Сыр бойының халқы облыстың келешегі үшін қатты алаңдап отыр
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев мырзаға
Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Қазақта «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» деген сөз бар. Біз, Қызылорда облысындағы ауылдан облыс деңгейіне дейінгі аралықта басшылық қызметтер атқарған бір топ еңбек ардагерлері, қолға қалам алып, Сізге хат жазуға мәжбүр болып отырмыз.
Арал теңізі тартылып, оның табанынан ұшқан тұзды тозаңның әлемге жайылып, экологиялық апаттың, Байқоңырдан ұшқан, көк жүзінен құлаған зымырандардың зардаптарын шеккен, ешбір іргелі өндіріс орны жоқ, мұнайы мен газы азайған өңірдің халқы аймақтың келешегіне қатты алаңдаулы.
Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері облыс халқының жартысынан астамын құрайтын ауыл тұрғындарының жұмыссыз қалғандары аудандар мен облыс орталығына үдере көшіп, жағдай күрделене түсті. Ауылдарда мал басы екі есеге азайып, азық-түлік өндіру барынша төмендеді.
Кеңес дәуірінде республикадағы күріш егісімен айналысатын жалғыз облыста 270 мың га егістік жер инженерлік жүйемен тегістеліп, барлық инфрақұрылымдары жасалған болатын. Сол кезде тегістелген жердің 37-40 пайызы мал азығындық дақылдар, 130 мың гектардан астам жері күріш егуге есептелді. Қазіргі таңда күріш дақылы облыстағы 147 ауылдық округтің 120-дан астам ауылының жалғыз күнкөріс көзі болып отыр.
2010 жылы Көксарай су қоймасы салынғаннан бері су тапшылығы жайлы әңгіме қауырт көтеріле бастады. Мұның желісі аймақтағы күріш егісінің көлемін азайту мәселесіне барып тірелуде. Ал облыста орын алған тап осындай су тапшылығы жағдайын кезінде бірнеше рет басынан өткізіп, олардың басы-қасында болған біздер сол күрделі уақыттардың өзінде су режимін реттеу арқылы күріш егісі көлемі азайтылмағанын жақсы білеміз. Өйткені, қыруар ақша жұмсалып, күріш егісі үшін арнайы тегістелген жерді айналымнан шығарып алмау, жер асты суының көтеріліп, жердің сорлануына қалайда жол бермеу үшін ауылдың диқандары ала жаздай атыз, арық жағалап, су кешіп, күннің ыстығына, маса мен сонаға төзіп, ерінбей еңбек етті. Міне, осы жағдайлардан мүлде хабарсыз, жердің қадірін білмейтін, өңірдегі он мыңдаған отбасының тұрмысына жарап отырған жалғыз кәсібіне немкеттілікпен қараған Экология министрінің су тапшылығын шешудің бірден-бір оңай жолы ретінде күріш егісінің көлемін қысқартуды, оның орнына суды аз қажетсінетін көкөніс, бау-бақша егуді ұсынуын біз барынша негізсіз тұжырым екенін мәлімдейміз. Бұл мәселені жақында Парламенттте «Ақ жол» партиясынан сайланған депутат орынды көтерді. Біз оның айтқан уәждеріне толық қосыламыз.
Тағы бір ерекше айтатын мәселе: алдымызда су тапшылығы ғасыры келе жатқаны ескеріліп, стратегиялық маңызы бар су ресурсы жайына аса мән беру қажет. 1993 жылы Қызылорда қаласында бес Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен кездесуде қабылданған трансшекаралық су қорларын пайдалану мөлшері туралы келісімнің әлі күнге дейін өз күшін жоймағанына қарамастан, Қазақстан Үкіметі қазір бұл мәселемен етене айналысып отырған жоқ. Біз көрші мемлекеттердің су министрліктерімен деңгейлес дәрежеде келісім жасай алатын министрліктің болмауы салдарынан өзіміздің сол келісімде қол жеткізілген үлесіміздің 50 пайызын да ала алмай, нағыз бейшаралықтың күйін кешіп келеміз. Республикада бұл саланың мүддесін қорғайтын, әсіресе, біздің облыстың жағдайына қанық маман да кемде-кем. Осының нәтижесінде Өзбекстан біздің мемлекеттің келісімін алмастан, Қазақстанның шекарасына дейін бірнеше су қоймасын заңсыз салып тастады. Мұның ақыры Шардараға түсетін су көлемін азайта түсуге, ал өткен жылы өзбектің Сардоба су қоймасының жарылып, еліміздің қаншама елді мекендерінің жазықсыз жапа шегулеріне апарып соқтырды.
2007 жылы Қызылорда облысы халқының қарсы болуына қарамастан, көрші Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында Көксарай су реттегіші салынып, дарияның орта және төменгі ағысы бойындағы жағдайды одан бетер ушықтыра түсті. Ал қазір Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев мырзаның Сыр өңірінің жағдайына «қамқорлық» жасаған болып, бір Көксарай аз болғандай, тағы да екі су қоймасын салу туралы негізсіз, ретсіз жоспарын естіп, мынадай дауасыздықтан амалсыз жағамызды ұстап отырмыз.
Қызылорда облысының жұрты бүгінде қолдан жасалған су тапшылығы жағдайын жан-жақтан көруде. Мысалы, бұрын өңірдің мал жайылымдық жерлерін суландырып отырған Жамбылдағы Шу өзені мен Қарағандыдағы Сарысу өзеніне тоспалар салынуы біздегі Телікөл көлдер жүйесін толық құртуға айналды.
1993 жылы Арал тағдырына ара түсу мақсатында құрылған халықаралық «Арал» қорының мекемесі Арал теңізінің басына көшпей, осы уақытқа дейін әлі Алматыда отыр. Онсыз да не істеп отырғаны белгісіз қор басшылығы бүгінде өзінің жәрдемін экологиялық апаттың кіндігіндегі Арал ауданының халқына емес, теңізден туған дүлейге титтей де қатысы жоқ басқа өңірдің жұртшылығына көрсетіп жүр.
Сырдария өзені жаз айларында бұрын-соңды болмаған жағдайға жетіп, жаяу адам кешіп өтетіндей күйге келді. Осы кезде облыс жеріндегі 300-ден астам көлдің жартысынан астамы құрғап, Қаракөл, Қамбаш секілді ірі көлдердің суы едәуір азайып кетті. Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалуға арналған САРАТС жобасының екінші фазасын іске қосу шешілмей, Сыр халқының ахуалын одан сайын қиындата түсетін пиғылдағы Экология министрінің ыңғайына бейімделіп, облыс басшылығы да Сіз бен Үкіметтің назарын осындай аса өзекті мәселелерге аудартуда дәрменсіздік көрсетіп отыр.
Құрметті Президент!
Сыр елінің халқы Сізден су ресурстарының стратегиялық қауіпсіздігі саясатына аса мән беріп, 1993 жылғы мемлекетаралық келісімге сәйкес, жылына судың 12,5 млрд текше метр көлеміндегі үлесімізді алу мәселесін тікелей өзіңіздің басқаруыңызды, тиісті халықаралық тәжірибелер мен талаптарды негізге ала отырып, оның шешу жолдарын қарастыруыңызды өтінеді. Бұған жылдан жылға облысқа берілетін су мөлшерінің азайып келе жатқаны себеп болып отыр. Мұны 2019 жылы – 6,2, 2020 жылы 5,2 млрд текше метр көлемінде ғана су бөлінгенінен-ақ байқауға болады.
Осыған байланысты біз Сізге мынадай ұсыныстар білдіреміз:
- Бұл үшін елімізде су ресурстарының стратегиялық қауіпсіздігін қалыптастыратын жоғары деңгейде арнайы комиссия құрып, 1993 жылғы трансшекаралық су ресурстарын бөлу жөніндегі келісімге сәйкес, Қазақстанға тиесілі су көлемінің бөлінуіне және минералдық сапасына қол жеткізу;
- Сырдария өзенінің жоғарғы арнасы бойында Қазақстанның келісімінсіз су қоймалары салынуына жол бермеу.
- Республика деңгейінде басқа мемлекеттермен тең дәрежелі келіссөз жүргізе алатын қауқарлы, беделді құрылым құру мәселесін шешу.
- Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру жөніндегі САРАТС жобасы екінші фазасының орындалуын жеделдету, халықаралық «Арал» қорының мекемесін Арал ауданына көшіру. Бұл 1993 жылы қабылданған мемлекетаралық келісімде де атап көрсетілген болатын.
- Қызылорда облысында биылғы жылы да, алдағы уақыттарда да күріш көлемін қысқарту жөнінде мәселе қозғалмауы тиіс. Ол тек егіс егу алдындағы су жағдайына қарай белгілі бір мөлшерде шектелетін болуы керек.
Құрметпен, облыс ардагерлері:
Жарылқасын ШАРИПОВ,
Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданының әкімі, совхоз директоры, облыстық мәслихаттың екі шақырылымының депутаты, Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданының құрметті азаматы
Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ,
Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарының әкімі, совхоз директоры, Қызылорда қаласының, Жаңақорған, Шиелі және Сырдария аудандарының құрметті азаматы,
Қожахмет БАЙМАХАНОВ,
Қызылорда қаласы мен Жалағаш ауданының әкімі, совхоз директоры, Жоғарғы Кеңес депутаты, сенатор, Қызылорда қаласы мен Жалағаш ауданының құрметті азаматы, «Асар» холдингтік құрылыс компаниясының президенті
Өмірбек ЖҮСІПОВ
теміржол саласының ардагері, облыстық мәслихаттың төрт шақырылымының депутаты, Жалағаш ауданының құрметті азаматы
Нұрлыбек ЖОЛДАСБАЕВ
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Жалағаш және Жаңақорған аудандарының әкімі, совхоз директоры, Жалағаш және Жаңақорған аудандарының құрметті азаматы
Батырбек МӘНШӘРІПОВ
Жалағаш және Сырдария аудандары әкімдерінің орынбасары, совхоз директоры, Жалағаш және Сырдария аудандарының құрметті азаматы
Мақсұт БИМҰРЗАЕВ,
Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, совхоз директоры