Ташкент трамвай желісін қайта қалпына келтіргелі жатыр
ТАШКЕНТ. 26 сәуір. Өзбекстан байтағында трамвай желісі қайтадан қалпына келтірілетін болып шешілді. Бұл туралы «Газета.uz» хабарлады.
Тасты қалада рельсті көлік жүйесін Беларусь мемлекетінің мамандары жүзеге асыруы мүмкін.
Беларусь премьер-министрі Роман Головаченко Ташкент трамвай құрылысы жобасына қатысуға өздерінің дайын екенін білдірді. Белорус тарапы жылжымалы құрамды жоспарлауды және жеткізуді, оның инфрақұрылымын шешуді бірге атқаруды ұсынады. «Егер осындай шешім қабылданар болса, біз Өзбекстанда өндіріс жасау мүмкіндігін қарастырамыз», – деді премьер.
Мұндай мәлімдеме Беларусь премьер-министрі Роман Головаченконың Ташкентте Өзбекстан Үкіметінің басшысы Абдулла Ариповпен 25 сәуір күні өткен кездесуі барысында жасалды.
Ташкентте 25-27 сәуір аралығында «Иннопром Орталық Азия» атты халықаралық өнеркәсіптік көрме өтіп жатыр.
Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек оңтүстік мегаполистегі трамвай желісін біржола құртып, оның «түбіне су құйып кетті», ал Өзбекстан астанасы оны қалпына келтірудің әрекеттерін жасап жатыр.