Ауыр атлеттер құрамаларының бас бапкерлері тағайындалды
АСТАНА. 3 ақпан. Ауыр атлетикадан Қазақстанның ерлер және әйелдер құрама командаларының бас жаттықтырушылары тағайындалды. Бұл туралы Ауыр атлетика федерациясының мәліметіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Ерлер командасын Смаханов Нұржан Дәуренбекұлы, әйелдер командасын Сивохин Иван Павлович басқаратын болып белгіленді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Федерация өз кезегінде Ұлттық олимпиялық комитетімен, Мәдениет және спорт комитетімен келісе отырып, Қазақстанның ұлттық құрамасын ерлер мен әйелдер сипаты бойынша бөлінетін екі команда етіп құру туралы шешім қабылдаған болатын. Сөйтіп, екі құраманың бас жаттықтырушылары бірінші рет бөлек болатын болып шешілді.
Қазақстан Респубикасының Ауыр атлетка федерациясының бас хатшысы Алдияр Нұралинов осыған орай: «Бірінші кезекте Нұржан Дәуренбекұлын және Иван Павловичті тағайындалуларымен құттықтағым келеді! Олардың екеуі де жоғары профильді мамандар, құрама командада жұмыс тәжірибесі бар, ең бастысы – нәтижелер бар!
Командалар биылғы жаңа жылда бірінші ОЖЖ (оқу-жаттығу жиыны – біз) кірісті. Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты денсаулық жағдайымен барлық спортшылар толық қатыса алмады, бірақ біз 13 ақпанда басталатын екінші жиынға ұжымдар толық құрамда болады деп үміттенеміз», – деп жазды инстаграмға.