Біз бүгін сайт бетінде «Қазіргі заман классикасы» атты арнайы рубрика ашып отырмыз. Оның аясында оқырмандарды әлемнің классикалық туындылары атанып отырған романдармен, пьесалармен және дастандармен таныстырып тұрамыз.
Енді норвегтің XIX ғасырда өмір сүрген атышулы драматургі Генрик Ибсеннің (1828−1906) «Қуыршақ үй» атты драмасы туралы әңгімелеп бермекпіз. Бұл пьеса 1879 жылы жарық көрген. Арада қаншама ғасыр өткеніне қарамастан, аталмыш туынды қазіргі заманда да әлем әдебиетінің жауһары саналып отыр.
Қуыршақ үй
Қазіргі заманғы Норвегия. Адвокат Торвальд Хельмер мен оның әйелі Нораның жып-жинақы, арзанқол жиһаздар қойылған пәтері. Діни мерекенің қарсаңы. Көшеден үйге қолында біраз қорапшалары – Жаңа жыл мерекесіне орай балалар мен Торвальдқа сатып алынған сыйлықтары бар Нора кіреді. Күйеуі әйелінің қасына елжірей үйіріліп, оны – өзінің ақ тиінін, көбелегін, құсын, қуыршағын, бозторғайын қалжыңдап, сараңдығы үшін сынап қояды. «Бірақ бұл Рождество ғой», – деп қарсылық білдіреді Нора оған. Мұндай кезде аздаған сараңдықтың зияны жоқ. Өйткені, жаңа жылдан бастап Хельмер банкі директоры деген қызметке кіріседі, енді бұларға бұрынғы жылдардағыдай барлық нәрседен үнемдеудің керегі болмай қалады.
Әйелін (ол үш бала туғаннан кейін де көздің жауын алатын сұлулығын жоғалтпаған) аймалай жүріп, өзінің кабинетіне кетеді. Осы тұста қонақ бөлмеге Нораның баяғыдан бергі құрбысы фру Линне пароходтан түскен бойы кіріп келеді. Әйелдер бір-бірін көптен көрмеген еді, оған да сегіз жыл болыпты, бұл аралықта құрбысы ортақ балалары болып үлгермеген күйеуін жер қойнына беріп те қойған. Ал Нора ше? Ол бұрынғыдай еш уайымсыз өмірдің қызығын көріп келе ме? Олай болса, қанеки. Жұбайлық өмірлерінің бірінші жылында Хельмер министрліктен кетіп қалған, оған сосын негізгі жұмысынан бөлек, басқа да іскерлік қағаздарын үйге әкеліп, түннің бір уағына дейін отыруға тура келетін. Соның салдарынан ауруға да ұшырады. Дәрігерлер оны тек оңтүстік жақтың климаты ғана құтқаратынын айтты. Сондықтан олар бүкіл отбасы болып, Италияға келіп тұрды. Жолға кететін ірі соманы Нора құдды бір әкесінен сұрап алған болып көрінді. Бірақ бұл өтірік, шын мәнінде оған бұл ақшаны бір мырза беріп еді… Жоқ, жоқ, фру Линне бұл туралы білмей-ақ қойсын… Ақша тілхатпен алынды. Енді Нора күйеуіне білдірмей, сол ақшаны займ бойынша біртіндеп қайтарып жатыр.
Фру Линне тағы да осында, қалаға келіп, орныға ма? Немен айналыспақшы? Бәлки, оны Хельмер өзіне жұмысқа алып қалар? Ол тап қазір өз кабинетінде банктің штаттық кестесін жасаумен айналасып, сенімді өкілі Крогстадпен бірге әңгімелесіп отыр. Оны қызметінен кетірсе, бір орын босайды. Ал фру Линне онымен аздап та болса таныс па еді? Иә, таныс. Олар бір қалада тұрды, арасында кездесіп қалып жүрді.
Торвальд Хельмер расында да Крогстадты жұмыстан шығарды. Ол өзінің атына кір келтірген адамдарды ұнатпайды. Кезінде Крогстад (ол Хельмер екеуі бірге оқыған) ақша құжатына біреудің қолын қойып, жалғандық жасаған. Дегенмен, қиын тұйықтан шыға біліп, соттың үкімінен құтылып кетті. Бұл енді алдығысынан да жаман! Жаза алмаған жаман іс айналасын бүлдіре береді. Демек, Крогстад сынды адамдарға бала сүюге де тыйым салу керек, себебі – мұндай тәрбиешіден тек қылмыскерлер ғана өсіп шығады.
Алайда, сондай жалғандыққа Нора да ұрынды ғой. Ол Крогстадқа (Италияға баратын ақшаны тап соның өзі берген!) жазған займдық хатында әкесінің қолтаңбасын өзі қойған. Бұған әкесінің өлім халінде жатқаны себеп болды. Бұған қоса, құжатқа Нораның әкесі өліп қалғаннан кейінгі уақыт түсірілген. Енді жұмыстан қуылып бара жатқан Крогстад осы жағдайды пайдаланып, Норадан өзін жұмыста қалдыруға жәрдем беруін сұрап отыр. Өзі туралы банкте жақсы жұмыс жасағанын, тек жаңа директордың тағайындалуына байланысты ғана жолдан жаңылысқанын айтуды өтінеді. Ал Хельмер оны бұрынғы күңгірт тірліктері үшін ғана емес, сонымен қатар өзіне бұрынғы әдетімен бірнеше рет «сен» деп сөйлегені үшін де кетірмек болады. Содан кейін Нора күйеуінен Крогстадты орнында қалдыруды сұрайды. Бірақ әйелінің өтінішін оншалықты байсалды деп қабылдамаған Хельмер бұдан бас тартады. Сол кезде Крогстад Нораны әшкерелеуге кіріседі. Ол Торвальдқа әйелінің Италияға баратын ақшаны қайдан алғанын айтып қояды. Бұған қоса, Хельмер жұбайының жалған құжат жасауға қатысқанына да қанығады. Бұдан кейін де Норадан ешқандай қайран болмағасын, Крогстад ерлі-зайыпты екеуін ашықтан-ашық бопсалауға көшеді. Ол енді Хельмерге хат жолдап, онда Нораның жалғандық жасағаны жұртқа жария болып кетсе, бұған директор болып ұзақ отырудың орайы келмейтінін мәлімдейді. Нора бұл тығырықтан шығудың жолын жанталаса іздестіреді. Алдымен отбасының досы доктор Ранкке қырындайды. Ол болса, Нораға іштей ғашық. Бірақ тұқым қуалаушылық мерезі болғандықтан, күні санаулы. Дегенмен, Ранк өзі қатты сүйетін Нора үшін бәріне де дайын. Оған ақша да берер еді, бірақ бұл кезде Крогстадқа бұдан басқа нәрсенің керек екені белгілі болып қалды. Сөйтіп жүргенде, доктор Ранктің өмірі қайғылы аяқталды – ерлі-зайыпты Хельмерлер одан пошта арқылы қара крест (әжі) қойылған ашық хат алады. Бұл доктордың өз үйін іштен бекітіп алғанын, енді ешкімді қабылдамайтынын білдіретін еді. Ол өзінің түрімен ешкімді қорқытпай, өзімен өзі өліп қалады.
Ал Нора үшін мазасыз күндер жалғасып жатты. Оған не істеу керек? Әшкере болып, масқараға ұшырағанша, өзіне өзі қол салып, өліп кеткені жақсы еді! Бірақ алғанынан қайтайтын Крогстад өзін өзі өлтірудің мағынасыз екенін, себебі ол туралы жұртта жақсы ат қалмайтынын ескертеді.
Әдеттегідей мұнда да көмек күтпеген жақтан, күтпеген адамнан келеді. Оны Нораның досы фру Линне жасайды. Ол шешуші сәтте Крогстадпен ашықтан-ашық сөйлеседі. Бір кездері олар бір-бірін сүйген екен. Бірақ фру Линде күтпеген жерден басқа біреуге күйеуге тиіп кетеді. Оған қыздың қолына қарап қалған қарт анасы мен екі інісін асырау үшін ауқатты біреуге шығуға тура келеді. Ол кезде Крогстадтың жағдайы оншалықты мықты емес-тін. Енді фру Линненің басы бос: анасы мен күйеуі қайтыс болған, інілері өз аяқтарына тұрып кеткен. Егер керегі болса, ол Крогстадқа тұрмысқа шығуға дайын отыр. Мұндай ұсынысты Крогстад қуана қабылдайды. Ақырында өмірі бір нақтылы жолға түсетін болды, өзінің байырғы махаббатымен – сенімді адамымен қайта табысты. Сондықтан Хельмерлерді бопсалаудан бірден бас тартады. Алайда, бір мәселе бар, бұлар сәл кешігіп қалды, оның хаты қазір Хельмердің пошта жәшігіне барып қойды. Жәшіктің кілті тек Торвальдтің өзінде ғана. Сондықтан: «Ендеше, Нора байшыкештің кейпіндегі Хельмерінің шын мәнінде қандай адам екенін білсін!», – деген ойға тоқтайды Крогстад.
Расында да Хельмер хатты оқи салып, қатты жынданады. Бұл қалай? Мұның әйелі – құсы, бозторғайы, қуыршағы сонда қылмыскер болып шыққаны ма? Осы хаттан кейін бұлардың зор қиындықпен қол жеткізген отбасылық рахаттары бұзылып кеткелі тұр. Енді Крогстадтың талаптарынан өмір бойы құтыла алмассың! Осыны ойлаған Хельмер Нораға балаларды бұзуға жол бермеуге бекінді. Қазірден бастап олар бала күтушіге тапсырылады. Сыртқы сипатты сақтау үшін Хельмер Нораға үйде қалуға рұқсат етеді, бірақ олар бұдан былай бөлек тұрады! Осыдан кейін Хельмердің көңіл-күйі күрт өзгеріп сала береді. Бұлар қорлық пен мазақтан құтылды! Бәрі бұрынғысынша болып қала береді, тіпті одан да жақсы болады. Бірақ Хельмер осы кезге дейін өзінің бас изей беретін ойыншығы санап келген Норасы күтпеген жерден бұған қарсы шығады. Ол үйден кетпек! Мәңгіге кетеді! Басында әкесі, кейін Хельмер оны сипап отыруға жаралған сұлу қуыршақ санап үйреніпті. Ол мұны бұрын да сезген, бірақ Хельмерді сүйгендіктен, оның мұнысын кешіріп келді. Ал қазір жағдай мүлдем басқаша! Ол Хельмер өзін сүйетін еркек ретінде керемет жаңалық жасап, барлық кінәні өзінің мойнына алатын шығар деп үміттенген. Енді Хельмерді бұрынғысынша сүймейді. Бұрын Хельмер де мұны сүйген жоқ, оған тек сүйетін болып көріну ұнаушы еді. Бұлар – бір-бірлеріне жат адамдар. Бұрынғысынша бірге тұра беру ыңғайлы жағдай мен ақша үшін өмір сүрумен бірдей!
Нораның бұл шешімі Хельмерді есінен тандырды. Әйелінің сөзі қаншалықты шындықпен өрілгенін ұғуға мұның ақылы жетеді. Бірақ қайтадан бас қосып, бірге болудың ешқандай жолы жоқ па? Ол өздерінің бір-бірлеріне жат болмаулары үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. «Бұл тамаша болып кетер еді», – деп жауап береді Нора бұған. Алайда, өмірде таңғажайып нәрселер өте сирек кездеседі екен. Сондықтан да оның шешімі енді өзгермек емес.
Осыны айғақтайтын пьесаның ең соңғы сөйлемі: «Төменде қатты жабылған қақпаның дүркірі естілді», – деп аяқталады.
Әңгімелеген Руслан Игілік.