Батыстың өзін өзі қорғауы үшін Украинаға ядролық қару бере алатынын мәлімдеді. Бұл туралы «Коммерсантъ» хабарлады.
Польшаның бұрынғы Сыртқы істер министрі, қазіргі Еуропарламент депутаты Радослав Сикроски мұның Украинаның өз тәуелсіздігін қорғап қалуы үшін керек екеніне тоқталды. Ол мұнда Украина өз қауіпсіздігіне кепіл берілгеннен кейін ядролық қарудан бас тартатыны жөнінде қол қойған Будапешт меморандумының ережесіне сілтеме жасады.
Депутаттың пікірінше, Ресей қазір осы құжаттағы өз міндеттемесін бұзып отыр.
«Украина 1994 жылы Будапешт меморандумына қол қойғаннан кейін өзінің ядролық әлеуетінен түгел бас тартты. Қазір ресейліктер мен тағы біреулер онда ешқандай кепіл берілмегенін, бірақ мұның орнына Украинаның КСРО кезінде белгіленген шекарасы аумағында тәуелсіз ел болатыны айтылған деп түсіндіреді», – деді Сикорски мырза «Экспрессо ТВ» телеарнасына берген сұхбатында.
«Бірақ Ресей осы Будапешт меморандумын бұзғандықтан, біз Батыстың Украинаға ядролық оқтұмсықтар беруге құқығы бар деп есептейміз. Ол осылайша өзінің тәуелсіздігін қорғап қала алады», – деді ол сосын.
Украина президенті Владимир Зеленский 19 ақпанда Мюнхен қауіпсіздік кеңесінде сөйлеген сөзінде Украинаның ядросыз мемлекет болу статусынан бас тартпауы үшін Будапешт меморандумы шеңберінде кеңесу керектігін алға тартқан болатын.