Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Полицейлердің мақсаты халықты үрейде ұстау болған – Құспан

ТАЛДЫҚОРҒАН. 4 ақпан. Белгілі заң қорғаушы Абзал Құспан (төменгі суретте) Талдықорғанда қамауда отырған Азамат Батырбаевтың қазіргі жағдайына байланысты мәлімдеме таратты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Талдықорғанда Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатуға қатысқан Азамат Батырбаевтың атағы оны уақытша ұстау абақтысында полицейлердің әбден қорап, денесіне қыздырылған үтікті басуларынан кейін қалың елге тарап кетті.

«Қазір қалың ел Талдықорған қаласында қамауда отырған Азамат Батырбаевтың тағдырына алаңдаулы екені белгілі. Күні кеше, 2 ақпан күні, біздер, «Аманат» комиссиясының мүшелері Талдықорған қаласының тергеу изоляторында болып, Азаматпен жүздесіп, тілдесіп, оған қатысты іс құжаттарымен танысып шықтық. Азаматқа елдің алаңдап, тілегін тілеп отырғанын жеткіздік. Бірден басын ашып айтарымыз, Азаматты сабағандары да, қорлағандары да, азаптағандары да, үтік басып қинағандары да рас! Өз көзімізбен көрдік, өз аузынан естідік», – деп жазады Абзал Құспан.

Айтуынша, тексеріс нәтижесі бойынша комиссия мүшелері екіұдай ойда қалған.

Оқиғаның жалпы нобайы мынадай:

  1. 10 қаңтар күні Азаматты және 7 ауылдасын полиция қызметкерлері Қапал ауылынан ұстап, Талдықорғандағы полиция департаментіне (ДВД) алып келген. Сол жерде 1 тәуліктен астам уақыт оны ұрып-соғып азаптаған, арқасына ыстық үтік басқан.
  2. 11 қаңтар күні полиция қызметкерлерінің өздері жедел жәрдем шақырып, Азамат 9 күн ауруханада жатып ем алады.
  3. 20 қаңтар күні ауруханадан шығып (!), ауылына кетеді.
  4. 22 қаңтарда денсаулығына қатты зақым келуі себепті, емделу үшін Алматы қаласына баруға дайындалып отырғанда оны қайтадан полиция Департаментіне шақырып, жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқансың деп, қайта ұстайды.
  5. Сол күні қалалық ішкі істер Басқармасының ИВС-ында, полиция департаментінде азаптаған, әзірге жеке бастары анықталмаған полицейлер келіп, Азаматты тағы сабайды.
  6. Кейін оны Талдықорған тергеу оқшаулығышынаа ауыстырған. Жалпы тәртіп бойынша, мұнда қамауға алып келгендердің үсті-басын тексеріп, жарақаттар бар-жоғын қарайды, бұл міндетті шара. Азамат алғашында өзін ұрып соғып, азаптаған полицейлерге арыз жазудан бас тартқанымен, сол кезде Азаматтың дене жарақаттарын көрген прокуратура органдары 26 қаңтар күні бұл жағдайды тергеп- тексеру үшін Антикорға жолдаған.
  7. 28 қаңтар күні Антикор бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 146-бабының 1-бөлігімен, яғни азаптау бабымен қылмыстық іс қозғайды.

«Бұны тәптіштеп жазып отырғанымыз, Азаматтай батырымыздың тағдырына алаңдаулы еліміздің, қайта қайта Азаматтың жағдайын сұрап жатқан ағаларымыздың алдындағы Аманат комиссиясының алғашқы есебі деп біліңіздер, – дейді бұдан әрі адвокат. – Енді бұл не өзі? Бұл өкінішке орай, құқыққорғау қызметкерлерінің әдетіне айналған, айыптан тайып қолдарына түскен, тырнақтарына іліккен адамдарды ұрып-соғу ма? Азаматтан қандай да бір өш немесе кек алу ма?»

«Жоқ, біздің ойымызша, бұл нағыз халыққа жасалған қастандық, – деп атап көрсетеді құқық қорғаушы. – Бұл әрекеттерді ол адам бейнесіндегі айуандар, Азаматқа тән жарасын жасау үшін жасаған жоқ, бұны олар халыққа жан жарасын салу үшін жасаған! Бұл Азаматты сабау емес, бұл бүкіл калың елді сабау! Бұны жасағандар кімдер, қандай пиғылмен жасады, кімнің бұйрығымен жасалды, оны тергеушілер анықтай жатар.

Бірақ, біздің пайымдауымызша, бұл осынау еліміздегі орын алған сын сағатты пайдаланып жасалып отырған нағыз диверсия, нағыз арандатушылық. Мақсат не? Біздіңше, мақсат елді ашындыру, халықтың наразылық температурасын көтеру. Әрине, бұл жазып отырғанымыз болжам ғана. Бірақ, біздің осы болжамымыздың шындыққа жанасатынын дәлелдейтін бірнеше көзге ұрып тұрған мәселе бар. Неге Азамат, неге басқа ұсталғандар емес деген сұрақ туады. Оның жауабы ел арасында да, әлеуметтік желіде де тап осы Азаматты Назарбаевтың ескерткішін құлатқан деген әңгіме көп тарап жатыр, яғни Азамат ескерткішті ғана емес, режимді құлатқан символ іспеттес боп тұр. Басқа адам азапталса көп оқиға арасында көзге түспей қалуы мүмкін, ал мына ән, басқа әннен өзгерек…».

Абзал Құспан мынадай сұрақтар қояды: Әншейінде қолдарына бір түскендерден оңайшылықпен айырыла қоймайтын полицейлер неге оған бірнеше күн әуелі ауруханада, содан кейін үйінде болуына, денесіндегі азаптау іздерін емін-еркін фотоға, видеоға түсіріп, кейіннен оны әлеуметтік желіге таратуға мүмкіндік бере қойды? Тек содан кейін ғана, азаптаулардан 11 күн өткен соң қамайды? Және қамардың алдында Азаматтың тән жарасы жазылып кетпесін, азаптауларды ұмытып кетпесін дегендей, тағыда бір жақсылап тұрып сабап алады. (Азамат өзі батыр тұлғалы, өр мінезді жігіт екен. Батыр әдетте аңғал, кең пейілді болып келеді ғой. «Бас жарылса бөрік ішінде» деп жүре беретін. Азаматтың, әп дегеннен ешкімге арызданбағаны да содан болар)

«Әрине, арыстай азаматымыздың арқасына ыстық үтік шыжғырып азаптау кім-кімнің де ашу-ызасын тудырары анық. Бақай есеп сонда жатса керек. Сондықтан, «Аманат» комиссиясы, Қазақстан Республикасы Президенті Тоқаев мырзадан осы оқиғаны жан жақты тексеруді жеке бақылауына алуды сұраймыз!», – деп бір түйіндейді Абзал Құспан.

Тағы бір маңызды мәселе: Абзал Құспанның анықтағанындай, осы кезге дейін Азаматқа Назарбаевтың ескерткішін құлатқаны үшін қылмыстық іс қозғалмаған екен, ондай айыптау жоқ. «Әзірге жоқ. Кейіннен пайда болып жатпаса», – дейді ол.

«Бірақ, егер кейіннен осындай айып тағылған жағдайда, ол үлкен қате болатынын билікке ескерткіміз келеді. Баяғы Советтер заманында, бір кемпірдің үйінің төрінде ілулі тұрған «мұртты көсем» Сталинның портреті, шегесі осал болды ма, жібі әлсіз болды ма, әйтеуір, жерге құлап күл-талқаны шығыпты. Содан әлгі кемпірді Сталин жолдасты қаскөйлікпен құлаттың, халық жауысың деп соттаптымыс. Егер Азаматты тап Назарбаевтың ескерткішін құлаттың деп соттаса, тура осының кері болады», – деп қорытындылайды адвокат.

Комиссия облыс прокуроры алдына Азаматты босату туралы өз ұсынысын енгізді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button