Қазақстанда салафиттерге қарсы «сойқан соғыс» басталып кеткен сияқты
АСТАНА. 19 ақпан. Қазақстанда кеше бір күннің ішінде деструктивті ағымдағылардың 8 ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері бейтараптандырылды. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) баспасөз қызметі арнайы операция Бас прокуратураның үйлестірумен, ішкі істер органдарының қатысуымен жүріп жатқанын мағлұм етті.
«17 ақпанда ҰҚК-ның Ішкі істер министрлігімен бірлесіп және Бас прокуратураның үйлестіруімен Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында жүзеге асырған шарасы аясында сегіз топ зазалсыздандырылды. Деструктивті діни ағымдарға қатыстары бар 23 адамға қарсы қылмыстық іс қозғалды», – делінген дүйсенбі күнгі хабарламада.
Бұлардың 17-сі уақытша ұстау оқшаулағышына жатқызылған, ал алтауына өздері келулері міндеттелінген.
«Қолға түскендерге ауыр және аса ауыр қылмыстарға, соның ішінде терроризмді насихаттау, адамдарды ұрлауға, қорқытып алуға, сондай-ақ есірткі заттары мен ату қаруының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдіктерге ілінді. Олар құқыққа қарсы әрекеттерін кейбір жағдайларда теріс бұрмаланған діни қағидалармен бүркемелеп жүрген. 49 тінту жүргізу барысында олардан қаруы, оқ-дәрілер, діни әдебиеттер, ақшалай қаражат және есірткілер алынды. Операцияны өткізуге республиканың 8 өңірінде бір мезгілде 250 күштік құрылым қызметкері жұмылдырылды. Қазір тергеп-тексеру іс-шаралары жалғасып жатыр», – делінген хабарламада.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Операция жалғасады.