Өзбекстанда латиницаның жаңа жобасы жасалды
ТАШКЕНТ. 19 наурыз. Өзбекстанда латын әріптерінен құралған жаңа алфавиттің ресми жобасы талқылауға ұсынылды. Бұл туралы CentralAsia.uz хабарлады.
«Өзбекстанда бірқатар қосымша әріптер мен дыбыс үйлесімдері қосылған жаңа өзбек алфавитінің жобасы талқылауға шығарылды», – делінген хабарламада.
Жоба Өзбекстан Фан (Ғылым) акадамиясында талданып жасалды. Онда 28 әріп пен 1 апостроф, сондай-ақ «ң» дыбысын білдіретін бір біріккен таңба (ng) қамтылған. Ал басты өзгеріс тиісінше «ш» және «ч» дыбыстарын білдіретін ş» және «ç» әріптерінің қосылуы болды. Бұдан бөлек, бұрын «oʻ» және «gʻ» түрінде жазылып келген әріптер енді тиісінше «ŏ» және «ğ» кескінінде жазылады. Олар «ө» және «ғ» деген дыбыстарды береді.
Талқылау 31 наурызға дейін созылады.
Өзбектің латын қаріптерімен белгіленген қазіргі қолданыстағы алфавиті 1993 жылы айналымға енген еді. Ол 26 әріптен құралды. Лингвистер 2018 жылы президенттің тапсырмасы бойынша әліпбидің жаңартылған нұсқасын жасауға кірісті. Алғашқы вариант 2019 жылы дайын болды. Олардағы негізгі өзгерістер проблемалы 4 әріпке, сондай-ақ латынның «С» әрпіне қатысты жасалуға тиісті болатын.
Мұның бәрі Өзбекстанда әлі күнге дейін кириллицаны қолдану қатардан қалмай келе жатса да, латиницаға деген құбылалық бетбұрыстың енді қайта кері бұрылмайтынын көрсетеді.