Париж-2024: Бізден боксшы Валентина Хальзова да жеңіліп қалды (видео)
ПАРИЖ. 1 тамыз. Кеше түн ортасы ауа өткен іріктеу сайысында 75 келіге дейінгі салмақтағы қазақстандық боксшы Валентина Хальзова да жарыс жолынан шығып қалды. Бұл туралы Olympic.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Турнирді 1/8 финалдан бастаған әлем чемпионы Валентина Хальзова панамалық Атейна Бибейчи Байлонмен жұдырық сілтесті.
Шайқас бастан-аяқ біздің атлеттің аздаған басымдығымен өтті. Ол үздіксіз шабуылдаумен болды. Лекін жиектегі желбір-жекен төрешілер алғашқы екі раундта оның басымдығын мойындағандарымен, соңғы раундта жеңісті қарсыласына беріп жіберіп, ақырғы нәтижеде соны жеңіспаз етіп шығарды. Шайқас соңында өзіне жеңіс берілгенін білгенде, құдды Олимпиада чемпионы болғандай айран-асыр болып сұмдық қатты қуанған панамалық боксшының көңіл күй ауаны да оның мұндай шешімді мүлде күтпегені айқын байқалып қалды.
Айтары жоқ, мұның алдындағы Токио Олимпиадасында төрешілер тарапынан болған қараулықтан боксшылар көз ашпап еді, бұл жолғы әділетсіздік одан да асып түсіп жатқан сияқты. Бұған біз көптеген фактілер келтіре аламыз. Соның ішінде Қамшыбек Қоңқабаев пен Мазмұд Сабырхан сондай қиянаттың құрбаны болып кеткен сияқты болып көрінер еді.
Осылайша Олимпиадада әйелдер боксынан өнер көрсетіп жатқан үш боксшымыздың арасынан Хальзова бірінші болып жарыс жолынан шығып қалды. Ол осы турнирде 75 келіде мүмкіндігі мол боксшының бірінен саналған еді.
Бұған дейін Қазақстан құрамасынан Асланбек Шымбергенов (71 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг) жарысты аяқтады.
Енді ерлер арасында – төрт (Сәкен Бибосынов, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай), қыздар арасында екі боксшымыз (Назым Қызайбай, Карина Ибрагимова) жарысты одан әрі жалғастырады.
Жекпе-жек соңында Валентина әлеуметтік желіде шайқастың қалай өткені жайлы өз ойын жазды.
«Екі раунд алда тұрдым. Үшінші кезеңде де есепте алда болдым деп ойлаймын. Маған солай көрінді. Төрешілік туралы ештеңе айта алмаймын. Солай болуы керек шығар. Қарсыласым Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері. Өте тәжірибелі спортшы.
Бірақ мен алғашқы екі раундқа қарағанда үшінші раундта әлдеқайда дәлірек болдым. Қойылған тактиканың 60 пайызын орындадым. Соққыларын күтіп ала бастадым. Екінші раундтың басында ол мені басымен соқты. Содан соң, екі раунд бойы дем ала алмай, капа арқылы демалуға тырыстым.
Төрешілік туралы не айтамын? Төбелестен соң жұдырық жұмсамайды. Әрине, өкінішті. Қаншама жұмыс істеліп, бәрінің осылай аяқталғаны… Мен осы Олимпиадада Қазақстан әнұраны шырқалады деп сенемін», – деді боксшы қызымыз.