Навальныйдың денесі кенет жоқ болып кеткен, оны анасы таба алмай отыр
МӘСКЕУ. 17 ақпан. Ресей билігі Соловкидегі колонияда Алексей Навальныйдың денесін анасының өзіне бермей отырғаны айтылып жатыр. Бұл туралы «Диалог.ua» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресейдің «Полярный волк» колониясында қайтыс болған оппозиционер Алексей Навальныйдың мәйіті жұмбақ жағдайда жоқ болып кеткен.
Ұлының денесін алу үшін арнайы ұшып келген ресейлік оппозиционердің анасы енді соған қолын жеткізе алмай зар болып отыр. Мұның жайын марқұмның мұраттасы Кира Ярмыш Х әлеуметтік желісінде жазды.
Алексей Навальный 16 ақпан күні Ямал-Ненец автономиялы облысы жеріндегі лагерьде қайтыс болғаны мәлім болды. Ресей билігі мұны «серуенде жүрген оппозиционер кенет өзін нашар сезініп құлап түсті, дәрігерлер келгенде оның қайтыс болып кеткені анықталды» деген сипатта жеткізді. Арада бір тәулік өткеннен кейін Навальныйдың анасы №13 «Поляр қасқыры» түзету колониясына ұшып келді. Оған сол кезде ұлының қайтыс болғаны жайлы куәлікті береді де, денесін бермей қояды. Әйелге ұлының мүрдесі қалалық мәйітханада деген сыңайда сөз айтады. Алайда бұл жалған болып шықты.
«Алексейдің анасы мен адвокаты Салехардтағы мәйітханаға барды. Колониядағылардың марқұмның осында жіберілгеніне, мәйітхананың жұмыс істеп тұрғанына сендіргендендеріне қарамастан, мәйітхана есігі тарс жабық тұрды. Оларға мұндағылар Алексейдің денесі әкелінбегенін жеткізді», – деп жазды Ярмыш.
Қазіргі сәтте Навальныйдың денесі қайда екені белгісіз.