Қызылордада 180 отбасыға пәтер кілті тапсырылды
ҚЫЗЫЛОРДА. 4 маусым. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік рәміздер күнінде кезекте тұрған 180 отбасыға пәтер кілтін тапсырды. Бұл туралы облыстық әкімдік баспасөз қызметіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.
Жаңа пәтер кілтін алғандар қатарында әлеуметтік осал топтағы және көп балалы отбасылар бар.
Пайдалануға берілген 4 тұрғын үй қаланың Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан.
«Тәуелсіз еліміздің елдігін, мемлекетіміздің мәртебесін айқындайтын басты құндылықтарымыз Мемлекеттік рәміздер күні мерекесінде сіздердің қуаныштарыңызды бөліскелі тұрмыз. Соңғы 3 жылда «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс бойынша тұрғын үйлердің құрылысына 45,4 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде 398 мың шаршы метрді құрайтын 141 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Демек, соңғы 3 жылда 5 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. 20 мыңнан астам тұрғын баспанамен қамтамасыз етілді. Биылдың өзінде өңірімізде 1 186 пәтерді құрайтын 81 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бүгін, міне, сол жағалауда жаңа тұрғын үйді пайдалануға береміз. Қоныстарыңыз құтты болсын», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Шара барысында облыс әкімі қоныс тойын тойлап жатқан Өтеповтер шаңырағында болды. «Алтын алқа» иегері Алмагүл Өтепова өз үйінде Гүлшара Наушақызына жаңа пәтерге қол жеткізген тұрғындар атынан алғыс айтты.
«Бүгін жаңа пәтеріміздің кілтін алып қуанышқа бөленудеміз. Мемлекет тарапынан көп балалы отбасыларға көрсетіліп жатқан қолдауға алғыс айтқым келеді. Аймақ басшыларына ризашылығымды жеткіземін. Қуанышты күндеріміз көп болсын», – деді ол.
Шара соңында Қызылорда қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері Жарылқасын Шәріпов жиылған жұртқа батасын берді.
Соңғы 3 жылда пайдалануға берілген 141 көп қабатты тұрғын үйдің жаңа қаладағы үлесі 620 пәтерлік 13 көп қабатты жалдық баспана. Сондай-ақ, несие бағдарламасы бойынша 240 пәтерлі 4 көп қабатты тұрғын үй тапсырылды. Ал жеке құрылыс компаниялары 604 пәтерлі 14 көп қабатты тұрғын үйді ел игілігіне салып берілді. Енді жыл соңына дейін 680 пәтерлік жалдық 14 көп қабатты үйдің және несие бағдарламасы бойынша 590 пәтерлі 13 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады деп күтіліп отыр. сондай-ақ жке инвесторлар өз қаражаттарына 86 пәтерлік 2 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп жатыр.
Шара барысында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс әкімімен бірге болды.