Украина Керчь көпірін жою мен Қырымды қайтарып алуды жоспарлап отыр
КИЕВ. 25 тамыз. Украина билігі қазір Керчь көпірін талқандап тастап, Қырым түбегін жау қол астынан қайтарып алуды жоспарлап отырған сияқты. Бұл туралы Dialog.UA ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Украина барлау қызметі Қырымның Ресей үшін логистика тұрғысынан барынша маңызды мүйіс екеніне назар аударды.
Украинаның қорғаныс күштері Керчь бұғазындағы көпірді жою мен Қырымды жау қолынан қайтарып алудың жоспарын жасаған, бірақ әзірге шабуылдың басталуына қатысты әңгіме егжей-тегжейлі айтылып отырған жоқ, өйткені операция алдындағы тыныштық оның тиімді өтуіне ықпал етеді.
Украинаның әскери барлау спикері Андрей Юсов «Киев 24» телеарнасының эфирінде осы жайында айтып өтті. Ол бұдан бұрынғы сәтті операциялардың алдында да олардың егжей-тегжейлері айтыла қоймағанын алға тартты.
Барлау басқармасының өкілі Қырымның логистика тұрғысынан жау үшін маңызды аумақ болып табылатынын атап өтті. Бұлай болатыны, Ресей Федерациясы басып алған түбегін қазір үлкен әскери база ретінде пайдаланып келеді.
Бұрын Қырым татарлары мәжілісі басшысының бірінші орынбасары Нариман Джалел Украина Қарулы күштерінің Курскіге шабуылын Қырымды басып алуға дайындықтың кезеңі деп атаған болатын.
Сонымен қатар The Telegraph басылымы Керчь көпірінің жақын арада жойылатынын, ал Курск облысына тұтқиылдан жасаалған шабуылдың Ресей армиясының назарын басқа жаққа аудару үшін жасалғанын атап өтті.
Өз кезегінде украин журналисі Дмитрий Гордон «икс сағатында» Украина армиясы ресейліктердің Қырым мен Қырым көпіріндегі барлық әскери нысандарына бір уақытта соққы береді деп санайды.