ҰҚКҰ саммитінде Путиннің оқшауланып қалғаны байқалды
МӘСКЕУ. 16 мамыр. Бүгін Ресей байтағында өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімшарт ұйымы саммитінде Путиннің оқшауланып қалғаны байқалды. Бұл туралы The New York Times хабарлады.
Мерекелік саммитте Владимир Путиннің тіпті өз көршілері арасында да бұрынғыдай бола алмай қалғанын аңғару қиын емес еді. Жиынның телевизиялық бөлігінде ұйымға мүше елдер лидерлерінің Лукашенко мен Путиннен басқасы Украина жайында бір ауыз сөз айтпады.
РФ президенті ҰҚКҰ мерекелік саммитіне Армениядан, Беларусьтен, Қазақстаннан, Қырғызстаннан және Тәжікстаннан «пікірлестерін» шақырды. Кездесу кезінде ол Украинадағы соғыс жайлы сөз бастап еді, бірақ онысына Беларусьтен басқа ешкім қолдау көрсете қоймады, сөйтіп, әңгіме жалғасын таппай қалды.
«Путин Кремльдің алтын жалатқан залында НАТО-ға жауап ретінде құрылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімшарт ұйымының саммитін өткізді. ҰҚКҰ осында өзінің іргесі қалануының 30 жылдығын атап өтті. Бірақ мерекелік сипатта өтуге тиісті жиын бірден Путиннің тіпті Ресейдің көршілері ортасында да тез оқшауланып қалуына ұласып кетті», – деп жазды Беларусьтің оппозициялық NYT сайты.
Путиннің Украинадағы қанқұйлы жауыздық әрекеттерін тек Беларусьтің иіс алмас президенті Александр Лукашенко ғана қолдаған сияқты. Саммиттің телевизиялық бөлігінде бірінші болып сөйлеген Лукашенко ҰҚКҰ-ның басқа мүшелерін Ресей мен Беларусьті батыстың санкциялары алдында жеткілікті қорғай алмай келе жатқандары үшін сынға алды. Ол өзінің сөзінде ұжымдық ұйымның биылғы қаңтар айында Қазақстанда қарсылық қозғалысы басталып кеткен кезде жергілікті үкіметке қолдау көрсету үшін әскер жібергенін еске салды. Ал қазір бұлардың бәрі «Украинадағы соғысы кезінде Ресейдің бір өзін қалдырып» отыр деген өкпе білдірді.
«Біз қазір дәл сондай ынтымақ пен қолдау арқаулары арқылы байланыс түзіп отырмыз ба? Бәлки, мен қателесетін де шығармын, бірақ соңғы уақыттардағы оқиғалар мұның бұлай емес екенін көрсететін сияқты», – деді ол Қазақстан үкіметінің РФ-ға санкцияны айналып өтіп, көмек беруден бас тартқанына ишара жасап.
2 наурызда БҰҰ-да РФ-ның Украинаға басып кіруін айыптау жөнінде дауыс беру жүргізілген кезде Ресей жағына шыққан жалғыз посткеңестік ел Беларусь болды.
«Қараңыздаршы, Еуропа Одағы қалай мызғымай дауыс беріп, әрекет жасайды. Егер осылай бөлінетін болсақ, біздің әрбірімізді олар үстімізден басып өте шығады», – дегенді қосты сосын Лукашенко.
Осындай сындар айтылғанына қарамастан, бұдан кейін сөйлеген ҰҚКҰ мүшелері – Армения, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің лидерлері өздерінің телевизиялық сөздерінде тіпті Украинаны ауызға да алған жоқ.
Басылым РФ-ның Украинаға басқыншылықпен басып кіруі ұжымдық ұйым елдері мүшелерін өте қиын жағдайда қалдырғанын атап көрсетті. Олардың бәрі Ресеймен тығыз экономикалық және әскери байланыста отыр, бірақ Путиннің өз елінің сыртқы саясатын Мәскеуден тысқары жерлерге ендіру үшін егемен Украинаның территориясына басып кіргені бұлар үшін мүлде күтпеген және қолайсыз жәйт болды.
«Путин саммитте сөйлеген сөзінде «Украинада баяғыдан неонацизм өктемдік құрған» деген өтірігін алға тартып, тағы да өзінің агрессиясын ақтап алуға тырысты. Бірақ Швеция мен Финляндияның НАТО-ға кіруге талпыныс білдірулері мәселесіне келгенде, бұрынғыдай ат-тонын алып туламай, оны барынша салмақты безбендеуге ұмтылып бақты, оның мұнысы енді өзінің Батыспен арадағы эскалациясын шектегісі келетінін көрсетті», – деп жазады АҚШ газеті.
Путин Финляндия мен Швецияның НАТО-ға кіру жөніндегі шешімдеріне тоқталғанда, Ресейдің «бұл мемлекеттермен проблемалары жоқ» дей келіп, НАТО-ның осы екі елдің есебінен ұлғаюы «бізге тікелей қатер төндіре алмайды» деп атап өтті.