Таным

ЕКІНШІ ПАЛАТА

Өмір өрімдері

Бір палатада төрт кісі жатырмыз. Тап қасымдағы төсекке жайғасқан орыс шалының жасы жетпіс тоғызда, аты Владимир (оны Володя ағай деймін). Ал шығар есік жақта жатқан ұзын бойлы кісі жетпіс сегізде. Есімі Борис (солай атай бер деген соң, оны Боря ағай дедім). Кейінірек келіп түскен қырықтың орта шеніндегі жігіт қазақ, аты Арман көрінеді. Әйтеуір, нәті қазақ дегенмен, заты бөтен, аздап қазақша түсінгенімен, ана тілінде сөйлемейді (рас болса, Ресейде туғанмын дейді, келін де орыс екен).

Володя ағай кезінде спортпен айналысыпты, бір техникумда оқытушы болған. Орыс көкелердің екеуі де көп сөзге жоқ, бірдеңе сұрасаң ғана жауап береді, басқамен ісі жоқ, төсектерінде сұлап жата береді.

Бір байқағаным – екеуінің көңілін сұрап келетіндер кем. Айтуынша, Володяның бұрынғы әйелі үлкен баласымен бірге Минскіге кеткен, сонда тұрады. Сонсын екінші біреуге үйленген. Әйелі өзінен анағұрлым жас екен, күніге келіп тұрады, шалының арқасын уқалайды, күбірлеп бірдеңелерін айтады, тамағын ішкізеді, қасында бір сағаттай отырып, үйіне қайтады.

Боря ағайдың екі қызы бар екен, екеуі де Ресейге көшіп кеткен. Қазір сонда, мұнда кемпірінен өзге ешкімі жоқ. Орта бойлы қартайыңқырап қалған әйелі күніне бір мәрте төбе көрсетеді. Бір күні кемпірі келмей қалды. Әншейінде тым-тырыс жататын Боря ағай қатты мазасызданды, «әйелім бүгін келмеді, кешегі қатты нөсерде бірдеңеге ұшырап қалған жоқ па екен?» дей береді қайта-қайта. «Қой, қапа болмаңыз, бәлкім, көлік кептелісінде тұрған шығар, әне-міне дегенше келіп қалар», – деп жұбатып қоям. Түс ауа кемпірі де жетті-ау. Шынымды айтсам, әлгі Боря ағай үшін өзім қуандым. Енді ше, жалғыз әйелінен басқа қасында арқа сүйейтін кімі бар…

Құдай қосқан қосағым біраз уақыт бұрын бейдауа дертінен көз жұмған. Әйткенмен, бауыр-қарындастарым, балаларым мен келіндерім, қыздарым мен күйеу балаларым және немере-жиендерімнің арқасында жалғыздық тақсыретін тартып жүргем жоқ. Ауруханаға да бірінен соң бірі келіп, көңілімді сұрап, әңгімелерін айтып, тәтті-дәмділерін аузыма тосып, бәйек боп жүр. Халің қалай деп келіп жатқан құда-құдағи, жекжаттар өз алдына. Құдайға мың шүкір. Тағдыр жазып, бір палатада жатқан Володя мен Боря ағаларға қараймын да: «ей, Алла, бергеніңе шүкір, тәуба» деймін іштей. Он күн ішінде екеуіне келіп жүрген тек кемпірлері ғана. Алда-жалда зайыбы бірдеңеге ұшырай қалса, жағдайлары қалай болар екен деймін ғой баяғы. Сонда халдері не болмақ? Бала-шағасы болса алыста, басқа мемлекеттің азаматы боп кеткен. Олай-бұлай боп кетсе, келер, әрине, онда да не үшін десеңізші?..

Кезінде осы Алматының тап іргесіндегі ауылда бір орыс отбасымен көрші тұрдық. Әйелі ауылдық масштабтағы белсенді кісі еді. Шалы екеуі және қалада жалғыз басты қызы болды. Әжептәуір бақуат өмір сүрді. Ақыры ажал жетіп, күйеуі де, өзі де, артынша қызы қайтыс да боп кетті. Жақын маңайда ешбір туған-туысы жоқ екен. Талай жыл бір ауылда қатар өмір кешкен тұрғындар жиналып, жер қойнына тапсырды. Үй-жайы, жинаған ақшалары, пайға алған жер телімі бар екен. Ақыры сонау Ресей жақтан жамағайын бір туысқаны табылып, әлгі дүние-мүлік соған бұйырды. Тіпті бұрын араласпаған біреулер деседі. Әнеки…

Айналайын қазағым, әсіресе, ұлттық қаймағы бұзыла қоймаған ауыл қазағы бала-шағасының көп болғанын қалайды ғой. Және дәулеті шылқып бара жатпаса да, құрыққа сырық жалғай жүріп, соларды өсіріп, жеткізеді. Қол-аяғы күс-күс болып, танауларынан сорасы ағып, бірінің киімін бірі киіп жүрген тентектер кейін зіңгіттей жігіт, көк шыбықтай солқылдаған әдемі қызға айналады. «Пәленбайдың балалары ғой. Кезіндегі кіл боқтышақты бұлай боп жетіліп кетер деп кім ойлаған», – деп қоятындары бар жерлестерінің. Және ауыл тәрбиесін көріп өскендердің әке-шешесін жұртына тастап кететіндері некен-саяқ. Көшсе, өздерімен бірге ала кетеді, немесе туған жерден ешқайда кетпеймін дегендері болса, қасында қара шаңыраққа ие болатын кенже ұлдары ма, басқасы ма, біреулері қалады, әйтеуір. Сонсын үлкен қалаларға оқу, қызмет қуып кеткендері бала-шағасын жетектеп, елде қалған қарияларына келіп тұрады. Немере-жиендерінің маңдайынан иіскетеді. «Өзі болған қыз төркінін танымас» дегендер де кездесетін шығар, бірақ ондайлар тым көп емес қой.

Кейінгі жылдары қарт әке-шешелерін қарттар үйіне өткізетін, дүниеге шыр етіп келген шараналарын тастап кететін құдайдан безген қаракөздер де ара-тұра қылаң беріп қалады. Осының бәрі ата-бабаларымыздан мирас боп қалған имандылығымызды, қазақи тәрбиемізді естен шығарудан, көрінгенге еліктеп-солықтаудан пайда болған жаман қылықтар емес пе? Осы біз көрсеқызарлықпен өзге жұрттың қаңсығына неге таңсық боп қалдық? Есімізді жиятын кезіміз жеткен жоқ па?..

… Иә, айтпақшы, палатадағы Арман бауырым болашағының бәрін Ресеймен байланыстырады. Ер жеткен балаларын да оқуға сол жаққа жібермек. Оның айтуынша, тоқсан бірінші жылға дейін біз дербес мемлекет те болмаппыз. Төрт-ақ облысымыз болыпты. Мемлекеттік шекара да сол кезден сызылыпты. Солтүстіктегі облыстарды Қазақстанға сол тәуелсіздік кезінде қосқан көрінеді. Қысқасы, оның ойынша, тоқсаныншы жылдарға дейін қазақта ешқандай тарих болмаған. Енді бір жиырма жылдан кейін пайым-түсінігі осы жігітпен деңгейлестер еліне айналмасақ жарады…

Заманбек ӘБДЕШЕВ

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button