Эйдман: АҚШ президенті неліктен өзін Киевке тәуелді етіп отыр?

ЛЕЙПЦИГ. 23 ақпан. Ресейлік әлеуметтанушы Игорь Эйдман АҚШ лидері Дональд Трамптың неге Киевке тәуелді болып отырғанын айтып берді. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
2011 жылдан бері Германияның Лейпциг қаласында тұрып жатқан ресейлік социолог Игорь Эйдман Америка басшысы Дональд Трамп қазір Украинаға да, бүкіл әлемге де ешқандай шарт қоя алмайды деп есептейді.
«АҚШ президенті Дональд Трамп украин әріптесі Володимир Зеленьскийге тәуелді», – деп жазды ол өзінің Telegram блогында.
Оның пікірінше, Украина басшысы Уашингтонның қысымына абыроймен «төзеді». Ал жалпы Трамп сыртқы саясатта әлі ешқандай жеңіске жете алған жоқ. Канада оның АҚШ-тың 51-ші штаты болуы керектігі туралы бопсасынан сол бойда батыл бас тартты, Дания өз автономиясы – Гренландия тұрғындарының толық келісім беріп отырғанына қарамастан, бұл аралды Америкаға сату мүмкіндігін бірден жоққа шығарды. Иордания мен Мысыр Трамп «Жерорта теңізі Ривьерасына» айналдыруды армандап отырған Газа секторынан араб нәсілді босқындарды қабылдау идеясын қолдамады. Бесінші сәтсіздік – Панама мемлекеті «Панама» каналын АҚШ-тың бақылауына беруге де, бұл жерден Америка кемелерінің баж салығынсыз өтіп тұруына да келіспеді. Тіпті Хамас лаңкестерінің өзі Трамп тарапынан жасалған қысымнан ықпай, кепілге алынған израильдіктерді босату шарттарын орындауға асықпай отыр. Ал бүгін Ресей сыртқы істер министрлігі Трамптың кеше айтқан алдағы сейсенбіде РФ мен АҚШ арасында Украинадағы соғысты тоқтатуға байланысты келіссөздердің екінші раунды өткізіледі деген мәлімдемесін жоққа шығарды.
Жалпы, Америка лидері бұрыннан көп сөйлеп, көп уәде беретіндігімен көзге түсіп жүр. Бірақ оның саясатының нәтижесі әзірге нөлге тең. Бұған оның таққа отырған бойда Украинадағы соғысты 48 сағатта тоқтатам деген сандырағын да қосуға болады.
Эйдманның айтуынша, Трамп енді Украинаны да қалайда лақтырып тастап кете алмайды. «Трамп өмір бойы тәлімгері Рой Конның шабуыл жасау, қарсылық болса, шегін, бірақ жеңісі туралы айту беру керек деген принциптерін ұстанып келеді. Қазір Трамп Зеленьскиймен қарым-қатынасында шабуыл сатысында тұр. Ал егер енді қатты қарсылыққа тап болса, ол бірден кілт тоқтай қалып, шегініс жасайды» деп жазды сарапшы.
Эйдман Трамптың Украинамен ресурстарға қатысты келісімге қол қоюға қалай асыққанына және әбігерге түскеніне назар аударды. Бұл келісім Трампқа өте қажет, ол бұған Киевті қысып ұстаудың маңызды тұтқасы болуы мүмкін.
«Оған сайлаушыларға табысы туралы есеп беру үшін кез келген, тіпті ең мағынасыз қағаздың өзінде Зеленьскийдің қолтаңбасы болуы өте қажет. Трампқа бірқатар сәтсіздіктерінен кейін өзін енді шынымен Зеленьскийдің де лақтырып тастамауы ауадай қажет. Америка президенті сондықтан Зеленьскийдің қазба байлықтар жөніндегі шешіміне тәуелді болып отыр, ал Украина лидері бұл жағдайды алда өз елінің игілігіне пайдалануына болады», – деп атап көрсетті сарапшы.
Біз бұдан бұрын Володимир Зеленьский Дональд Трамптың $500 млрд көлемінде қор құру туралы талабына келіспей отырғанын жазғанбыз.
22 ақпанда Трамп Америка Құрама Штаттарының Украинаға көмек көрсету үшін шамамен 350 миллиард доллар жұмсағанын айтты, сол күні Пентагон басқа санды атап, оның 183 миллиард доллар болатынын жеткізді, ал шын мәнінде шығын көлемі шамамен 58 миллиард доллар болыпты. Зеленьский америкалықтардың Украинаға қару-жарақ үшін 67 миллиард доллар және тікелей қаржылық көмек ретінде 31,5 миллиард доллар бергенін мәлімдеді.