Орынбасар Мусин інісі Асланның кім екенін айтып берді (видео)
АҚТӨБЕ. 8 наурыз. Ақтөбелік бизнесмен Орынбасар Мусин туған інісі Аслан Мусинді өзіне рейдерлік жасады айыптап, Президентке видеоүндеу арқылы шағым айтты. Бұл туралы Neonomad.kz хабарлады.
Шағым айтушы енді әділдікті қалпына келтіріп, інісі тартып алған бизнесін қайтаруға және түрмеге заңсыз қамалған ұлын шығаруға көмектесуді сұрады.
Аслан Мусиннің туған ағасы інісіне қатысты бұл жанжалды видеоүндеуін кеше, 7 наурыз күні Youtube-те жариялады.
Аймақтағы айтарлықтай белгілі кәсіпкер Орынбасар Мусин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзін құтқару жөнінде өтініш айтты.
«Мен, 72 жастағы Мусин Орынбасар, жүрегім қан жылай отырып, туған інім Аслан Мусиннің тарапынан болып жатқан қуғын-сүргіннен қорғап қалуды сұрап, өтініш айтуға мәжбүр болдым. Бұрын орасан зор билікке қол жеткізгені әшкереленген інімнің Ақтөбе өңірінде әлі де ықпалы жүріп тұр. Мұндай жайттарды жазудың өзі маған ауыр тиеді, бірақ тап осы туған інім 2005 жылдан бері жоспарлы түрде рейдерлік жасау жолымен менің адал ақы, маңдай теріммен жинаған барлық мүкәмалдарымды тартып алып отыр, қазір енді ең соңғы нәрселерімнен алып қойып, мені өмірдегі барлық мақсаттарымнан, ал балаларым мен бес немеремді тіршілік етуге керекті заттарынан айыруға күш салып жатыр. Бұрын үлкен мемлекеттік жоғары лауазымды қызметтер істеген інім Аслан Мусинді менің бәрін нөлден бастаған бизнесім 2005 жылдан бері қызықтырып келеді. Атап айтқанда, бұрын көптеген миллион доллар қарыздары бар шығынды кәсіпорынды сатып алып, оны капитал құю арқылы және күн сайынғы табанды еңбектің арқасында жайнаған, көп профильді өнеркәсіпке айналдырып жіберуім оған тыныштық берер емес», – дейді бизнесмен өз кәсібінің тарихы турасында.
Орынбасар бизнеске құлаш ұрғаннан кейін Аслан Мусиннің мемлекеттік қызметкер ретіндегі статусын ескеріп, онымен қашықтан сыйласқанды жөн көреді.
Бірақ інісінің бұған деген көзқарасы содан кейін қайта жаман жағына қарай өзгере бастапты.
«Ол менен өзіне материалдық жағынан көмектесуімді сұрағанда, өтінішін орындап тұрдым. Бірақ мен одан ешқащан жоғары лауазымды шенеунік ретінде көмек сұраған емеспін, оның әкімшілік ресурстарын ешқашан пайдаланып көрген жоқпын. Кейде оған жақын жүргендердің мұндай мүмкіндіктерді шексіз пайдаланып жүргенін біліп жүрдім. 2003-2004 жылдары менің азық-түлік өнімдерін өндіретін салиқалы өндірісім болды», – деп атап өтеді бизнесмен.
Оның айтуынша, Аслан Мусин ешқашан кәсіпорынның дамуына көмектеспеген, алайда, 2005 жылы, видео авторының мәлімдеуінше, «оның бизнесін тартып алудың жер бауырлаған жоспарлы» жұмыстары басталып кеткен. Ағасының ақпарына қарағанда, Аслан Мусин Атырау облысының әкімі болып тұрғанында бұдан «шалқыған тұрмыс салтын жасыру үшін» өз бизнесінің 50 пайызын ұлы Асылбектің атына уақытша жаза тұруды өтінеді. Інісі сонда ағасына егелігінің жартысын Асылбектің алуы оны рейдерліктен сақтап қалатынын айтып сендіреді. «Алайда, бәрі керісінше болып шықты», дейді бизнесмен қазір. «Мен қарсылық білдіргенімде оның тарапынан қорқытып-үркітуді естідім, тіпті інім мені құртып жіберуге де әрекет жасады. Отбасылық шара кезінде соққыға жығылдым. Мұндай әрекет оған тән нәрсе болатын. Оның осындай психикалық ауытқушылығы барын, патологиялық қатыгездігін, соның ішінде өз балаларына қаттылығын жұрттың көбі білетін», – деп ақтарылды Орынбасар.
Өзінің өмірінен қорыққан ағасы содан кейін «Рамазан» ЖШС үлесінің жартысын Асылбек Мусинге беруге мәжбүр болады. Кейінірек бұл 50 пайыз Аслан Мусиннің шетелде тұрақты тұратын кенже ұлы Сауранбектің атына аударып жаздыртады.
2016 жылы Орынбасар Мусин інісінен бизнесінен кетуді өтінеді. Бірақ анау бизнеске араласпайтынын айтып, уәде береді. Алайда, уақыт өте келе бизнесті оңтайландыруды және онда элеваторды, екі диірменді, қазіргі заманғы нан зауыты мен итальян кондитер цехын қалдырып, осының бәрін өзіне беруді талап етеді. Сонымен бірге ЖШС-дан тиімділігі аз ауыл шаруашылығы бизнесі – егін шаруашылығы мен құс шаруашылығын Орынбасар Мусиннің ұлына беруге шешім қабылданады. Мұның бәріне құлақ асқан Орынбасар інісінің тапсырмасын орындайды.
2019 жылдың басында бизнесмен інісі Аслан Мусиннің ұлы Сауранбекті «Рамазан» ЖШС-дан шығару мәселесін тағы көтереді.
«Мен бұған жауап ретінде одан сөзбен айтып жеткізуге болмайтын қоқан-лоққы мен жаңа талаптар естідім. Мен енді оған «Рамазан» ЖШС-ның қалған 50 пайыздық үлесін ғана емес, сонымен бірге одан бұрын бөлініп шығарылған өндірісті де беруге тиісті болдым. Бірінші кезекте менің ұлым соңғы үш жылдың көлемінде дамытқан және модернизация жүргізу үшін біздің отбасымыз заемдық қаржыларын құйған құс фабрикасын беруімді талап етті», – деп өзінің күйініштерін ортаға салады Орынбасар Мусин.
«Нағыз қуғын-сүргін кәсіпорынның қалған үлесін беруден бас тартқаннан кейін басталды», – деп атап көрсетеді видеоүндеудің авторы.
Орынбасар туған інісінің өзіне бұлайша қырғидай тиюінің себебі оның өзі мен отбасының, сондай-ақ қаза тапқан ұлы Асылбек Мусиннің қаржылары сақталған Латвиядағы банктің Асланға ақша шығарып алумен айналысты және терроризмді қаржыландырды деген айыптар тағылуына байланысты барлық есепшоттарын жауып тастауы болып отырғанын алға тартады.
Видеожазбаның авторы бір жолы Ақтөбеге жанына АҚШ азаматын ерткен інісінің жандайшабы Асқар Қарабаевтың келіп, мемлекеттік органдарға ауызбастырық беріп, мұның бизнесі мен отбасын құртып жіберетін жоспарын сызып көрсетіп өзін қалай қорқытқанын баяндайды. Нәтижесінде Орынбасар бизнесінің бір бөлігін інісіне беруге мәжбүр болады. Ал қазір бизнесін түгел беруді талап етуде. Алайда, бұдан бірер күн алдын ол інісінің талабын орындаудан үзілді-кесілді бас тартады.
Бұдан бірер күн бұрын бизнесменнің ұлы Нұрлан Мусиннің полицияға тергеуге бармағаны үшін қамауға алынуы Орынбасардың төзімінің әбден түгесілген мерзімі болды.
Осыған байланысты Қазақстан Президентінен әділдікті қалпына келтіріп, өзіне бизнесін қайтаруға және ұлын босатуға көмектесуін беруді сұрайды.
Атап өтейік, Ақтөбедегі «Рамазан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамына егістік алқаптары, элеватор, диірмендер, макарон цехы, нан зауыты және наубайхана, құс фабрикасы, жеке автопаркі және дүкендер жүйесі кіретін кластер болып табылады. 2009 жылы кәсіпорын еуропалық жабдықпен – тәулігіне 25 және 10 тонна өнім өндіретін екі желімен жарақтандырылған жаңа нан зауытын іске қосты. Оның ассортиментінде бидай наны, қара нан, булочка өнімдері бар. Бұдан басқа, тәтті тоқаштар жабатын наубайхана тағы жұмыс жасайды. 2010 жылы құс фабрикасын жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталды. Соның барысында фабрика қалпына келтіріліп, күрделі жөндеу жүргізілді және жабдықтар ауыстырылды. 2011 жылы нан зауытына нанды ыңғайлы қорапшаларға салып шығаруға мүмкіндік беретін қорапшалаушы желі қондырылды.
Алайда, қазір кластердің хәлі өте мүшкіл.
Осы күндері Орынбасар Мусинге қарайтын құс фабрикасы мен АТФ-Банк арасында соттасу процесі жүріп жатыр. Банк құс фабрикасының есепшотын жауып тастаған. Мұны естіген кәсіпорын қызметкерлері бірнеше автобусқа мініп, облыстық әкімдіктің алдына келіп, облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалинге егер фабрика жұмыс істемейтін болса, шектен шығатын әрекеттерге баратындарын мәлімдеген. Сол кезде бұрқ ете қалған жанжалдың басудың орайы келген.
Орынбасар Мусин үндеуінде өзінің бизнесін рейдерлік жолмен тартып алу әрекеттеріне Ақтөбе облысы шенеуніктерінің де қатыстары бар екенін айғақтайтын құжаттар бар екенін мәлімдейді.
«Мен ұзақ уақыт үндемей келдім. Інімнің ақыры бір кезде ақылы кіретін шығар деп ойладым. Бірақ бүгінгі күні ұлымның қамауға алынуы менің шыдамымды шегінен шығарып жіберді. Мен, президент мырза, Сізден және қоғамнан бұл іске араласып, бұрынғы тәңір Аслан Мусин мен оны қолдаушы билік құрылымдарының кейбір басшыларын жөнге салуды сұраймын». Бизнесмен Орынбасар Мусин өзінің видеоүндеуін осындай сөздермен аяқтады.
Аслан Мусин 1995 жылдың қыркүйегінен 2002 жылдың сәуіріне дейін Ақтөбе облысының әкімі қызметін атқарды. 2002 жылдың сәуірінен Атырау облысының әкімі, 2007 жылғы тамыздан Премьер-министрдің орынбасары, 2007 жылғы қыркүйектен 2008 жылғы қазанға дейін Парламент Мәжілісінің төрағасы, сосын 2008-2012 жылдары Президент Әкімшілігінің аппарат басшысы болды. 2014 жылы Хорватияға Қазақстанның елшісі болып кетті. 2017 жылғы 4 қаңтарда зейнет жасына жетуіне байланысты елші қызметінен босатылды.