Жаңалықтар жаңғырығыТаным

«Керуен күндер, жылуан жылдар жадымда жаңғырып тұр»

Анонс: «Дидарғайып» журналының кейіпкері – Мәмбетжан Қасқырбек Өмірзақұлы

Журналдың кезекті нөміріне сұхбат беруші белгілі журналист, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облысы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәмбетжан Қасқырбек Өмірзақұлы болып отыр.   

Ол 1980-2001 жылдар аралығында Қазалы аудандық «Ленин туы» («Қазыналы Қазалы») газетінің редакциясында фототілші, баспа бөлімінің меңгерушісі, бөлім меңгерушісі болып қызмет еткен. Осы кезеңде редакция және баспахана ұжымдары бастауыш комсомол, кәсіподақ ұйымдарын басқарған. 2001-2007 жылдары Қазалы аудандық мұрағаты мемлекеттік мекемесінің директоры болған. Сол кезде мұрағат директорлығымен қоса, аудандық «Қазалы айғағы» газетінің редакторлығын қоса атқарған.

2007 жылдың шілдесінен «Нұр Отан» партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарып келеді.

Таяу аралықта журналдың бұл нөмірі сауда орындарына шығарылады.

Біз енді анонс ретінде сол сұхбаттан үзінді жариялап отырмыз.

 

Қасқырбек Өмірзақұлы, сіздің мына өмірде қазірге дейін қол жеткізген ең үлкен жетістігіңіз не? Оны қалай бағалайсыз?

– Менің өмірдегі үлкен жетістігім – Алланың берген денсаулығы мен отбасымның амандығы. Осыған шүкіршілік етемін. Қазақта ежелден келе жатқан «Басың аман, бауырың бүтін, қонар тұғырың биік, маңдайың ашық болсын» деген өте бір жақсы тілек бар. Осы сөз тіркесіндегі тілектердің мағынасы терең, салмағы ауыр, әрбірінде бірнеше қаралық құн жатыр. Бастың амандығы мен бауырдың бүтіндігіне ештеңе жетпейді. Бір кездері менің де дәл солай төрт құбылам тең еді. Төрт құбыламның тең болатыны – ол кезде әкем де, шешем де, ағаларым да – бәрі аман-есен, жанымызда жүрген-тін.

Дегенмен, өмірге еш өкпем жоқ. Қалай десек те, уақыт өз дегенін жасайды. Арқамды тамға тірегендей болып, айбаттанып жүретін асылдарым – ата-аналарым мен ағаларым жылдар жылжи келе, ақын Мұқағали бейнелеп жырлағандай, «келместің кемесіне мініп», арамыздан кетіп қалды. Енді дәл сол кездегідей біз де қылшылдап тұрған жоқпыз, жасымыз жылдан жылға ұлғайып келеді. Бір кездері отбасының ең кенжесі болып өскен менің өзім осы күні бір әулеттің үлкені болып қалдым. Әрине, ата-анаң мен бауырларыңның жаныңда жүрген кезіндегі өмір бөлек, қазіргі өмір бөлек. Мен үшін олардың әрбірінің өмір өзегімде алатын орындары айрықша зор. Жасыратыны жоқ, жақындарымды күн сайын дерлік ойыма алып тұрамын, мүмкіндігі болған жерлердің бәрінде дұға оқып, құран бағыштап отырамын. Ендігі қолдан келетін бар қайран сол ғана. Бірақ олармен бірге өткен керуен күндер, артта қалған жылуан жылдар жадыңа оралғанда, көкірегің қарс айырылады. Сосын қарсы жасар лаждың жоқтығынан тағдырдың дегеніне, уақыттың әміріне еріксіз көнесің. Адам баласы үшін мезгілден асқан әмірші жоқ екенін мойындайсың.

Әлгінде айтқанымдай, соның бәріне қарамастан, бүгінде бәріне шүкіршілік етемін. Ендігі жерде «Балаларым – бақытым, немерелерім – өмірімнің жалғасы» деп, өмір сүріп жатырмыз. Алла тағала дәйім осы көрген күніміз бен қызығымызды көпсінбесін. Бүгінде әйелім екеуміз ертелі-кеш осылардың амандығын тілеп отырамыз. Тегінде, шын бақыт дегенің өзі таңертең төсектен аман-есен жадырап тұрып, алдыңнан құлдыраңдап жүгіріп шыққан немерелердің шат күлкісін көру екен ғой.

Өмірдегі күйбең тірлік ешқашан бітпейді. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дегендей, адамның арманы еш таусылмақ емес. Үміт алға жетелеп, өмір сүресің, қиялға берілесің. Біз де қазір солай өмір сүріп келеміз. Қол жеткеніне тәубашылық, жетпегеніне қапа жоқ. Өйткені, бұл – толассыз қозғалыстардан тұратын өмір. Оның барысында бәрі де болып жатады. Тек жақсылығы, қуанышы көп болса дейміз.

Құдай қаласа, міне, «пайғамбар жасына» да жетіп отырсыз. Қазір артқа бір бұрылып, жүріп өткен жолдарыңызға қарасаңыз, көз алдыңызға алдымен не келер еді, не ойыңызға оралар еді?

– Әрине, ең алдымен ойыма осы өмірге әкеліп, тәрбие берген ата-анам оралады. Оларсыз менің болуым да, қазіргідей қалпыма жетуім де мүмкін емес еді. Сондықтан мен олардың алдында өзімді мәңгілік қарыздар санаймын. Әлбетте, әуелі – Алла, содан кейін – ата-анам. Бұл кісілерді сонау құлдыраңдап шауып жүрген кезімнен бергі кейіптерінде көз алдыма келтіре отырып, қалың ойға көміліп, қанатты қиялға беріліп кетемін.

Иә, «Алпыс үш – «Пайғамбар жасы», алдың мен артыңа қарап, есеп беретін кез» деген рас екен. Алла жазса, сол белдеулі белеске келгелі тұрмыз. Шынында қазір өзімді бір биіктеу бөктердің үстіне шығып, жан-жағымды көріп тұратын хәлге жеткендей сезінемін. Артыма қарасам, сонау ес біліп, етек жапқан шағымнан бергі бар өмірім түгел тізіліп, көрпіле көрініп тұрғандай болады. Артымда жүріп өткен жолдарымның жондары жатыр. Сол соқпақтардың сүрлеуінде не істеп, не қойғаным тек өзіме ғана аян. Көкірегімде бәрі сайрап тұр. Балдырған белесіндегі жыңғылды ат қылып мініп, шапқылағаннан осы күнге дейінгі өмір, оңаша қалып ойланғанда, көз алдынан киноның таспасындай көлбеңдеп өте береді.

Балғын кезде шалалықпен ойын балаларына болмаса, адамға қиянат жасаған жерім жоқ. Бірақ өзім өмірде адамдардан теперіш, қиянатты көп көрдім. Ол да өмірдің үлкен бір сабағы болды. Өзім қызмет істеген мекеме басшысынан көрген қысым мен басқаларға жасаған жамандығын көргенде, «Алла бұйыртып, мекемеге басшы болсам, осы кездерде көргендерім мен алған тәлім-тәрбиемді қол астымдағыларға қолданар ма екенмін?» деп ойға қалушы едім. Уақыт өте келе, басшы да болдық. Жұмыс болған соң түрлі жағдайлар кезігеді. Сонда жұмыстарында жіберген қателіктері үшін қарамағымдағы адамға ұрысарда, оның орнына өзімді қойып, ойланып, өзіме басшыларым не істеді, не айтты, соны саралап барып, не десем де, бір шешімін білдіріп келдім. Мұны да өмірден алған сабақ деп білемін.

Балалық шағыңыздан есте ең бір ерекше қалған нәрсе не?

– «Балалық шақ» деп аталатын «армандай асыл ақ дәурен» еске түскенде, ең әуелі «Бекарыстан би» ауылының оңтүстігіндегі «Бозарықтың» жағалауы көз алдыма келеді. Оның, әсіресе, көктемде жер құлпырып, дала гүлге толатын кезі керемет еді. Көктемнің жазға айналар жайсаң шағы – жазғытұрының жасыл желек күндерінде бұзау қайырып, қойды өріске айдау біз үшін үлкен қуаныш-тын. Жалаң аяқ, жалаң бас төлдер соңынан еріп жүрген кездеріміздің өзінде қаншама шаттық пен шарықтау бар болатын. Анамыздың арпадан жасаған талқанын айранға шылап ішіп, тойып алып кекіргенде, мұрның ұшып кете жаздайды. Не деген бақытты кез! Ойынға да алаңсыз берілесің. Біздің үйіміз ауылдан 2-3 шақырым жердегі «Еңбек» деген жерде тұрды. Мектепке қатынау үлкен күш еді. Мектеп табалдырығын алғаш аттағанымда, 1964 жылғы қоянның қысы болды. Қардың көп жауғаны сондай, оның биіктігі үйдің төбесімен бірдей болып тұрды. Соның үстіне шығып алып, төмен қарай сырғанап ойнайтынбыз. Сол жылы қыста күннің суығынан сабақтан көп қалып қойдық. Мұның бәрі есте. Есте болғаны сол, сол уақыттардың әрбір мезеті көзге де, көңілге де ыстық. Кейде бір балалық шаққа шындап барып, саяхаттап қайтуды қатты тілеп, сағына армандайсың.

Бал дәурен балалық мезет қай адамның да есінде мәңгі қалып, өзімен бірге өмір сүреді деп білемін. Қазір түс көрсем де, бала күнгі үйді көремін. Жаз шыға ауылдан 3-4 шақырым жерге барып, ағаш үй тігіп отыратынбыз. Сол маңға үлкендер бақша егетін. Біз қолды-аяққа тұрмай, қолғабыс береміз. Ауылда өскесін, күн райының жайын да тәп-тәуір білеміз. Көк жүзін кенет ала бұлт торлап, батыс жақтан жел тұрса, бірден үйге қарай жүгіреміз. Себебі, Батыстан, Арал теңізі жақтан көтерілген бұлттан лезде нөсер жаңбыр құйып кеп беретін. Сәл кешіксең, жауынның астында қалып қоясың.

Біз отырған жерлер көктемде гүлге толып кететін. Балалық шақты көзге елестетсем, сол құлпырған дала көріністері көз алдыма келе қалады. Соның бәрі – осы күні сағыныш. Тәтті сағыныш. Ұмытпасам, композитор Әбілахат Еспаевтың сөзін белгілі сатирик ақын Оспанхан Әубәкіров жазған, жүректің қылын қозғайтын «Сағыныш екен бала кез» деген әні болушы еді. Соның алғашқы шумағы:

«Армандай асыл ақ дәурен,

Алыстап қалды-ау қара көз.

Алаулап атқан таңдармен,

Келмейді-ау сол бір бала кез», деп келетін.

Сол композитор және ақын ағаларымыз жүректі шымырлатып отырып, арман еткен армандай асыл ақ дәурен – бақыты бала кез енді қайтып келмейді ғой. Сірә, жүрек-жұлыны, ақыл-парасаты бар кез келген адам сол аяулы шақтың енді қайтып келмейтінін жақсы білсе де, оны кәдімгідей армандайды. Солардың қатарында әмісе мен де бармын.

Әлі есімде, әкем 1968 жылы «Бекарыстан би» ауылының шетінен үй салды. Балалық көзбен қарағанда, келімі келіскен зәулім кең үйге кірдік. Ауылдың ішінен алыстау болса да, балалармен бірге мектепке бара алатындай жағдайға жеттік. Сол жылдың күзінде біздің жаңа салынған үйде тағы бір үлкен жаңалық орын алды: Қазалы ауыл шаруашылығы техникумында оқып жүрген үлкен ағам Оңғарбай үйленіп, Торша жеңгем біздің отбасына бірінші келін болып түсті. Мен үшін бұл да айран-асыр қуаныш болды. Үйдегі баланың кенжесі болған соң жеңешем еркелетіп, маған «Кішкенем» деп ат қойды. Балалық шақ туралы айтқанда, осы жағдаяттар санамда алдымен сәуле беріп, жарқ етіп шыға келер еді. Поляктың Владислав Гжегорчик деген бір білгірі «Адамға ғажайыптың бәрі балалық шақта ғана кезігеді» деген екен. Бұл да – ақиқат. Біз де өмірдегі барлық ғажайыптарды балалық шақтың базарлы күндерінде көрген екенбіз. Бәлки, періштедей пәк сол бір кезеңнің ыстық болатыны содан шығар.

– «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегенді қалай түсінесіз? Қазақтың осы мақалының астары неде?

– Бұл мақалдың тура мағынасын халқымыздың «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген келесі бір нақылы тура қалпында беріп тұр ғой деп есептеймін. Бұл қанатты сөздің астарында осындай ой жатыр. Ал бұдан гөрі тереңдетіңкіреп айтар болсақ, бұл кез келген баланың өмірдегі ең бірінші өнегесін өзін туып-өсірген әкесі мен шешесінен  алатынын білдіреді. Мұны ата-ана ешуақытта жадынан шығармауы тиіс.

Біз өзіміз ес біле бастаған шақтан ата-анамыздың бөтен мінезін, артық әрекеттерін көрген емеспіз. Олардың өзара тату-тәтті өмір сүргені бөлек, балаларының да бір-бірін жақсы көріп өсулеріне ықпал жасап отырды. Олар ең басты өнегені өздерінің күнделікті істерімен, әрекеттерімен көрсете білді. Әйтпесе ешқайсысы ешбірімізге «Сен былай бол, сен ана нәрсені жақсы көр, ағаңды сыйла, ініңді құрметте» деп, ауызша нәсият айтқан жоқ. Меніңше, тәлімді тәрбиенің үлкені де, тиімдісі де осы. Анамыз әкемізді қатты құрмет тұтты, әкеміз де өз кезегінде анамызды жақсы сыйлады. Соның бәрі бізге сабақ болды. Әсіресе, анамыздың әкемізді пір тұтып, айбынын асқақтатып отыратын қасиеті ерекше еді. Бұл, шамасы, қазақтың атадан балаға жалғасып келе жатқан ғасырлар бойғы ұлттық тәрбиесінің негізгі діңгегі болуы керек. Мен осы ретте біздің қазақтың әйелдері, аналары қандай данышпан болған деген ойға кетемін. Бұл – сонау Ұмай анадан бастап, Домалақ ана, Зере ана, Ұлжан ана секілді қасиеттілеріміз кейінгіге қалдырып кеткен үрдістің жалғасы. Қашанда тәрбиенің кілті – отбасының өзінде, оның өмір сүру қағидасы мен тәртібінде. Сондықтан біз де әкеміз бен шешемізден көргендерімізді есте сақтап, өзімізден туған балаларға келгенде, сол тәрбиенің дәнегін егуге әрекет жасадық.

Белгілі психолог-педагог Василий Сухомлинский ананың баласына кішкентай нәресте кезінен ең жақын адамы болатындықтан, оның қоғамда қандай адам болып қалыптасуына да негізгі бастауды жасап беретінін айтады. «Егер сен бала жасыңда анаңның көзіне қарап тұрып, одан абыржу мен мамыражайлықты көре алмасаң, онда адамгершілік жағынан нағыз көрбақ болып шығасың», дегенді де осы ұлы ұстаз айтқан. Бәріміз бала кезімізде оқыған «Том ағайдың лашығы» романының авторы, америкалық жазушы әйел Гарриет Бичер-Стоунның інісі Генри Уорд Бичердің «Ананың бесік жанында салған әні адамды өмір бойы әлдилеп, ақиретке дейін жеткізеді» дегені де бар. Осының бәрі не деген керемет сөздер! Ең бастысы, қалай дәл айтылған!

Ана… Адам үшін ең қымбатты да жақын жан. Ол бізге өмір берді, бақытты балалық шақ сыйлады. Ананың жүрегі күн секілді, ол бізге барлық жерде, барлық уақытта сәулесін шашып тұрады, өзінің жылуымен біздің бойымызды жылытты, ойымызды марқайтты. Ана – біздің нағыз адал досымыз, мейірбан ақылшы-кеңесшіміз. Ана – біздің сақтаушымыз.

Ал әрбір шаңырақта әкенің алатын орны ерекше зор. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоры. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, еңбегі, парасат-пайымы мен білім-білігі баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, қарап өсетін басты нысанасы болып тұрады. Ал ана – сол отбасының ұйытқысы, берекесі, ол – сол ошақтың отын маздатып жандыратын жан. Әкенің тапқан табысын үйлестіре отырып, үйдің ішін тарықтырмау, бәрінің берекесін келтіру әйел-ананың мойнына жүктеледі. Сондықтан отбасының бірлігі мен берекесінде ананың атқаратын рөлі қашанда жоғары. Ендеше, ойдың орамында менің жоғарыда айтылған нақылға өз жанымнан қосарым: «Әкеден – зият, анадан – мият». Бұл жердегі зият – парасат-пайым, ақыл-ой, адамгершілік, мият – мейірім, шапағат, махаббат. Міне, бұлар тұрған жерде бәрі де керемет болады. Осы жасқа келгендегі менің бұл өмірден түйген тағы бір тұжырымым осындай.

– Осы кезге дейін әлем әдебиетінде аналар образы үлкен бір шоғыр болып қалыптасты. Сол образдардың арасында өзіңізге ұнайтындары қайсы?

– Бұл бір күтпеген сұрақ болды ғой. Дегенмен, қызықты тақырып. Сәл ойымды жинақтап алып, еске түсіріп көрейін. Әлбетте, көркем әдебиет те, ондағы аналар образы да кеше мен бүгін жасала салған жоқ. Ол сонау ежелгі грек мифологиясынан бері қағаз жүзін кестелеп келе жатыр. Ана тақырыбы сол дәуірлерден бері бар.

Аналар образы туралы айтқанда, өзіміз университетте оқып жүрген кезде тереңінен танысқан ежелгі грек аңыздарындағы Құдай-ана бейнесі ойға оралады. Бұдан әрі сұлулық құдайы Афродита, жер-ана мен егіншілік құдайы Деметра, неке мен отбасы құдайы Гера, даналық құдайы Гея, өлілер құдайы Персефона еске түседі. Мұндай құдай-аналар ертедегі мысырлықтарда да, үнділерде де, ассириялықтарда да, заратуштрада да, римдіктерде де, славяндар мен түркілерде де болған. Соның ішінде біздің түркілерде ғана олар соншалықты көп болмаған. Біздің ата-бабаларымыз Ұмай-ана мен Ыдық Йер-субқа ғана табынған. Сол орайда Ұмай-ананы қатты құрмет тұтқан. Ол Тәңірінің өзінен кейінгі екінші тұлға ретінде танылған. Ұмайдың аты мен заты ежелгі түркі жазбаларында, алтайлардың, башқұрттардың, қазақтардың, қырғыздардың, татарлардың, хакастардың, тувалардың, сондай-ақ моңғолдар мен буряттардың аңыздарында ұшырасады.

Бір айта кететіні, грек мифологиясында нашар ананың да образы бар. Соның ішінде ең көп айтылатыны – қазір Грузияның аумағы болып табылатын Колхида жерінде өмірге келген Медея. Бойжеткен сұлу мұнда «алтын руноны» іздеп келген Ясонға аяқ астынан ғашық болады да, оның мақсатына жетуіне көмектесу үшін әкесі мен ағасын өлтіреді. Ал Элладаға барғасын өзінен шыққан екі ұлын да тап солай тәңіріне тапсырады. Кейін осы Медея образы ерте дүниедегі грек Еврипид пен римдік Сенеканың, орта ғасырлардағы француз Пьер Корнельдің «Медея» деп алатын трагедияларында нашар әйел тұлғасының негізгі прототипі болды.

Ал көркем әдебиеттегі аналар образының адам баласына ететін әсері жайына келсек, олар шын мәнінде бізге ананы бұрынғыдан бетер қастерлей түсуге жетелейді, оған өзіміз бұрын байқамай келген қырынан қарауға үйретеді. XIX ғасырдағы орыс әдебиетінде сол себепті ананың образы басты бейнелердің біріне айналды. Орыстың ұлы ақыны Николай Некрасовтың поэзиясында ана тақырыбы тереңінен толғатылады. Табиғатынан ішінен тынып өскен ақын жастық шағында да, есейген кезінде де өз өміріндегі ананың рөлін бағалауда соларды дәл беретіндей айқын да анық сөз тіркестерін таппай қиналады. Осыдан кейін, ұлғая бастағанында «Ана» деген поэма жазып шығып, бар ой-түйінін төгеді.

Некрасов мұны былай деп өте әдемі жеткізеді:

«И если я легко стряхнул с годами,

С души моей тлетворные следы,

Поправшей всё разумное ногами,

Гордившейся невежеством среды,

И если я наполнил жизнь борьбою

За идеал добра и красоты,

И носит песнь, слагаемая мною,

Живой любви глубокие черты –

О, мать моя, подвигнут я тобою!

Во мне спасла живую душу ты!»

Қандай керемет жолдар! Адам баласына әсер ететін образдың бірі осы. Айтқандай, классик ақын өзінің «Русьте тұрған кімге жақсы?» деген атақты дастанында да, «Деревняда астық ору қызып тұр», «Орина – солдаттың анасы» деген өлеңдерінде де ана бейнесін жаңа бір қырларынан ашып көрсетеді.

Қырғыздың атақты жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» деген повесіндегі Толғанай ананың образы қандай ғажап! Оқырман қауым бұл шығарманы негізінен «Ана – Жер-Ана» атты спектакльге айналған варианты арқылы жақсы біледі. Повестегі: «Амансың ба, қасиетті далам! – Аманшылық. Келдің бе, Толғанай? Өзің былтырғыдан да қартайып кетіпсің ғой. Шашың қудай аппақ, қолыңда таяқ. – Өмір деген зымырап өтіп бара жатқан жоқ па, Жер-ана? Арадан тағы да бір жыл зымырап өте шықты. Бүгін менің мінәжат ететін күнім. – Білемін. Келеріңді біліп жатқанмын, Толғанай. Бұл жолы сен баланы да ертіп келмейтін бе едің?» деп басталатын жолдарды тебіренбей оқып, тыңдау мүмкін емес.

Жалпы, әлем әдебиетінде, тұтастай алғанда, ертеден мәлім аналар образы тамырын тым тереңнен тартатын, бұрынғы классикалық әдебиетте де, осы заманғы әдебиетте де аса маңызды орын алатын әдеби құбылыс ретінде жан-жақты зерттеуді қажет ететін тақырып. Осы орайда өзім жақында танысып қалған ағылшын тілді ирланд жазушы әйелі Эни Энрайттың 2007 жылы баспа жүзін көрген «Собрание», яғни «Жиналыс» деген романы туралы бірер сөз айта кетейін. Біз одан бәрімізге бұрыннан белгілі ананың «дәстүрлі» немесе «классикалық» бейнесін көре алмаймыз. Онда біз бұрыннан білетін ана образынан гөрі ішкі қарама-қайшылығы көп, оқырман қауымға діңі жат әйелдің тұлғасын байқаймыз. Мысалы, орыс және қазақ әдебиеттерінде әйел-ана бүкіл отбасының қорғаны, балаларының панасы ретінде суреттеледі, олар перзенттері үшін өмірін қиып жіберуге де дайын тұрады, эгоизмнен ада, мейір-шапағатқа толы болып келеді. Бұларды біз орыс-кеңес жазушысы Максим Горькийдің әйгілі «Ана» романындағы Пелагея Ниловнадан да, қазақ қаламгері Ғабит Мүсіреповтің «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашашысы», «Ақлима», «Әмина», «Ер ана» секілді әңгімелеріндегі кейіпкерлерінен де көреміз. Орыс жазушысының бұдан бөлек, «Адамның анасы», «Өлімді жеңген ана» деген новеллалары болған. Соларды қазақшаға Ғабаң аударды. Айтары жоқ, өзінен бұрынғы классиктерден көп нәрсені үйренген жазушымыз кейін қазақ аналарының үлкен шоғырын жасап шықты. Оның «Ұлпан» деп аталатын ерек шығармасы – романын да жақсы білеміз. Осыған ұқсас қорғаныш психотипі колумбиялық атақты жазушы Габриэль Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романындағы Урсуланың басында да бар.

Айта берсек, бұл тақырыпта әңгіме өте көп. Соның ішінде қазақ әдебиетінде де мысалдар жеткілікті. Ана бейнесін жасамаған жазушы бізде кемде-кем. Ол сонау Спандияр Көбеев пен Жүсіпбек Аймауытовтан басталады. Ана образын кезінде Бейімбет Майлин де бір адамдай сомдады. Мағжан Жұмабаев өлеңмен кесте салды. Бертінде Мұхтар Әуезов қандай жасады. Қазіргі заманда Шерхан Мұртаза мен Мұхтар Мағауиннің романдарында ана бейнесі керемет кесте болып көрінді. Міне, бүкіл әлем әдебиетінде осылай қалыптасқан ана тұлғасын басқаша, нашар қырынан көрсету үлгісі Батыстың кейбір жазушыларында кездесіп қалады. Мұны да айта кетуіміз керек. Мұндай «медеялық» ағым өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан басталады. Бұған ағылшын жазушысы Тони Моррисон, америкалықтар Эми Тань мен Сью Таунсенд түрен салды. Әлгіндегі Эни Энрайт – сол ізге түскен қаламгер. Ол өзінің ізашарлары сияқты ананың қоғамда, отбасында, бала тәрбиесі төңірегінде алатын рөлін төмендетіп көрсеткісі келеді. Мен мұның бәрін қазір неге айтып отырмын? Себебі, бізде қазір өз ұлттық құндылықтарымызды ысырып тастап, Батысқа еліктеушілік тенденциясы басымдық алуда. Оны соңғы жылдары Қазақстан телеарналарындағы «Қалаулым» сияқты адамды бұзатын, ұлттық тәрбиені аяққа таптайтын алуан түрлі бағдарламалардың өзі-ақ көрсетіп отыр. Қазір бүкіл ел болып жабылып, соны жаптыра алмай отырмыз. Ендеше, жазушыларымыз да келешек әдебиеттің жаңа ағымы ретінде әлгі сарындарға түсіп кетпесе екен деп тілеймін. Біле білсек, «мың өліп, мың тірілген» қазақты осы заманға дейін аман-сау жеткізген – біздің аналарымыз бен әжелеріміздің тәрбиесі, тәлімі, өнегесі.

Сөз реті келгенде айта кетейін, бізде қазір баяғы «әжелер институты» да жоғалып барады. Бүгінде әженің бауырында жатып, қазақтың байырғы тәлім-тәрбиесі көп ғажап ертегілерін тыңдайтын бала аз. Қазақтың балалары одан гөрі Батыстың еш мәні жоқ арзанқол мультфильмдерін көруге көбірек құштар. Бұлай болып кете берсе, келешекте нағыз қазақ тұлғасындағы азаматтардан айырылып қаламыз. Бұл ретте бізге жапондар қолданып отырған мемлекеттік саясатқа көшпей болмайды.

Сіздің журналистикаға бет бұруыңызға не әсер етті? Оған қалай келдіңіз?

– Балалық кезде армандау, еліктеу көп болады. Мен де «актер болсам» деп армандадым. Бірақ өмір басқа арнаға салды.

Жоғарғы кластарда жүргенде, жұртқа еліктеп, өлең жаздым. Бірақ қатарластарға оқытуға жүрексініп, тығып қоятынмын. «Қазақстан пионері» мен аудандық газетке хат жолдап, жаңалықтар мен хабарлар жазып жіберіп тұрамыз. Жарық көрсе, марқайып қалатынбыз. Көбінесе ақыл, кеңес берген жауап хаттар келетін. Әскерге кетерде және келген соң аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында мамандығым бойынша фотограф болып жұмыс істедім. Аудандық «Ленин туы» газетінің редакциясымен тығыз байланыста жүрдім. Оған басты себеп ауылдасым, журналист Насифулла Аяғанов пен Раушанбек Сейтенов болды. Газет бетінде сурет, мақалаларым жиі жарияланып тұрды. Сондықтан редакция маған штаттан тыс тілшінің куәлігін берді. Бірте-бірте газетке деген қызығушылығым артты. Ақыры 1979 жылдың аяғында Насифулла газет бөліміне ауысып, мен орнына фототілші болып орналастым. Газеттің редакторы Сейіл Боранбаев ағамыз қызметкерге айқайлап ұрыспаса да, сұсынан ығып, алдына баруға жүрексінеміз. Нағыз ұстаз адам. Ақын. Нақыл сөз бен жырды қиыннан қиыстырудың шебері еді.

Әлі есімде, фототілші бола жүріп, барған шаруашылықтардан газетке қажет фактілер ала келемін. Бірде Сейіл ағамыз менің қабілетімді байқағысы келді ме, «Мынаны өзің жаз» деді. Газетке тоқсан жолдық хабарды жазып, алдына имене кіріп, алып бардым. Сейіл ағамыз мен жазған хабарды оқып көріп, бірден өзінің орынбасары Киікбай Изетовті шақырып алды. Санамда «дұрыс болмады ау» деген ой сап ете қалып, қысылғанымнан терлеп кеттім. Сәкең: «Киікбай, оқып қарашы, талабы жаман емес. Баулу керек. Тоқсан жол хабарды осылай жазғанда, баулысақ, тоғыз жүз жолды да жазатын болады» деп маған үлкен денесімен бұрыла қарап, барлай көз тастады. Сол күннен бастап маған газетке материалдар дайындауға тапсырмалар беріле бастады. Сейіл ағаның нағыз ұстаз екенін кейін түсіндім. Бірде мені кабинетіне шақырып, бір жұмыс жөнінде ойласты. Газетке жұмысқа келген жылым. Айтып отырған жұмысы менімен ойласатын шаруа емес. Айта келіп, «Былай болса қалай қарайсың?» деп маған барлай қарады. Сол ойластықтың астарын кейін түсіндім. Менің ой өрісімді байқап көру екен. Нағыз сынақ. Журналистика саласына келуіме Сейіл Боранбаев пен Насифулла Аяғанов себеп болды. Өмірден жол табуыма бағыт көрсеткен екеуінің алдында қарыздармын деп есептеймін.

– Шынында «Ленин туының» шығармашылық әлеуеті күшті болды. Оның қабырғасынан шыққан белгілі қаламгерлердің бірқатарын өзіңіз де жаңа айтып өттіңіз. Өзіңізбен әріптес болған сол ағаларыңыз бен қатарларыңызды бүгінде қалай еске аласыз?

– Иә, сонау өткен ғасырдағы 80-ші жылдары «Ленин туы» газетінің редакциясында біраз қарымды журналистер қызмет атқарды. Сейіл ағаның сол кезде басшымыз болғанын да әлгі әзірде айттық. Ал оның орынбасары Киікбай Изетов, жауапты хатшы Жұмабай Жақыпов, бөлім меңгерушілері Молдабай Қаржаубаев пен Әбен Жұмашев, әдеби қызметкер Жаңабай Өтегенов ағаларым болды. Бәрі де газеттің жұмысында ысылған, тәжірибелі журналистер еді. Бір күндері дәм-тұз айдап, олардың қатарына ауыл баласы – мен де қосылдым.

Өмір болған соң редакцияда да өзгерістер болып жатты. Ағаларымыздың кейбірі  қызмет бабымен сатылап өсіп кетті, басқа қызметтерге ауысты. Олардың орындарына жас қызметкерлер келді. Сол тұста Насифулла Аяғанов, Жүргенбай Өмірбаев, Бақытжан Жалғасбаев, Едіге Кішкенеев және басқа да жігіттермен тонның ішкі бауындай болып, ынтымақтаса еңбек еттік. Газет жұмысын жоғары деңгейге көтеруге шама-шарқымызша үлес қостық. Есімдері аталған жігіттердің барлығы газет ісіне жаңа араласқан жастар болса, Бақытжан Жалғасбаев бұрын газет редакциясы мен баспаларда қызмет атқарған қарымды журналист еді. Сырқат меңдегендіктен, азамат туған жерге оралған екен. Сыпайы мінезді ағамыз ауруы жайын жиі ауызға ала беретін. Өзінің денсаулығының жәйін өзі сезіп жүреді екен ғой. Көп ұзамай-ақ дүние салды. Кемеліне келген шағында әріптес ағамыздың өмірден өткені өте өкінішті болды. Бақытжан ағаның жүріс-тұрысы, кескін-келбеті бүгінгідей көз алдымда. Редакторымыз Сейіл Боранбаев аға сабырлы мінезді, қамқоршыл азамат бола тұра, жұмысқа келгенде, журналистерге қатаң талап қоятын. Газет бетінде мазмұнды, сапалы, қызғылықты материал жариялана қалса, балаша қуанып, авторын қолпаштап сөйлеп, осындай материал жазу керектігін барша журналистерге ескертіп отыратын. Ол кездері қазіргідей емес, газеттің беделі өте жоғары болатын. Газетте шыққан әрбір сын мақалаға тиісті орындардың басшысы жауап беретін, кемшілік жіберген мамандарға шара көрілетін.

1982 жылы аудандық газетті ширек ғасыр басқарған талантты ақын, абзал азамат, тәжірибелі журналист, шебер ұйымдастырушы, білікті басшы Сейіл Боранбаев аға қазіргі «Сыр бойы» газеті редакторының бірінші орынбасары қызметіне жоғарылады. Аудандық газет редакторының орынтағына бұрынғы газет қызметкері, аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған Тиышбай Шерекенов ағамыз отырды. Тәкең келгеннен тізгінді бірден қолға алды. Бірақ мазасыздау болды. Кейде артықтау талап қойып жіберетін. Өзі барынша сақ. Газетке өзгерістер енгізуге тырысты. Тәкең ағамыздың кезінде Замеддин Нұрадинов, Балтабай Тәжімбетов, Жетіскен Мәкенәлиев есімді журналистер қызметке алынып, газет жұмысын жақсартуда жемісті еңбек етті.

Жасыратыны жоқ, Тәкең мен журналистер жиі сөзге келіп қала беретінбіз. Жеке бастың мәселесі емес, шығармашылық жайында. Бірте-бірте тіл табыстық. Кейін Тиышбай аға аудандық партия комитетіне қайта ауысып кетті. Содан кейін ұзақ жылдар  редактордың орынбасары болған Киікбай Изетов ағамыз редакторлық қызметтің дәмін татты. Жұмсақ мінезді басшы әрі редакция қызметкерлерімен етене таныс, сондықтан болар, ұжым мүшелерімен сыйласа, ынтымақтаса еңбек еттік. Газет жұмысының барлық саласына қанық, ұзақ жылдардан бері оның ыстық-суығына төзген азамат та көп ұзамай аудандық партия комитетіне қызметке шақырылды. Содан кейін аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып көп жыл қызмет атқарған талантты журналист, жазушы, КСРО және Қазақстан Жазушылар одақтарының мүшесі Әлмәмбет Әлішев ағамыз келді. Ол да келісімен газет ісіне тың өзгерістерді батыл енгізе бастады. Қарауындағыларға қатаң талап қойды. Қандай тапсырма берсе де орындататын. Сапалы, мазмұнды мақалалар жазуды басты міндет етті. Әлекең мақала жазғанда қандай мәліметтерге назар аудару керектігін айтып, соған жауап іздеуде өзінің нақты ұсынысын білдіріп отыратын. Және қай журналистке қандай тапсырма бергенін ұмытпайтын, соны орындатпай қоймайтын. Ал журналистің жазған мақаласы көңілінен шықпаса, қалай жазу керектігін түсіндіріп, қайта жаздыратын. Одан соң жөндеп, иін қандырып барып, газетке жариялайтын. Редакциядағы әрбір журналистің қарым-қабілетін тамыршыдай тап басып, оның қандай материал жазуға икемділігін жазбай танып, сол саладан мақала жазуға жіберетін. Сөйтіп, Әлмәмбет аға аз ғана жылдардың ішінде газет беделін жоғары деңгейге көтеріп, газет тиражын санамалап өсірді.

Әлекең редакторлық еткен мерзімде редакцияда Балтабай Тәжімбетов, Молдабай Қаржаубаев, Жаңабай Өтегенов, Едіге Кішкенеев, Жетіскен Мәкенәлиев, Жүргенбай  Өмірбаев, Насифулла Аяғанов, Тарғын Қаниев, Сахи Қапаров, Құттыбай Баймаханов, Жұмабек Табынбаев есімді ағаларымызбен, замандастарымызбен, інілерімізбен қоян-қолтық араласып, сыйласып қызмет атқардық. Олардың бірсыпырасы реті келгенде, басқа қызметке ауысып, ол салаларда да абыройлы істерімен көрінді.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалына қалай келіп жүрсіз? Өмір жолыңызды бұлайша күрт өзгертіп жіберген кім?

– Міне, үстіміздегі жылы партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып келе жатқаныма он төрт жыл болды. Мұнда қызметке келгеніме қуанбасам, өкінбеймін. Жаңа орта, сан қилы адамдармен әріптес болып, өміріме өзгеріс енді. 2007 жылы шілдеде бірден сайлау науқанына кірісіп кеттім. Партия жұмысына біртіндеп қаныға бастадым. Осы жылдар ішінде республикамыздың оңтүстігі мен солтүстігіндегі, батысы мен шығысындағы қалаларда өткен семинарларға, жиналыстарға, конференцияларға, сьездерге қатысып, талай-талай белгілі адамдармен жүздесудің, сөйлесудің сәттері түсті. Бұл да маған берілген үлкен мүмкіндік, бақыт деп білемін.

Бұл қызметке келуіме сол кездегі аудан әкімі Айтбай Көшербайдың себебі болды. Аудан әкімінің орынбасары қызметі босап, сол орынға екі қызметкерді ұсынылыпты. Біреуі мен болыппын. Ол кезде өзім болып жатқан жағдайдан хабарсызбын. Кейін құлақтандым. Аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары аудан әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды да, мен соның орнына қызметке келдім.

Партия жұмысы да қиындығы мен қызығы қатар жүретін жұмыс екен. Қызығы – елмен, халықпен етене жүресің. Талай адамның тағдырына араласасың. Мен осы жылдарда қаншама жанның талап-тілектері мен өтініш сауалдарын барынша оңтайлы шешілуіне атсалыстым. Әр талап-тілектің артында бір адам, отбасы, түгелдей ұжымның тағдыры тұрады. Сол жандардаң тағдырының кейіпіне енесің, солармен бірге қиналасың, жоғарыға шешілуге жолданған болса сол жандармен бірдей үміттеніп зарыға күтесің.

Тағы бір айта кететінім, партия жұмысында талай жандармен әріптес болдым. Сонау 2007 жылдары облыстық партия филиалының төрағасы Қылышбай Бисенов, Нұрлан Құдайбергенов, төрағаның бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков, Алмагүл Божанова, Наурызбай Байқадамов, Ибадулла Құттықожаев, қазіргі таңда Ақмарал Әлназарова, сондай-ақ аудандардағы әріптестерім: жаңақорғандық Мәжит Балқожаев, шиелілік Патима Маханбет, қызылордалықтар Мақсұт Баекеев пен Шәріп Абдрахманов, сырдариялық Марат Омаров, Еркебұлан Жақып, жалағаштықтар Сұлтанмұрат Тәйтіков пен Қаншагүл Мұстафаева, қармақшылық Гүлжауһар Раева, байқоңырлықтар Әнуар Дәуленбаев, Бақытбек Бекпанов, Дастан Боханов, аралдық Талғат Қанатов секілді азаматтармен бір мақсат, бір мүдде жолында жұмыс атқардық және атқарып келеміз.

Ал аудандық филиалға келер болсам, олардың төрағалары Толыбай Жүсіповпен, Нұрман Талқанбаевпен, Айтбай Көшербаевпен, Мұрат Имандосовпен, Нәжмадин Шамұратовпен, Бақыт Жахановпен бірге партия жұмысын қоян-қолтық араласа отырып атқарып келсек, қазір Мұрат Ергешбаевпен бірге қызметтеспіз. Аудандық партия филиалы аппаратының  қызметкерлері Жанат Кадирова, Алтынай Кенжалиева, Гүлдәрі Иманалиева, Асылзат Сейілқызымен бірлесіп, аудан халқына қызмет жасап келеміз.

Сұхбаттасқан Серік ПІРНАЗАР

ҚЫЗЫЛОРДА

 

Сұхбаттың толық нұсқасын «Дидарғайып» журналының 2020 жылғы №5 нөмірінен оқи аласыздар.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button