Мектеп түлектері Ғылым және жоғары білім министрімен соттаспақшы
АСТАНА. 9 тамыз. Биылғы оқу жылында ҰБТ-да жоғары балл алған мектеп түлектерінің бір тобы Ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа бермекші болып жатыр. Бұл туралы Ulusmedia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Әдетте білім гранттарының нәтижесі жарияланғанда желіде мектеп түлектерінің қуанышты бейнекадрлары көп тарайтын. Алайда білім гранттары конкурсының биылғы нәтижесі дау туғызып тұр. Жоғары балл алса да, грантқа ілінбеген талапкерлер әлеуметтік желіге ашуын төксе, адам құқығын қорғаушылар жауапты министрлікпен соттасып, жөнді нәтиже шықпаса, БҰҰ-ға дейін жүгінуге ниетті», – делінген хабарламада.
Осыған орай Ulusmedia.kz тілшісі биылғы жылы білім гранттарын бөлуге байланысты шағымның неден шығып отырғанына зерттеу жүргізіп, бұл жұмысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің атқарып отырған рөлін сарапқа салып көрген болатын.
Соның нәтижесінде әзірге мынадай болжамдар мен тұжырымдардың туындағаны белгілі болды.
Шартты квота мен математикадағы мәселелер
Даудың басы биыл су тасқынынан зардап шеккен аймақтардан келген талапкерлерге бөлінген квотадан басталған.
Бір айта кетерлігі, «төтенше жағдай квотасы» бойынша гранттар саны үнемі өзгеріп, талапкерлерді әбден шатастырған. Қалай өзгергенін хронологиямен келтірейік.
15 шілдеде министрлік мемлекеттік гранттардың тізімін жариялады. Бірнеше аптадан кейін, 5 шілдеде Ұлттық тестілеу орталығы зардап шеккен аймақтардан келген талапкерлерге гранттардың 20% бөлінетінін хабарлады.
Бәлкім, олар ауыл квотасы бойынша гранттарды есептегенін білдірген болар, бірақ онысын шілдеде нақтылаған жоқ.
3 тамызда мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі жарияланған күні Ғылым және жоғары білім министрлігі зардап шеккен аймақтардан келген студенттер 15 382 грант алғанын хабарлады. Бұл сол өздері айтқан – 20%.
4 тамызда министр Саясат Нұрбек басқа да сандарды жариялады. Оның айтуынша, ТЖ аймағында қалған өңірлердің түлектеріне 5 112 грант бөлініп, осы квотаны 1 130 түлек қана пайдаланған.
– Тек 1130 адам немесе грант алғандардың 1,7% квотаны пайдаланды, – деді министр.
Ақпараттағы бұл алшақтық назардан тыс қалған жоқ. Танымал балалар омбудсмені Медина Майсер грант иегерлерінің тізімін ашып, ТЖ-квота бойынша 5000-нан астам бала грантқа түскенін есептеп білген.
6 тамызда Үкіметтегі журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Нұрбек квота бойынша шын мәнінде 5 мыңнан астам бала оқуға түскенін, ал 1120 – бұл ТЖ өңірлерінен үміткерлердің саны, олар ҰБТ-ның ең жақсы нәтижесін гранттар конкурсына қатысу үшін бес мүмкіндіктің ішінен таңдау мүмкіндігін пайдаланды деп мәлімдеді. Осы және басқа да артықшылықтар туралы кейінірек жазамыз.
Бір қызығы, күн тәртібіндегі өзекті мәселеге келгенде министрдің өзі грант алған түлектерге «ренжімеңдер» деп, сөзінен шатасып, ақыры түлектерге басқа нұсқаларды қарастыруға шақырады.
Теңдігі жоқ шарттар
«Су тасқынынан зардап шеккен талапкерлер үшін» емес, «су тасқынынан зардап шеккен аймақтардан келген талапкерлер үшін» деген екі тұжырымды бір-бірінен бөле атап өткен жөн. Зардап шеккен аймақтардың тізіміне Ақмола, Солтүстік Қазақстан және басқа да аймақтар кіреді, онда су тасқыны болды, алайда барлық облыстардың 100%-ы емес, жекелеген ауылдарда су тасығанын тағы ескеру керек.
Төтенше жағдай квотасы су тасқыны болған аймақтардың барлық түлектеріне арналған, яғни тіпті су тасымаған аудандар да осы игілікке ілініп кетсе керек. Біз бұл мәселені министрліктен нақтылауға тырысқанымызбен, әлі жауап алған жоқпыз.
Сонымен қатар, «ТЖ квоташыларына» арналған шарттар квотасыз түскендерден, тіпті конкурсқа қатысқандардан, басқа да дәстүрлі квоталарға ие болғандардан (ауылдардан, мүгедектігі бар студенттер және т.б.) айтарлықтай ерекшеленгенін де атап өткен абзал.
Біріншіден, зардап шеккен аймақтарға дайындалуға көбірек уақыт берілді. Олар 25 мамырдан 5 шілдеге дейін, ал қалғандары 16 мамырдан бастап тестілеуден өтті. Бұл шешімге әлеуметтік желіде шағымданып жатқандар жоқ, керісінше негізді деп санайды.
Көп адам «ТЖ квоташылары» конкурс үшін ең жақсы баллы бар сертификатты таңдай алғанына да таңданады. Оларға қаңтарда немесе наурыз айларында тапсырған ҰБТ нәтижесін көрсету мүмкіндіктері берілген. Ал қалғаны тек жазда өткізілетін негізгі ҰБТ сертификатымен бақ сынап көрді.
Реакция мен сын
Төтенше жағдай квоталарына байланысты көп талапкер жоғары балл алса да, грантқа ие бола алмапты. Саясат Нұрбек ТЖ квоталары үшін қосымша қаражат бөлінбегенін, олардың жалпы гранттардың ішінен «алынғанын» растады. Бұл жағдай көп түлектің әділетсіздікке шағымданып, әлеуметтік желілерде зарын төгуге апарып соқты.
Құқық қорғаушы Медина Мейсер гранттар қисынсыз бөлінген деп есептейді.
– 2024 жылғы гранттарды бөлу кезінде әділдікке, қисындылыққа және парасаттылыққа мән берілді дегенге күмәнім бар, сондықтан ТЖ квотасына бөлінген 5112 гранттың орнын толтырып, ТЖ квотасын енгізуге байланысты грант алмаған талапкерлер арасында қайта бөлуді талап етемін, – деп жазды ол әлеуметтік желілерде.
Оның сөзін тағы бір құқық қорғаушы әрі адвокат Халида Әжіғұлова қолдап, халықтың жекелеген топтары үшін квоталар қажет екенін, алайда оларды мемлекеттік гранттардың белгіленген санынан артық бөліп, сол арқылы басқалардан мүмкіндіктер алмау керектігін айтты.
– ҰБТ – бұл, шын мәнінде, еліміздің барлық түлегі арасындағы бәсеке. Мектеп түлектері тестте өзінің көп жылдық еңбегінің нәтижелерін көрсетеді. Бұл Олимпиада ойындары сияқты, онда мықтылар ғана жеңіске жетуі керек. Мұндай квота (ТЖ квоталары) не бюджетте қарастырылып, не өзге көздер есебінен оған қаражат бөлінуі тиіс: ЖОО-ның ішкі гранттары есебінен, жергілікті бюджеттен немесе «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен жабылуға тиіс. Сіз басқа балалардың құқықтарын бұзып отырып, жақсылық жасай алмайсыз, – дейді Ulysmedia.kz тілшісіне.
Әжіғұлова білім беру – бұл өңірге қарамастан барлық қазақстандықтар үшін елеулі шығын екенін атап өтеді. Әрбір отбасының елде несиесі бар әрі мұндай отбасылардағы балаларға арналған грант – «адам қатарына қосылудың» жалғыз мүмкіндігі. Министрдің көңілі қалған түлектерге кеңесі де күмән туғызып отыр..
Министр кеше ғана талапкерлерге грантты қалай алуға болатыны жөнінде кеңес берді. Ал Ғылым министрлігінің өзі ТЖ-дан зардап шеккен өңірлердің талапкерлеріне гранттар бөлу үшін неге аталған барлық инстанцияларға жүгініп, уағдаласпады? Бұл шынымен ақылға қонымды, әділ әрі кәсіби әдіс болар еді. Әлеуметтік шиеленіс ушықпас еді, – дейді ол.
Адвокат бюджет қаражатын қайта бөлу кемсітушілікке және басқа талапкерлердің құқықтарының бұзылуына әкеп соқпауы тиіс деп қорытындылады.
Айта кетейік, Әжіғұлова қазір Майсермен бірге талапкерлердің министрлікке қарсы ұжымдық талабын жасауға көмектесіп жатыр. Қажет болған жағдайда олар БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне шағым бермек.
Бір айта кететін жайт, Ulysmedia редакциясы осы мақаланы жариялар алдында аталған мәселелер бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігінен түсініктеме сұраған екен, бірақ ведомстводан әлі жауап келмепті.