Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Семейде полицейлер алып кеткен екі азамат та аман шықпады

СЕМЕЙ. 10 ақпан. Семейде полиция департаментінің қызметкерлері ұстап алып кеткен екі жігіт те ол жақтан тірі шықпаған. Бұл туралы «Азаттық» радиосы хабарлады.

Алдымен 6 қаңтар күні Жандос Жотабаев, 10 қаңтарда Елдос Қалиев ұсталған. Екеуі де полицияның уақытша ұстау мекемесінен тірі шықпаған. Денесінде ұрып-соғу ізі қалған қос азамат та жұмбақ жағдайда көз жұмған. Екеуі де айуандықпен өлтірілген…

26 жастағы Елдос Қалиев оқуы мен геолог қызметін қатар алып жүрген. 10 қаңтарда жолдастарымен бірге досының әке атанып, нәрестелі болғанын тойлаған. Түнде қаңтар наразылығына байланысты енгізілген комендант сағаты басталғаннан кейін Елдос үйіне қайтқан…

Елдостың ағасы Айдос інісінің комендант сағаты тәртібін бұзғаны үшін ұсталуы мүмкін екенін 11 қаңтарда білген. Бірден Елдосты іздеп, полиция басқармасына барған. Полиция басқармасы ауласынан Елдостың көлігін көрген. Бірақ Айдосты ішке кіргізбеген.

«Бір сағат ішінде екі адам шығып, «ініңіз түнде ұсталды, полицияға қарсылық көрсетті, тінту кезінде көлігінен таяқ пен граната табылды, қарсылық үстінде көз жұмды» деді. Ішкі істер басқармасына өз аяғымен кірген адам тірі шықпай отыр. 12 [қаңтарда] сүйегін алып кеттім. Мұрны, қабырғасы, сол жағы толық сынған, омыртқасына үшкір зат тыққан, белінен төмен қарай аяғының арты түгел көгеріп, қанталап кеткен, басында да дәл сондай жарақаттар бар», – дейді ол.

Елдостың денесін көрген жақын досы Талғат Исламов та марқұмның азапталып өлгенін айтады. Ол көзімен көргенін былай сипаттайды:

«Басқаша айта алмаймын: оны өлтірген. Медициналық сараптама жасаттық, қабырғасы денесіне кіріп кеткен, бір аяғы түгел көгерген, басы жарылған. Бүкіл денесінде тепкінің ізі бар. Тырнақтарының астына ине жүгірткен. Мұндайды бірінші рет көрдім. Шымыр жігіт емес еді, салмағы 60 килограмға да жетпейтін. Адамды осынша айуандықпен өлтіру деген… Сараптамада «асқазаны орнынан жылжып кеткен» деді. Әр тырнағына ине тыққан. Қаныпезер, тіпті фашистің өзі бұлай жасамайды ғой. Халыққа ант берген құқық қорғау органдары мұндайға қалай барды?» – дейді Исламов.

Ол сараптаманың алдын-ала нәтижесімен танысқан. Бірақ марқұмның отбасы мен жақындары әзірге сараптама қорытындысын алмаған.

«Басында «сараптама қорытындысын ішкі істер басқармасынан алып кетесіздер» деді, кейін ішкі істер департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасына, соңында жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне сілтеді. Енді «күтіңіздер» деп отыр», – дейді Исламов.

Ол досына «террорист» деген жалған айып тағуы мүмкін деп қауіптенеді.

«Жаңа үйленіп, балалы боламыз деп жүрген жігіт еді. Оның сөзін үлкен де, кіші де, әріптестері де, айналасындағылардың бәрі тыңдайтын. Өзін тек жақсы жағынан көрсететін. Енді оны террорист етіп шығару үшін «таяқ пен граната тауып алдық» деп отыр. Ондай ештеңе болған жоқ», – дейді Исламов.

Семейдің 36 жастағы тұрғыны Жандос Жотабаев 6 қаңтарда «митингіге қатысқаны үшін» ұсталған. Жандостың сыңары Ердос бауырының екі күн бойы орталық полиция бөлімшесінде отырғанын айтады.

«Орталық полиция бөлімшесінен хабарласып, «тергеушіге жеке куәлігін әкеліп беріңіз» деді. Тергеуші жеке куәлігін алып, «бауырыңыз видео түсірген, адамдарды митингіге шақырған, әкімдікке кірген» деп айтты. Не болғанын білмеймін, бар айтқаны – осы», – дейді Ердос Жотабаев.

8 қаңтарда Жандосты уақытша тергеу изоляторына ауыстырған.

«Ол жаққа ешкімді, тіпті адвокаттарды да кіргізген жоқ. Ата-анамыз барып, жылы киім беріп жібермек болды. Бірақ ондағылар «бұл жақ жылы, тамағы да тоқ» деп қайтарып жіберген… Қаңтардың сегізі мен он жетісі аралығында уақытша тергеу изоляторында отырды, содан кейін оны көрген жоқпыз», – дейді Жотабаев.

17 қаңтарда уақытша тергеу изоляторының қызметкерлері жедел жәрдем шақырған. Медицина қызметкерлері Жандос Жотабаевтың өлімін тіркеген.

«[Жедел жәрдем қызметкерлерінің] «біз келген кезде науқас жан тапсырып үлгерген» деген қағазы бар. Ресми ақпарат берген жоқ. Мүрдесін суретке түсіріп алдық, үсті-басы көк ала қойдай. Сау жері жоқ. Денесін тілген кезде плеврит, бір [өкпесінде] 750 [миллилитр], екіншісінде 251 миллилитр сұйық зат бар» деген қорытынды жазып берді. 11 қабырғасы сынған. Бұл қағаздың қайда екенін білмеймін. «Соңғы қорытынды бір айдан кейін беріледі» деді. Бірақ онда не жазылатынын білмеймін, өзіңіз де түсініп отырсыз ғой», – дейді Ердос Жотабаев.

Еске сала кетейік, биылғы 2 қаңтар күні Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаевтың бұйрығымен полковник Бағдатов Әлібек Болатұлы Семей қалалық полиция басқармасының бастығы болып тағайындалған еді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button