Арменияда ресейлік Соловьевтің хабарлары бұдан былай көрсетілмейді
ЕРЕВАН. 29 наурыз. Армения билігі Кремльдің насихатшысы Владимир Соловьевтің авторлық хабарларын трансляция жасауға тыйым салды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Хайастан жоғары технологиялы өнеркәсіп вице-министрі Авет Погосян ресейлік жандайшап журналистің «Вечер с Владимиром Соловьевым» атты авторлық хабары мен «РТР-Планета» телеарнасындағы «Воскресный вечер с Владимиром Соловьевым» деген мультиплексі республикада бұдан былай көрсетілмейтінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, журналистің хабарларын бұғаттап тастауға оның «Армения Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы бұқаралық телекоммуникация саласындағы ынтымақтастық туралы» келісімді «ұдайы бұзушылығы» себеп болды.
Атап айтқанда, көрсетілген келісімшарттың «халықтар мен ұлттық құндылықтарға қатысты қорлау мазмұнын ұстанатын бағдарламаларға жол бермеу», сондай-ақ елдің «сайлау алды науқаны мен ішкі саяси өміріне араласуға жол бермеу» делінген 5-бабы бұзылды.
Бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян республикада таратылатын ресейлік телеарналардың елдің ішкі ісіне араласып, ішкі саяси ахуалды тұрақсыздандыруға әрекет ететінін баяндаған еді.
Өткен жылдың соңында Армения жоғары технологиялар министрлігі осы мәселе бойынша ортақ шешім табу үшін Ресей тарапын кеңесуге шақырған еді. Осыдан кейін Хайастанның телевидение және радио жөніндегі комиссиясы «Тоспа» компаниясының лицензиясын тоқтатып тастады.
Ереван реттеуіші «Пятница с Тиграном Кеосаяном» және «Абовян Time» деген екі хабар шығарылымдарынан «Аудиовизуальды медиа туралы» заңның бұзылған жерлерін анықтады. Бұлардың біріншісінде Армения мен оның халқын «мазаққа айналдыратын және оның ары мен абыройына нұқсан келтіретін» сөздер мен заңға қарсы әрекет етуге шақыру бар, деген тұжырым жасады комиссия. Екіншісінде «халық арасында үрей туғызатын, шынайы іс-әрекетке сәйкес келмейтін, анықталмаған және тексерілмеген мәнбелерге негізделген пікірлер мен түйіндер көрсетілген».
Ереван Қарабақта соғыс басталғаннан ресейлік телеарналардың өшіріліп тасталғанын, олардың ақыр соңында Әзербайжан бақылау жасайтын жағдайға жеткізілгенін айыптайды. Тағы бір себеп – елдің қауіпсіздігіне қатер төндіретін «антиармяндық» контент, деді парламенттегі «Азаматтық келісім» фракциясының өкілі Лусине Бадалян. Оның айтуынша, бұл тақырып Армения Ұлттық жиналысы отырысында көтерілетін болады.