Қазақ жазушысы Мұхтар Мағауин Америкада жерленетін болды
РОКВИЛЛ. 10 қаңтар. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауин Америка жерінде мәңгіге дамыл табады. Бұл туралы Inform.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің жаназасы 11 қаңтар күні АҚШ-тың Мэриленд штатында жергілікті уақытпен 10:00-де түріктің Diyanet Center of America мешітінде өтеді. Әрі сол штаттың зиратына жерленеді.
«Мұхтар Мағауиннің жаназасы қаңтардың 11-і, сенбі күні сағат 10:00-де Ленхем қаласындағы түріктің Diyanet Center of America мешітінде оқылады, қонақасы да сол жерде 13:00-де беріледі. Жерлеу рәсімі 11:00-де Parklawn Memorial зиратында өтеді», – деп жазылған жазушының ұлы Едіге Мағауиннің отандастарына жіберген хабарламасында.
Айтқандай, Едіге Мағауин «Азаттық» радиосы қазақ редакциясының директоры болып қызмет істейді.
Жазушы Қазақстан уақыты бойынша 10 қаңтар таңғы сағат 5:55-те қайтыс болған.
Айта кетейік, Мұхтар Мағауин 2006 жылдың желтоқсанында Чехияға ұлының соңынан барып, қоныстап қалған. Кейін АҚШ-тан сая тапты, ал 2023 жылғы қыркүйекте Түркияның Кемер қаласына көшіп барып еді. Бұдан бірер ай бұрын АҚШ-тың Мэриленд штатындағы бұрын тұрған Роквилл қаласына қайта барып, ем ала бастаған.
Жазушы 2024 жылы Halyq Uni басылымына берген сұхбатында елге қайта оралмайтынын айтқан болатын.
«Елге қайтпаймын. Шетелде бір жыл тұрып үйренген адам қайтып барғысы келмейді. Өйткені, біздің қоғам орыс қоғамы. Отаршылдықтың зардабы әлі күнге тұр», – деп еді қаламгер.
Классик жазушының соңында жоғарыда аталған «Аласапыран» дилогиясынан бөлек, «Қобыз сарыны» атты ғылыми монографиясы, «Қазақтың жыраулық мұрасы», «Ғасырлар бедері», «Бес ғасыр жырлайды» әдеби зерттеулері, «Алдаспан» антологиясы, «Көкмұнар», «Тазының өлімі», «Көкбалақ», «Көк кептер», «Сары қазақ», «Шақан-Шері», «Кесік бас – тірі тұлып», «Қара қыз», «Жылан жылғы балалық», «Қыпшақ аруы», «Бір атаның балалары», «Мен», «Жармақ», «Алтын Орда» романдары мен повестері, төрт томдық «Шыңғыс хан» және «Қазақ тарихының әліппесі» тарихи еңбектері, «Ұлтсыздану ұраны» мақалалар жинағы секілді көптеген кітаптары қалды.