Сайлауда халықтың қалауы өте ме, биліктің таңдауы өте ме?
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевқа Ашық хат
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауы өтетін күн жақындаған сайын еліміздің саналы ойлы әрбір азаматы осы науқанның нәтижелері үшін айрықша алаңдаушылық білдіруде. Себебі, бұл жолғы сайлаудың жөні бөлек екенін, оның республиканың бүгіні ғана емес, сонымен қатар ертеңінің де тағдырын шешуге қадам бастайтын маңызы орасан зор оқиға болғалы тұрғанын бәріміз де сезіп отырмыз.
Рас, Сіз былтырғы жылғы 25 қараша күні өткен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XX съезінде 2021 жылдың басында болатын Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауының маңыздылығы туралы айта келіп, оның барынша ашық, әділ әрі заңды өтуі үшін барлық жағдай жасалатынын мәлімдеген едіңіз. Сіз сол жолы: «Мемлекет басшысы ретінде мұны жіті қадағалаймын», – деген уәде де бердіңіз. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратураға нақты тапсырма бергеніңізді жеткізіп, еліміздің барша сайлаушыларын азаматтық белсенділік танытып, сайлауға қатысуға шақырдыңыз. Ал желтоқсан айының басында «Біз ашық әрі әділ сайлау өткізуге ниеттіміз», – деп осы уәжді тағы нығарлай түстіңіз.
Тап осыған ұқсас мәлімдемені содан бірқатар уақыт бұрын, 2020 жылдың 28 тамызы күні «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия саяси кеңесі бюросы отырысында жасаған еді. Елбасы сонда қоғам тарапынан праймеризге зор қызығушылық бар екенін атап өте отырып, «Жұртшылық елдің қоғамдық және саяси өміріне белсене қатысқысы келеді. Біз партияны қайта жандандырудың дұрыс бағытын таңдадық. Еліміздің мәселелерін бірлесіп шешу үшін ашық диалогты қамтамасыз ету қажет. Праймериздің міндеті – халықтық партиялық тізімдерді қалыптастыру, қоғам қолдауына ие, нақты жағдайды білетін беделді көшбасшыларды, белсенді адамдарды бәсекелестік негізінде іріктеу», – деген болатын.
Мұның бәрі, әрине, ел ішіндегі көзі ашық, көкірегі ояу кез келген азаматты қуантты, оларға жігер берді, белсенділіктерін оятты, бойларында әлдеқандай бір үміт отын тұтатты. Сондықтан халық Сіздер тарапынан берілген мәлімдемелердің мүлтіксіз орындалатынына ешбір күмәнсіз имандай сенді.
Алайда, Сіздердің осыншалықты уәде бергендеріңізге қарамастан, қазір жергілікті жерлерде күн санап сол сенімнің селкеуі сетіней бастағаны анық байқалады. Былай бажарқалай қарап тұрсақ, «Әжептәуір ән еді, пұшық шіркін қор қылды» немесе «Бұл той – той болмады, бала-шаға жеп кетті» дегеннің кері, әйтпесе орыстар айтатын «Хотели как лучше, а получилось как всегда» (Виктор Черномырдин) дейтін тіркес тірлігі айна-қатесіз айнымай келе қалатын түрі бар.
Бұлай дейтініміз, – басқа жақты қайдам, – ал біздің Қызылорда облысында әкімдік тарапынан осы сайлау үшін нағыз жан беріп, жан алатындай жанкешті жұмыстар жүріп жатқанын бүгінде бүкіл аймақ жұртшылығы көріп-біліп отыр. Бірақ мұның не сүргін, не жанталас екенін, жергілікті кінәздіктің бұған неге осыншалықты мүдделілік танытып отырғанын әзірге ешкім тағаттап түсіне алар емес.
Иә, әкімдіктің праймериз тәртібімен халықтың ең көп даусын алған үміткерлерді бір қолымен қағып, ығыстырып тастап, сонау ондықтың да оңқайына кіре алмаған келесі біреулерді мұрнынан тартып, алға сүйреп, өткізбек болып, ышқынып жүргендерін бәріміз де естіп отырмыз.
Сонда праймериз тәртібінің бүкілхалықтық таңдаудың ерік-жігерін білдіретін артық айғағы, нақты нәтижесі қайда қалады? Бұлайша Мәжіліс пен мәслихаттарға кімдердің бара алатынын жергілікті билік бір өзі шешіп тастай салатын болса, мынадай спектакль мен комедияның не керегі бар еді? Онда бұл секілді жасанды сайлау өткізіп, қалың көпшілікті үміттендіріп барып, әбір-жәбір етіп қоюдың не қажеті болды?
Сонда, Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бюрода айтқан «Партия қазақстандықтарды, барлық сындарлы және саналы қоғамдық күштерді топтастыруы керек. Біз бірліктің арқасында кез келген қиындықтан өте аламыз. Әсіресе, еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтау үшін үйлесімді жұмыс істеген жөн», – деген мәлімдемесінің бұлар үшін ешқандай құзырлы құны, саяси салмағы болмағаны ма? Немесе Сіздің «Биыл біз теңдессіз демократия реформаларын іске асырдық», – деп мәлімдеген демократияңыздың сиқы мен сипаты осы ма?
Міне, облыс жұртшылығын қазіргі таңда қатты толғандырып отырған да сол мәселе.
Олардың енді нақты білгілері келетіні: бұқара халық мыңдаған адам болып праймеризде дауыс беріп, қолдаған кандидаттар өте ме, жоқ әлде әкімшілік ресурстардың күшімен іріктеліп, «өңдеуден өткізіп» алынған жүз шақты делегаттың қалағандары өте ме? Егер халықтың даусын көбірек алғандар шетке қағылып, биліктің таңдауындағы адамдар өтетін болса, мұның қай жағынан демократия көріп отырсыз? «Демократия» дегеннің өзі халықтың қалауы, халықтың билігі емес пе?
Тағы бір айтпаса, атасы өлетін мәселе: Осы күндері «орталық квота» деген «мандатпен» облыстың бойлығы мен ендігін ерсілі-қарсылы шарлап, үй жағалап үш депутат жүр. Еш уақытта Парламент мінбесінде өңірдің мәселесін көтермек тұрмақ, сондағы отырыстардың өзінде белсенді іс-әрекеттерімен көрінбеген осы мәжілісмендер енді келіп, неге Қызылорда облысының квотасы арқылы қайтадан депутат болуға тиіс? Олардың арасында бұған дейін біздің өлкенің есебінен депутат болып алған, бірақ бұл аймаққа ешқандай қатысы жоқтығын былай қойғанда, мұнда бұған дейін бір рет те келмеген, оның есесіне, әлдебір жақтарға барғанда, халыққа «менің осы келгенімнің өзіне риза болыңдар» деп тепсінетін мәжілісмен де жүр. Тағы бір депутатты «қазақша жақсы сөйлейді» демесек, «осы облыстан шықты» демесек, басқалай жоғары өрелі қалпын көрген емеспіз. Ал осы облыстан шыққан үшінші депутаттың бағасын аудандардағы кездесулері кезінде талай жұрттың қойған: «Біз сені танымаймыз, еш уақытта үніңді естіген емеспіз, енді не бетіңмен келіп отырсың?» деген сұрағы да беріп тұр ғой деп ойлаймыз. Осылай бірнеше рет сайланып алып, елге төбелерін тек сайлау алдында ғана көрсететін бұлардың бізге не керегі бар?
Құрметті Президент мырза! Енді бұл мәселеге өзіңіз араласып, төбе бидің төрелігін айтпасаңыз, осы кезге дейінгі демократия туралы толғаныстарыңыздың бәрі айдалаға атылған оқ сияқты жаңғырығып, жоқ болып кететін сыңайлы. Біздің бұл сайлау турасында пайымдап отырғанымыз осы.
Сізге деген зор құрметпен,
Серік ПІРНАЗАР,
журналист
Қызылорда қаласы