Еуропада УЕФА шешіміне қарсы федерациялар коалициясы құрылды
ЖЕНЕВА. 30 қыркүйек. Еуропа елдерінің футбол федерациялары УЕФА-ның Ресейге қатысты ұстанып отырған позициясымен келіспейтіндіктерін білдіріп жатыр. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Еуропа құрамалары УЕФА-ның позициясына қарамастан, бірінен кейін бірі Реесй командаларымен ойын өткізуден бас тарта бастады», – делінген хабарламада.
Еуропада УЕФА-ның Ресейдің 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасын бейтараптық мәртебесінде құрлық турнирлеріне қатыстыру жөніндегі шешімін айыптап, РФ командаларымен кездесуден бас тартқан футбол ассоциаациясы коалициясы қатары барған сайын көбейіп келеді.
«Жұма, 29 қыркүйек күні Ирландия футбол ассоциациясы өзінің осындай позициясын жариялады. Ұйым директорлары кеңесі отырысында кез келген жас мөлшеріндегі ирланд командаларының РФ жасақтарымен кездесу өткізулері мүмкін еместігі туралы шешім қабылданды», – делінген Irish Mirror хабарламасында.
Еске сала кетейік, мұның алдында мұндай шешімдерді Англия, Норвегия, Швеция футбол ассоциациялары қабылдаған болатын. Сол сияқты Польша, Дания, Финляндия, Эстония, Латвия, Литва командалары да ресейліктермен бір ойын алаңында кездесуден бұрыннан бас тартып қойған еді.