Шэппс: Бес жылдан соң Ресеймен, Қытаймен, Иранмен, КХДР-мен соғыс басталады
ЛОНДОН. 18 қаңтар. Ұлыбритания қорғаныс министрі Грант Шэппс енді бес жылдан кейін Ресеймен, Қытаймен, Иранмен және Солтүстік Кореямен арада ауқымды соғыс басталып кетуі мүмкін екеніне болжам айтты. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Корольдік қарулы күштерінің басшысы осыған байланысты Ұлыбритания мен оның одақтастары осы бастан сұрапыл соғысқа дайындала берулері керек екенін мәлімдеді.
Оның пайымынша, «әлемнің барлық демократиялық күштерінің» жаңа қатерден сақтану үшін қорғаныс шығындарын ұлғайтатын уақыты жетті. «Бейбіт дивидендтер дәуірі аяқталды. Бес жылдан кейін бізге Ресейдің, Қытайдың, Иранның және Солтүстік Кореяның қатысуымен өтетін бірнеще соғыс қимылдары театрларымен бетпе-бет келіп қалуға тура келуі ықтимал», – деді Шэппс.
Ол әлемдегі қырғи қабақ соғыс кезеңі аяқталғаннан кейінгі жылдары Ресейдің «соғысқұмар авторитарлы мемлекетке» айналып кеткенін атап өтті. Осылайша импершіл, милитаристік мемлекет болып шыға келген РФ 2014 жылы Қырымды аннексиялап алғанда да Батыс елдері текке қарап отырды. Сол жылы Украинаның Донецк және Луганск облыстарын бөліп шығарып қойғаны да әлемнің көшбасшы елдерін аса толғандыра қойған жоқ. Бұған дәндеп, дәнігіп алған Владимир Путин арада сегіз жыл өткеннен кейін енді өзіне қарсы келер ешкім жоқ деп есептеп, украина жеріне кең көлемде шабуыл бастады. Қазір Украинаны «жұтып жіберудің» барлық әрекеттерін аянбай жасап жатыр.
«Осы уақыт аралығында Қытай Батыстың реакциясын бақылаумен және Киевке көмек беруге қаншалықты дәрежеде төзімі жететінін сынаумен болды, КХДР өзінің ядролық арсеналын кеңейтуге кірісті, Иран өз ядролық қаруын жасауды қолға алды, бұл елдердің бәрі әлдебір жолдар арқылы бір-бірлерімен байланыста отыр», – деді Шэппс.
Оның айтуынша, 2024 жылы бүкіл әлемде бетбұрысты кезең болады. Бірақ тап сол кезде Украинаның тағдыры шешіле қоймайды. «Путин Батыстың табандылығы жетпейді деп есептейді. Біз картаға болашақ әлемнің құрылымы түсіп тұрғандықтан, оның әрекеті дұрыс емес екенін дәлелдеп көрсетуіміз керек. Егер біз бұл соғысты оған «сый» етіп бере салсақ, арадағы текетірес тек ұлғая түседі. Бұған жол бермеуге тиіспіз. Путин Ресей империясын қайта қалпына келтіру кеселімен ауырып жүргендіктен ғана емес, сонымен бірге мұның басқа ықтимал агрессорларға Батыстың әлсіз екенін айғақтайтын сигнал болатынын ұмытпайық», – деп түсіндірді Шэппс.
Суретте: неонацистер