Ресейде соңғы үш күнде үш әскери комиссариат отқа оранды
МӘСКЕУ. 17 мамыр. Ресей Федерациясы аумағында соңғы үш күннің ішінде үш облыстың әскери комиссариатын жұрт қолдан отқа орады. Бұл туралы «Белсат» хабарлады.
Айтылып отырған оқыс оқиғалар Волгоград, Рязань және Ростов облыстарында орын алған.
Әдепкі өрт 13 мамырда Ростов облысының Гуково елді мекенінде белгісіз біреулер әскери комиссариатқа от қойған. Түнгі сағат 2 шамасында қара киім киген екі адам тұтанғыш сұйығы бар бөтелкені Красная горка көшесіндегі комиссариат ғимаратына лақтырып, қашып кеткен. Бірақ ол кең ауқымды алып үлгермеді, біраздан кейін комиссариат қызметкерлері өртті өздері өшіріп алды.
Рязань облысының Пронск қаласынла 14 мамыр күні түнде белгісіз біреулер әскери комиссариат үйінің терезесін сындырып, есігіне от қойып кетуге әрекет жасаған. Алайда, от лаулап үлгермеді, есіктің жанып жатқанын көрген күзетшілер оны өздері өшіріп алған.
Волгоград қаласының Совет аудандық әскери комиссариаты 15 мамыр күні түнде жоғарыдағыдай шабуылға ұшыраған. Өрт үйдің шатырында басталған. Тілсіз жау 16 шаршы метр жерді залалдап үлгерген.
Жалпы, Украинадағы соғыс басталғалы Ресейдің әр түкпірінде осындай ондаған оқиғаның орын алғаны айтылып жатыр. Оны қоюшылар соғысқа осылай өз қарсылықтарын білдіріп келген болса керек.