Қисық ағаш
Бойы өспей тырбиып қалған бір тапалтақ, мықыр, қисық ағаш бар еді. Оның бұтақтары мен жапырақтары да соншалықты көп емес-тін. Сондықтан көрер көзге сұмдық қораш көрінетін. Ең жаманы, өзінің осы кейпін қисық ағаштың өзі де өте жақсы білетін. Ал оның жанында ұшар бастары көкпен тілдескен зәулім биік ағаштар бір-бірімен таласа өсіп тұрушы еді. Олардың бұтақтары да сымдай тартылған, жапырақтары да қалың болатын. Осы дарақтарға қарап тұрғанда, мықыр ағаш қатты қорланып, кірерге жер таппай, іштей аласұрушы еді.
Айды-күннің аманында өзінен өзі құса болған қисық ағаш осы биік шынарлар секілді сұлу да келбетті болуды жиі армандайтын. Бірақ бұған оның тұрған жері де ырық бермейтін еді. Ол биік жартастың бір қапталындағы екі тастың арасында қалған шағын шөгінді табанға ғана жармасып, әрең тұр. Сол себепті бой таластырып, көкке қарай өрлеп өсетіндей мүмкіндігі де жоқ-тын. Сол үшін тағдырына да налып, қаншама рет лағнет жаудырды. Бұтадан сәл ғана артық сол бейшара ағаштың жел соққанда қатты қалтырап кететіні сондай, енді болмаса, тамырымен бірге қопарылып, шатқалға қарай құлап кететіндей болып көрінетін. Бір бөктерде бөрігіп, қалтарыста тұрған оған күннің сәулесі таңертең ғана бір ауық түсуші еді. Сол себепті оның жапырақтарынан ертелі-кеш мұздай ызғар еңкілдеп есіп жататын.
Бір жолы азанда күннің алғашқы арайы осы қисық ағаштың өн-бойын шарлап өтіп барып, төмендегі жазық далаға қарай құлай жайылды. Мына көріністі бірінші рет байқаған тырбық ағаш сол сәт тұла бойының масаттанған керемет рахат сезімге бөлене түскенін өзі де сезбей қалды.
Осы кезде кішкентай мықыр ағаш нені түсініп, неге байлам жасады деп ойлайсыздар? Тәмсілдің тәлімі қандай?
Мұны ұғынғанның мәні зор. Демек, өзіңнің қолың жетпейтінді босқа армандап, оған бекер күйінудің, сол үшін өзіңді қор санаудың қажеті қанша?. Өзіңде жоқ нәрсені алмақшы болып алқынудан пайда жоқ. Бұл ешкімнің де бойына ерекше күш-қуат пен ақыл-парасат құйып бермейді. Әркім өзінің шама-шарқының, өлшем-өрісінің аумағында қимыл-әрекет жасауы керек. «Табиғаттың бермесін тартып алам» дейтін баяғы кеңестік-әумесерлік психология мен өктемдік ниет-пиғылдан алшақ, ада, аулақ болған кім-кім үшін де жақсы нәрсе.
Сондықтан әркім өзінің қауашағы қабылдай алатын, қабілет-қарымы жететін өрістің өресінде ғана армандауы тиіс. Бұл, әрине, алға қарай ұмтылма дегендік емес. Бірақ алға қарай ұмтылу үшін де соған лайықты қадамың болуы керек екенін ұмытпа. Әйтпесе, кім-кімнің де шаты айырылып кетеді.
Мен мұны неге айтып отырмын? Айтып отырғаным: қазіргі жастар арасында өздерінің өресі тұрмақ, көресіні де жетпейтін нәрсе – лауазымды қызметтерге ұмтылушылық өте көп. Ондайлар сол мақсатқа жету үшін тамыр-таныстықты да, басқалай мүмкіндіктерді де жете пайдаланып қалуға ұмтылып бағады. Ал сол қызметті атқарып, алып кету қабілеті қашанда екінші планға шығып кетеді. Бәрінде де «үстел бәрін үйретеді» деген арзан қағидат бар. Мұның өзі қазіргі заманда мансапқорлардың тым көбейіп кеткенін көрсетеді.
Қоғам әсте бұдан пайда таппайды. Қоғам әркім өзінің орнында отырғанда ғана ілгері жылжиды. Демек, кім-кімнің де көрпесіне қарай көсілгені абзал.
Қисық ағаш құрлы ақылымыз болса, біз осыны істемеген болар едік.
Ержан УӘЙІС,
журналист