Путин де «халықаралық бандылар» туралы тәкпір таратты
МӘСКЕУ. 10 ақпан. Владимир Путин Кремльде өткен Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі барысында қаңтардың басында Қазақстанға «халықаралық бандылардың» шабуыл жасағанын мағлұм қылды. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
Ресей мен Қазақстан Президенттерінің келіссөзі кезінде ол қарақшылардың «жағдайды пайдаланып, республикаға басып кіргенін» тәкпір етті.
«Біз Жаңа жылдың алдында кездескен кезімізде мұндай оқиғалардың боларынан хабар беретін ештеңе байқалған жоқ. Бірақ соған қарамастан, жағдай тез қалпына келтірілді, өзіңіз білетіндей, Ресей ҰҚКҰ елдерінің бірі ретінде, келісімшарттың төртінші бабына сәйкес, Қазақстанға өз иығын тосты. Бірақ, әрине, басты рөлді Қазақстаннның өз ісіне берілген, анты мен халқына адал басшылығы атқарды», –деді ол.
Ресей лидері бұған болған оқиғалардың зардаптарын жою үшін көп күш жұмсауға тура келетінін, дегенмен, елдің табанынан тік тұрып кететінін қосты.
«Шынында бұл ең алдымен конституциялық құрылымды түгел қирату, сонымен бірге, әрине, мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатын көздеген халықаралық терроршылардың мұқият дайындалған акциясы болып шықты», – деп оның ойын толықтырды Тоқаев.
Қазақстан Президенті митингілер кезінде құрбандыққа ұшырағандардың көп болғанына өкініш білдірді. «Бірақ бұл жағдайлардың бәрі тексерілуде, оларға кінәлі адамдар түгел жазаға тартылады», – деді сосын.