Қазақстанда өткен жылы 160 мың жеңіл автокөлік шығарылды

АСТАНА. 9 қаңтар. Қазақстанда 2025 жылы шамамен 160 мың жеңіл автокөлік шығарылып, көрсеткіш өткен жылғыдан 18 пайызға артқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашеваның айтуынша, көліктің барлық түрі бойынша жалпы өндіріс көлемі 171 мың данаға жетіп, 18 пайыздық өсім көрсеткен. Бұл – қазақстандық автокөлік өнеркәсібі тарихындағы ең жоғары нәтиже.
«2025 жыл қазақстандық автонарық үшін сапалы өсім кезеңі болды. Өндірістік қуаттардың кеңеюі мен жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы жұмыс орындарының көбеюіне тікелей әсер етті. Қазір салада 11 мыңнан астам маман еңбек етеді», – дейді Анар Мақашева.
Қазақстан автокөлік одағының бағалауынша, саланың өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы үлесі шамамен 8 пайызды құрайды Ал машина жасау құрылымында автосала басым бағыт саналып, оның үлесі 41,7 пайызға жеткен.
2025 жылы автокөлік өндірісіне салынған инвестиция көлемі 113,6 миллиард теңгеден асты. Бұл қаражат зауыттарды жаңа жабдықтармен қамтуға және автокомпоненттер өндірісін іске қосуға жұмсалды. Қазір Алматы мен Қостанайда Astana Motors Manufacturing Kazakhstan және Kia Qazaqstan зауыттары жұмысын жүргізіп жатыр.






