Еуропа Украинаға әскери көмек көрсетудің «Б» жоспарын жасауға кірісті
ЛОНДОН. 2 қаңтар. Ұлыбритания мен басқа да еуропалық елдер АҚШ позициясын өзгерткен жағдайда Украинаға әскери жәрдем берудің жаңа жолдарын қарастыратын болады. Бұл туралы The Times ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Әңгіме АҚШ-тың президент сайлауында Дональд Трамп жеңіп кеткен жағдайға байланысты қозғалып отыр. Ол кезде Құрама Штаттар Украинаға әскери көмек көрсетуді тоқтатады.
АҚШ-та өтетін алдағы президент сайлауы Украинаның одақтастары арасындағы күштердің ара салмағын күрт өзгертіп жіберуі мүмкін. Осыған байланысты Ұлыбритания мен Еуропаның басқа елдері іс-әрекет стратегиясын өзгертіп, салмақты өздеріне қарай аударып алудың «Б» жоспарын талдап жасауға ықтиярлы болып отыр.
Қазір одақтастар министрлері керек кезінде Украинаға жеткілікті қару-жарақ пен оқ-дәрілерді беріп тұру үшін құрлыққа олардың қорларын мейлінше көптеп жинастыруға, оларды өндіру жөніндегі қуатты арттыруға бағыт ұстауда.
Ұлыбритания әскери барлауы Украинаның 2024 жылы жеңіске жететініне оншалықты сеніп отырған жоқ. Ресми Киевтің ұрыс даласында таразы басын өзіне аударып жіберу үшін адамдары да, қару-жарақтары да жеткіліксіз болып тұр. Сонымен бірге, Ресей оккупанттары да украин майдан шебін бұзып-жарып өтуге қауқарлы емес.
Алайда Ұлыбританияның бірқатар шенеуніктері Путинді ойсырата жеңу үшін уақыт керек екенін айтады. Еуропа Украинаға АҚШ-сыз көмек бере алатын жағдайға дайын болуы тиіс. Бір сарапшының айтуынша, соғыстың созыла түсуі Ресей үшін өте тиімсіз, ол ұзаған сайын басқыншы елдің экономикасы құлдырай береді, сондықтан Путин мен оның армиясы өздігінен берілуге мәжбүр болады. Ал олай болмаған жағдайда, Ресей өзінен өзі ыдырап, бірнеше бөлікке бөлініп, тарап кетеді.