«Қараңғы бөлмеден қызылордаша қара мысық іздеу»
ҚЫЗЫЛОРДА. 3 ақпан. Қызылорда облысы полициясының бастығы Бектөре Сұлтан әлеуметтік желідегі бір пікірден «мемлекеттің іргесі беріктігіне қатер төндіретін қауіп тауып», кешелі бері дүйім елді дүрліктіріп жатыр. Бұл туралы әлеуметтік желідегі жазбаларға сүйенген rast.kz хабарлады.
Сөйтсек, аймақтың бас полицейін шырт ұйқыдан атып тұрғызған шатақ облыстық мәслихаттың депутаты Аида Әбибуллаева Facebook әлеуметтік желісінде жазған газ бағасының аса қымбат екендігі жөніндегі пікір екен.
Жергілікті депутат мұны мынадай жолдармен жазып көрсетеді:
«Барлық талап өте орынды!
Газ, мұнай өндіріп отырып, бағасының аса қымбат болуы – бұл нонсенс!
Жанар май қымбаттаса басқа өнімнің де, азық-түліктің де қымбаттайтыны айдан анық!
«Халық үніне құлақ асатын үкімет» қайда? Жағдай күрделі.
Халықтың барлық ұсынысы естіліп, дұрыс шешім қабылдауын талап етеміз!
Біздің өңірдегі бағалар да төмендетілсін!»
Міне, былайынша қарағанда, қоғамға да, адамға да келтіретін зәрредей залалы жоқ, еш кінәратсыз, керісінше облыс тұрғындарына жаны ашыған адамның жайын байқататын жарияланымды көргенде, өңір тәртіп сақшыларының командирі қасқырға кезіккен ешкідей аттандап ұмтылып, облыс әкімдігіне жетіп барады.
Соның арқасында оның тарапынан мынадай «шедевральный шығарма» өмірге келіпті:
«Құрметті Гүлшара Наушақызы! Өзіңізге де белгілі, ағымдағы жылдың 4-ші қаңтарынан бастап, еліміздің бір қатар қалаларында оның ішінде, өзіміздің облысымызда заңсыз шерулер ұйымдастырылып, арты жаппай тәртіпсіздікке ұласты.
Әлі де болса, құқық бұзушылық жасаған тұлғаларды анықтау мақсатында, құқық қорғау органдарымен мониторинг жүргізу барысында, еліміздің лауазымды тұлғаалардың да халықты шеруге белсене ат салысуға шақырып жатқандығы анықталды.
Олардың бірі Әбибуллаева Аида, облысымыздағы «Қазпошта» акционерлік қоғамының директоры әрі, облыс мәслихатының депутаты бола тұра, өзінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі «Aida Abibullaeva» атты парақшасында, 5 мыңға жуық оқырманына халықты үкіметке қарсы қою жөнінде арандатушылық жазба (пост) жариялаған.
Сондай-ақ облысымыздағы «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Халыққа қызмет көрсету орталығы» директорының орынбасары Айдын Қайруллаев, өзінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі «Айдын Қайруллаев» атты парақшасында да 5 мыңға жуық оқырмандарына «қала тұрғындарының пікір білдіруге жиналуы» атты тақырыпқа өзінің халықты үгіттейтін жазбасын (пост) жариялаған.
Елімізде ерекше рөлі бар тұлғалардың әлеуметтік желіде азғындық пікір жариялағандары, қызметтегі теріс қылық әрекетіне жататыны анық.
Осыған байланысты. Өзіңіздің тарапыңыздан жоғарыда аталған тұлғаларды Заң шеңберінде қатаң жазаға тартуыңызды сұраймын».
Ал, керек болса!
Бас полицей бұдан да «қауіп-қатердің ізін» көріп қала ма деп, біз осы жерде оның облыс әкіміне жазған үшбу хатының стилистикалық, грамматикалық және орфографиялық қалыптарын сол күйі сақтап, орынсыз қойылған қаптаған үтірлеріне дейін тиіспей беріп отырмыз.
Енді облыстың бас полицейінің дегбірін қашырып, облыс әкіміне жетіп баруына себеп болған екінші тұлға – Айдын Қайруллаев пікіріне де көз салып өтейік:
«Баға тұрақсыздығы тек Маңғыстауда ғана емес, бүкіл облыста орын алып жатыр. Сол себепті арнайы комиссия тек Маңғыстауда ғана емес, республика көлеміндегі жағдайды қарастыруы қажет. Қызылордалықтар да өз үндерін қосуда».
Міне, Қызылорда облысы полициясы департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан өзінің «ел үшін еңіреп жүрген ер» екенін осылай көрсетіпті. Бірақ біз қолымызға шырақ алып тұрып іздесек те, бұл екі мәтіннің ешқайсысынан арандатушылықты да, бүліншілікке шақырушылықты да, мемлекетке төніп тұрған қатерді де көре алмадық. Ал моральдық мазмұнда ғана қолданылатын азғындықтың бұл жерде иісі де жоқ. Шамасы, полициядағылардың мораль, гуманизм, азғындық жөніндегі ұғым-түсініктері жалпыға ортақ адамзаттық пайымнан мүлде бөлек болса керек.
Сосын бір жағы бұл хатты бас полицейдің өз инициативасымен жазып отырғанына да онша сенгің келе бермейді. Әлде еліміздің бірқатар облыстарында департамент басшыларының ауысып жатқанын байқағаннан кейін әнтек көрсетіп жатқан белсенділігі ме екен бұл?
Қалай дегенде де, ол мына жағдайда қытайлықтар айтатын «жоқ қара мысықты қараңғы бөлмеден іздегендей» болыпты да шығыпты. Әйтпесе, халықтың сайланбалы өкілі болып табылатын депутаттың құзыретін былай қойғанда, жай қарапайым адамның өзі күнделікті тұрмыс-тіршілігінің өзегі саналатын әлеуметтік мәселеге байланысты бір ауыз пікірін білдіре алмайтын болса, ол мына қоғамда несіне өмір сүреді? Сонда, халықты бұдан да сүмірейтіп жібергіміз келсе, қазақтың атадан келе жатқан «құлдан да бір ауыз сөз» дейтін «даты» қайда қалады? Ал қаңтар бүлігіне ең ілкі себепші болған газ мәселесін қызылордалықтар қағаз жүзінде ғана көтеріп, өздеріне де назар аударуды сұраса, оның қай жағы тәртіп бұзушылық?
Облыстық полиция департаменті басшының бұл мәлімдемесі, әлбетте, әлеуметтік желідегі қауымды бей-жай қалдыра алмады. Мысалы, блогер Мұрат Балабай өзінің осыған жауап есебінде жазған жазбасына «1937 әлде 2022 ?» деген бастақырып қойып алып, былай деп баяндайды:
«Бүгін тыныш жатқан Қызылорданың әлеуметтік желісін ақпарат «жарды». Оған түрткі – Қызылорда облысының полиция бастығы Бектөре Сұлтанның аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықоваға жазған хаты. Хатта екеудің жазбасы баяндалыпты. Бұл не жазбалар болды, онда не жазылыпты?
4 қаңтарда Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Аида Әбибуллаева өзінің Фейсбук парақшасында «Халықтың барлық талабы өте орынды. Мұнай, газ өндіріп отырып, бағасының аса қымбат болуы – бұл нонсенс» деген пікір білдірген екен.
Ал облысқа танымал азамат Айдын Қайруллаев «Баға тұрақсыздығы тек Маңғыстауда ғана емес, бүкіл облыста орын алып жатыр. Сол себепті арнайы комиссия тек Маңғыстаудағы ғана емес, республика көлеміндегі жағдайды қарастыруы қажет» деп жазыпты.
Облыстық полиция бастығы Бектөре Сұлтан бұл екі азамат «халықты шеруге белсене ат салысуға шақырды», «халықты үкіметке қарсы қою жөнінде араңдатушылық жазба», «азғындық пікір» жариялады деп, аймақ басшысынан «қатаң жазаға тартуды» сұрапты.
Мен, бұл жазбаларда қос азаматтың «халықты шеруге шақыруын» немесе «халықты үкіметке қарсы қоюын» немесе «азғындық пікірін» байқамадым. Олардың жазбалары қоса тіркелді. Таныссаңыздар болады.
Мұнай өнімдерінің, газдың бағасының өсуі жалған болса, неге президент Қасым-Жомарт Тоқаев «бағаның күрт өсуін шектеу тетіктерін енгізу қажет» екендігін атап өтіп, Бас прокуратураға бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, «бағалық сөз байласу мен өзге де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізуді» тапсырды? Неліктен Энергетика министрінің орынбасары, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Жаңаөзендегі «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС директоры қамауға алынды?
Жазаға тартатындай Аида Әбибуллаева Маңғыстаудан сайланған Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннен артық не айтты? Халықтың жан-айқайын мәслихат депутаты көтермегенде кім көтереді? Аида Әбибуллаева осы мәселені Мәжілістің мінберінен көтергенде, мұндай қайғылы оқиға орын алмас па еді? Nur Otan Қызылорда облысы билік партиясының депутаты осындай болу керек емес па? Жалпы, Аида Әбибуллаева парламент депутаты болуға лайықты тұлға. Осындай азаматтарға мәжіліс мұқтаж.
Қызылорда облыстық прокуратурасы «азғындық» деп баға беретіндей тергеу амалдары жүргізілді ма? Сот шешімі бар ма? Полиция бастығы құзыретін аса пайдаланып, мәслихат депутатының өкілеттігін шектеп жатқан жоқ па?
Ляйля Турешова Неге Аида Әбибуллаеваның әріптестері үнсіз? 17 қаңтардан бері ешқайсысы қолдау білдірмеген ба? Әлде үнсіздік оларға жарасады ма?
Мен Aida Abibullayeva мен Айдын Қайруллаевтың орындарында ар-намыс пен абыройды қорғау мақсатында облыстық полиция бастығын сотқа берер едім. Кеш болмай тұрғанда, мына хатты қайтарып алу керек.
Біздің мақсат – Жаңа Қазақстан құру, онда билік өкілдері тарапынан мұндай заңсыз айыптауларға орын жоқ».
Келесі оқырман Азиз Дүкенбай мынадай пікір қалдырады:
«Айналайын Дп Кызылорда ! Әлеуметтік желідегі жазбаны аңдығанша қылмыспен күресіңдер, құқық бұзушылық фактілерін болдырмаңдар! Айдын Қайруллаев , Aida Abibullayeva үстінен жазылған арыздарың негізсіз! Бұл 1937 жылғы репрессия емес! Ат үстінде жүрген азаматтардың халықтың жоғын жоқтаса азғындық па?!»
Осындай ой толғамдарын Alibek Kuanysh есімді желі пайдаланушы да қозғайды:
«Негізі, бұл фейзбук желісінде, еркін бір тақырыпты қозғасаң, не болмаса үкіметтің қыдығына тиетін сөз жазсаң, сен оппозиционерсің, не болмаса облыстық ішкі саясаттың қара тізіміне енген агрессивті топ мүшесісің. Облыс әкіміне тоқылдапты конкретно. Жерден жеті қоян тапқандай. Ал енді қоғам өкілі болған соң, қандайда бір пікір білдіруге әр азамат құқұлы, енді облыс әкімі қызмет беріп құл қылмайтын шығар. Сонымен қатар, Б. Ж. Сұлтан есімді азамат, не бастық, облыс әкімінен қатаң жаза, тағы қайталап айтам ҚАТАҢ ЖАЗАЛАУДЫ сұрапты, сонда ол не жаза болыпты? Сонау РИМ империясындағыдай темір шылбырға таңып, ұшы бар қамшымен дүре соғу ма екен?, әлде зынданға тастап, ішіне жыландар тастап, тамақ бермей аштан қатыру ма екен?. Ондай болатын болса, Облыс әкімінде ондай құзыретті кім берді екен. Немесе сол қатаң жазаны түсіндіретін адам бар ма екен. Міне саған қурылған жұмыртқа дегендей, не болса соны жазады, бастық дейді. Осындай бастықтардан елімізде сөз бостандығының жоқтығы, осындай бастықтардың кесірінен кешегі ҚАҢТАР оқиғасында жазықсыз адамдардың оққа ұшып, қамалып жатқандары.
Ал Сағындық Райымбекұлы: «Скоро, пост жазу емес, ЛАЙК басқанымыз үшін қудаланатын сияқтымыз ғой мына түрімізбен……..
Сонымен бұл азамат пен азаматша террорист болғаны ма ?????
Әлде Aida Abibullayeva мен Айдын Қайруллаев азаматтардың қызметтегі креслосы қажет болды ма екен????», – деген қауіп білдіреді.
Журналист Онгар Саймосаев мынадай тұжырым қалдырыпты:
«Халық пен билік арасында алтын көпір болып отырған депутат елдің мәселесін айтып биліктен талап ете алмаса не үшін депутат сайлаймыз?
Рас-өтірігін қайдам, елдің мұң мұқтажын айтқан Aida Abibullayeva ханымға қатысты аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова атына қатаң жазаға тартуыңызды сұраймын деген ақпарат тарап жатыр».
Бұдан әрі: «Полиция бәрін қойып, депутаттарға шыққан ба? Сонда полиция департамент басшысы Б.Сұлтан «Өз ой-пікірін айтқандарды кезіндегі НКВД жаппай қырған сияқты қатаң жазаға тарту» қызметтік ұстанымы ма? Б.Сұлтанды біздің өңірде не үшін ұнатпайтынын енді түсіндім», – деп жазады Жасулан Сериков есімді оқырман.
Мұндай наразылыққа толы ой-пікірлер көп. Олардың барлығы да департамент басшысының тым ұшқары мәлімдемесіне келіспеушіліктерін білдіріп жатыр. Біз енді солардың бәрінің түйіні ретінде Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы әлеуметтік желіде жазған тұжырымды келтіргіміз келіп отыр:
«Мына посты жаңа көріп отырмын, Аида мен Айдынның азаматтық ұстанымдарына ризамын. Тәтті өтіріктен ащы шындық анағұрлым жақсы. Қоғамдағы өзгерістерді түсінгісі келмейтін шенеуніктер жұмыстан кеткені дұрыс. Президент те халық үніне құлақ аспайтын шенеуніктерден арылуымыз керек деген пікірді берік ұстайды. Халықтан артық ұлы күш жоқ».
Біздің бұған қосып-аларымыз болмас. Енді Қызылорда облыстық полициясы бастығының бұл әсіре дабыл әрекетіне Мемлекеттік хатшы, Президент Әкімшілігінің басшысы, Ішкі істер министрі өздерінің принципті бағаларын беретін шығар деген үміттеміз.