Крыловтың кескіні
Орыстың атақты сықақшысы Иван Крылов сұмдық тамақсау кісі болыпты. Ол біреудің үйіне қонаққа барғанда, алдымен өзінің екі-үш мысалын оқып береді екен. Дуылдаған жұрттың мақтауын естігеннен кейін жым-жырт бола қалып, астың берілуін тағатсыздана күткен. Ал «Тамақ дастарханға қойылды» деген хабар келісімен орнынан ұшып тұрып, денесінің соншалықты ірілігіне қарамай, жылдам қимылдап, елден бұрын ас үйге жетіп баратын болған.
Крылов өз үйінде Емельян деген аты бар шоқынған қазақты малай (лакей) етіп ұстапты. Деректерде ол «киргиз» деп көрсетіледі. Ол кездегі киргиздің осы күнгі қазақ екенін бәріміз де білсек керек. Міне, сол Емельян жалшы әр жолы ауқат ішер алдында Иван Андреевичтің алқымын ала бір сулық байлап, тізесіне тағы бір сулық қойып, өзі қожайыны орындығының артқы жағында бұйрық күтіп, түрегеп тұрған.
Тәбеті күшті Крылов бір отырғанда, балық сорпасының үлкен үш тәрелкесін, бұзау етінен ұрылып жасалған котлеттің екі тостағын, сосын өзі «сиқырлы құс» деген ат берген қуырылған тұтас күркетауық етін сыпыра соғып алатын болған. Бұлардың соңынан бәдірен, итбүлдірген, қарақат, қараша өрік секілді көкөніс пен жеміс-жидекті асқазанға аттандырған. Мұнымен де тоқтамай, Бунин жазатын баяғы антон алмасын кеміріп жей отырып, Страстург паштетін, жаңа пісіп алынған сары май жағылған үлкен таба нанды, бір қорап шоколад пен қаздың суға қайнатылған бауырын қоса жәукемдеген. Ең соңынан бұларды әрмен итеру үшін бір бақыраш квасты сіміріп сап, оның артынан қасық тік тұратын қою қаймақ құйылған екі шыны кофе ішкен.
Жазушы Викентий Вересаев атақты сықақшының өмірдегі ең бір рахат пен ләззат алатын уағы оның тамақ ішіп отырған сәті еді деп жазады. Бір кездері Крылов патшайым Мария Федоровна беретін шағын түскі асқа да ұдайы шақырылып тұрады. Бірақ мешкей сықақшы мөлтек дастарханның жұтаңдығына ылғи іштей наразы болып жүреді екен. Бір жолы сондай түскі астың бірінде ол патшайыммен амандаспастан, отыра қалып, қолын қасыққа созады. Сол кезде қасында отырған ақын Василий Жуковский оны: «Тоқтат, әуелім патшайым бата беріп алсын да» деп кідіртеді. «Егер бата бермей қойса ше?» дейді сол кезде қолын қасықтан ала қоймаған Иван Андреевич мүләйімсіген үнмен. Негізі, мұндай түскі астарда үш-төрт дәлеңке балық сорпасын, екіншінің өзіне жеті-сегіз тостаған түрлі тамақ ішіп үлгеретін жазушы үйіне келгесін міндетті түрде бір мес қышқыл капуста мен қара нан алдырып, оларды да соғып алатын болған.
Бірде Крылов сенатор Андрей Абакумовта шаруасы болып, оның үйіне арнайы барады. Ол келгенде, үстел басында бірнеше адам тамақ әкелуін күтіп отыр екен. Иван Андреевич шаруасын тындырғасын дереу кетпекші болады. Бірақ Андрей Иванович оның қонақтармен бірге тамақтануын сұрап, оңайлықпен жібермейді. Бұған сықақшы өзін үйінде бекіре тұқымдас сүйрік балығының сорпасы күтіп тұрғанын айтып, көне қоймайды. Соңында ол ауқат қазір бірден берілетін болса ғана қалатынын айтып тоқтайды. Үй иесі оның талабын заматында орындап, бәрі бірден тамаққа отырады. Осы жерде қомағай Крылов басқалардың барлығының ішкен тамағы мөлшеріндей тамақты бір өзі ішіп алып, тағы үйге қайтуға асыға бастайды. Бұған күлген сенатор: «Қойсаңызшы, Иван Андреевич, ішетін ауқатыңызды ішіп алдыңыз, енді қайда асығасыз?» дейді. Сол кезде жазушы оған: «Мен айтқан жоқпын ба сізге үйде мені сүйрік сорпасы күтіп тұр деп. Ол суып кетпей тұрғанда баруым керек қой» деп ашуланып жауап береді.
Тамақсаулығына қоса, Иван Крылов өзінің тазалығына да мән бермеген ластау кісі болыпты. Денесі ірі, бойы ұзын ақынның бурыл бұйра шаштары ешқашан тарақ көрмесе керек. Киімді де қалай болса солай киген: ұлма-жұлма болып тұратын сүртігінің өңірінен қай кезде де тамып кеткен әлдененің дағы көрініп тұрған. Белгілі ақынның осындай настығы оған қамқор болып жүрген Суреткерлер академиясының президенті әрі Император көпшілік кітапханасының директоры Алексей Николаевич Оленинге де өте-мөте ұнай қоймайды. Ал Крылов осы кітапханада қатардағы қызметкердің айлығын алып тұрған. Әр жексенбі сайын ақынға үйінде түскі ас беріп, мысалдарын тыңдайтын Олениннің жұбайы Елисавета Марковна әрдайым Иван Андреевичті тазалыққа үйретпек болып әрекет етеді. Бірақ онысынан ештеңе шықпайды. Бірде Крылов патша сарайы жанында өтетін маскарадқа өзінің қалай киініп баруы керектігі жөнінде Елисавета Марковна мен оның қыздарынан кеңес сұрайды.
Сол кезде Варвара Алексеевна оған тіке қарап:
– Сіз, Иван Андреевич, жақсылап жуынып алып, шашыңызды тарап шығыңыз, сол кезде сізді ешкім танымай қалады, – деп жауап береді.
Бір жолы оған дарынсыздау граф ақын Дмитрий Хвостов өлеңдерін талдап беруге әкеледі. Ал Иван Андреевич оның көңіліне қарамай, өлеңдерін тас-талқан етіп сынап тастайды. Бұған қатты ашуланып қалған Дмитрий Иванович көп кешікпей оған мынадай эпиграмма арнайды:
Не бритый, не чесанный,
Взвалившись на диван,
Как будто не отесанный
Какой-нибудь чурбан,
Лежит совсем разбросанный
Зачем Крылов Иван:
Объелся он иль пьян?
Осыдан кейін ақкөңіл де ақылды Крылов өзін әжуалаушыдан сыпайы түрде кек қайтару мақсатында Хвостовтың жаңа өлеңдерін оқып, баға бермекші болған сылтаумен оның үйіне қонаққа келуге сұранады. Ол келген бойда алдымен асқазанның жайын реттеп алмақ болып, тамақ әкелуді өтінеді. Ал үш адамның үлесін бір өзі ішіп алғаннан кейін үй иесіне еріп, оның кабинетіне келеді. Сол жерде Хвостов өз өлеңдерін оқи бастайды. Оны диванда отырып тыңдаған Крылов кенет қор етіп ұйықтап кетеді де, сол жатқаннан кешке дейін қозғалмайды. Сөйтіп, оның өзі айтып отырған диванында ұйықтап қайтады.
Қомағайлықпен аты танылған Иван Крыловтың кенеттен келген өлімі де тамақтан болады. Ол асқазаны отқа қақталған бірнеше шілдің етін қорыта алмауынан бірнеше күн қайтыс болған. Сықақшы ауырып жатқанда оның талантына тәнті тұратын генерал-адъютант Яков Ростовцев көңілін сұрап келіп тұрады. Сондай келістердің бірінде Крылов Ростовцевқа:
– Өзімнің күнім бітіп келе жатқанын сезіп жатырмын, – дейді. – Жақын арада демім таусылады. Осы кезге дейін өзіме арналған ең соңғы мысалымды жазып кете алмайтыныма қатты өкінемін.
– Қандай мысал? – деп сұрайды сонда Яков Иванович.
– Міне, желісі мынадай. Бір мұжық базарға апарып сатпақ болып, арбасын кептірілген балыққа толтырып алады. Сонда оған көршісі тұрып: «Сенің көтерем атың мұндай жүкті тарта алмайды ғой» дейді. Бұған мұжық: «Ештеңе етпейді! Балық құрғақ қой, оның ішінде ештеңе жоқ» деп жауап береді.
Мұның артынша, 1844 жылдың 9 қарашасы күні ұлы мысалшы 75 жасында өмірден озады. Ол 1769 жылғы 13 ақпанда дүниеге келген еді.
….Кейінгі кездері біздегі кейбір ештеңеге тоймайтын тоғышарлар еске түскенде, өзінің тойғанын да білмеген Крыловтың образы мен оның өмірінің соңы жиі ойға орала беретін болып жүр.
Серік ПІРНАЗАР