Таразда 9-сынып оқушысы 10 жасар қарындасын өлтірді
ТАРАЗ. 19 мамыр. Таразда 9-сынып оқитын оқушы 10 жасар туған қарындасын өлтірді деген күдікке таңылып жатыр. Бұл туралы «express-k.kz» жазды.
Қазір тергеу бұл қайғылы оқиғаның орын алу себебін анықтау үстінде.
Қаза тапқан қызды білетіндер мейірімді, елгезек, күліп жүретін бала ретінде еске алып, оның тек жақсы жақтарын айтуда. Оның ағасының мінезі керісінше тұйықтау, ешкімге қосыла бермейтін бала ретінде бағаланды. Үйдегі балалардың үлкені болғасын ұдайы анасына көмектесіп жүрген екен. Ол жөнінде де жаман сөздер айтылмайды. Ерекше қабілетті деген де сөз жоқ.
Басылым бұдан әрі көп балалы болып саналатын отбасында балалардың қалай тұрғаны жайын жазады. Оларға мектеп карантин кезінде қашықтан оқуға пайдалану үшін компьютер бөлген екен. Кішкентай қыз оны тек сабағына ғана пайдаланып келіпті. Ал оның ағасына компьютьердегі ойындар көбірек ұнапты. Бала монитордың алдында отырып, атысып жату үшін қарындасымен азаннан кешке дейін сөзге келіп, қырқысуға дайын болыпты. Шамасы, оның бойында осылайша қарындасына деген өшпенділік пайда болғанға ұқсайды. Мұның соңы жасөспірімді қылмысқа итермелеген сияқты.
Мамырдың 13-нен 14-не қараған түні Люда есіктің алдындағы тапшанға жатып ұйықтапты. Сағат 11-лер кезінде Алеша оның ұйықтап қалуын күтіп отырыпты. Қарындасы ұйықтады-ау деген кезінде бала қолына балға ұстап келіп, қаннен қаперсіз жатқан қызды басынан ұрады. Әзірге оның қанша соққы жасағаны белгісіз. Бірақ қыз сол жатқан орнынан тұра алмай, жантәсілім еткен екен.
Содан кейін Леша жансыз жатқан денені жұлмалап көтеріп, көрші үйдің ауласы жанына апарып тастайды. Содан кейін үйіне келе сала, жұрттың бәрі шырт ұйқыдан оянып, жоғалып кеткен қызды іздеуге шығулары үшін дабыл қағады.
Баланың өзі қарындасын тапқан болған кезде оқиға орнына тәртіп сақшылары де келіп жетеді. Күдік бірден баланың өзіне түседі.
«Тергеуге мен өзім қатыстым. Басында бала бәрін «білмеймін», «көрген жоқпын» деген сыңайда сылап-сипап айтып отырды. Ал әңгіме компьютер ойындарына қарай ойысқанда, ол кенет бәрін ұмытып, жанданып сала берді. Сөзден сөз туып, қуалай сұрақ қойыла бастағанда, бала қарындасын өзі өлтіргенін мойындап қойды. Не үшін өлтіргені сұралғанда, «әбден шаршатып болды» дегенді айтты. Ең бір басып айтарым, бала мұның бәрін еш эмоциясыз айтып берді, тіпті көзіне жас алған да жоқ. Біз үйден қылмыс құралы – балғаны, қан шашыраған жейде мен сланцыды тауып алдық», – деді Жамбыл облыстық полиция департаменті криминалды полиция басқармасы бастығының орынбасары Ардақ Мәдімаров.
Сот 9-сынып оқушысын тұтқынға алуға санкция берді. Ол қазір тергеу оқшаулағышында жатыр.