Қазақстан дүнгендерінің Қытаймен байланысы анықталды
АСТАНА. 28 ақпан. Қазақстанда жүрген дүнгендердің Қытай елімен қаншалықты байланыс, қарым-қатынасы бар екендігі белгілі болды. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.
Осы және басқа да елең еткізерлік жаңалықтар елордада бүгін өткен «Қазақстандағы этносаясаттың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел әңгімесінде жария етілді
Енді олардың бәріне зерттеу-тексеру жүргізу үшін астанадан топтар аттанады. Мұның соңы елімізде этносаралық қарым-қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат түбегейлі реформалануына апарып жеткізеді.
Айтқандай, үстіміздегі жылы Қазақстан халықтары ассамблеясының құрылғанынан 25 жыл толады. Бұған дейін мерейтой үшін бюджеттен қаржы шығарып, би билеп, той тойлап атап өтілуі туралы жоспар болған сияқты. Алайда, Қордайдағы оқиғалар бәрін өзгертіп, бұған жол бермейтін болды.
Негізі, қақтығыстың алдын алудың мүмкіндігі болған екен. Сарапшылар этносаралық қатынастар саласына 2016 жылы зерттеу жүргізіп, сонда көптеген ашық және жасырын проблемаларды әшкерелепті. Биылғы 7–11 ақпан аралығында, төбелестен кейін сарапшылардың жаңа тобы Қордай ауданына барып, ахуалға бұрынғыдан да қаныға түскен. Сонда төрт жыл бұрын анықталған әлгі түйткілдердің 2020 жылы да сақталып отырғаны мәлім болды.
Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев жауырды жаба тоқымай, олардың негізгілерін нақты атады.
«Еліміздегі дүнген жұрты әлеуметтік және мәдени оқшауланған, тұйық, жеке өмір сүреді. Дүнген жастары жалпықазақстандық әлеуметтендіру бағдарламаларынан қол үзген. Олар демографиялық жағынан үздіксіз көбейгеніне қарамастан, өзге облыстар мен қалаларға көп кете қоймайды. Этнос ішінде кастаға бөліну орын алған, олар «якши» және «яман» топтар бойынша екі түрлі мешітке барады. Бір-бірінің тойларына, жерлеу рәсімдеріне қатыспайды. Бұдан бөлек, дүнгендер мен қазақтардың да өзара бастары қосылмайды. Мемлекеттік қызметшілер арасында этникалық диспропорция бар», – деді ол.
Мұндағылардың қылмыс әлемімен байланысты екені де ашық айтылды.
«Контрабанда, құқық қорғау органдарын сыбайлас жемқорлық жайлауы секілді проблемалар да бар. Қазақстандық дүнгендердің елеулі бөлігі Қытай мен Қырғызстан жоғарғы оқу орындарында оқуды жөн көреді. Олар қырғыздың ұялы байланыс операторларының қызметін пайдаланады. Сондай-ақ спутниктік антенналар арқылы негізінен Қытай, Ресей, Қырғызстан телеарналарының хабарларын көреді. Ал қырғыз елінен дүнген тілінде шығатын газет-журналдарды алғызады», – деп мәлімдеді ҚХА төрағасының орынбасары.
Этностар шоғырлана орналасқан елді мекендерде бай тараптардың кедейлеу тұрғылықты халыққа шекеден қарайтыны бары рас. Сарапшылар ауыл аймақта жер және су ресурстарының тапшылығы да текетіреске себепкер болатынын анықтаған. Осының барлығы Қазақстанда, соның ішінде, әсіресе, шекаралық аумақтарда жабық этникалық қауымдар құрылуына әкеліп жеткізген. Өңірлерде шешілмеген білім беру, денсаулық сақтау, еңбек қатынастары мәселелері этносаралық кикілжіңді де ушықтыра түсуде.
Ж.Түймебаев жабық этникалық қауымдастықтардың мәдени, экономикалық тұрғыдан мемлекетке тәуелсіз екендерін, бұл жағынан өздерін өздері қамтамасыз ететінін айтты.
«Жабық этникалық аудандарда көрші мемлекеттердің ықпалы өте жоғары екені қатты сезіледі. Жалпы алғанда, Қордай қақтығысы жинақы орналасқан және жабық этностардың мәселесінің өзекті екенін ашып берді. Ол, әсіресе, Қазақстанның оңтүстігінде кең таралған. Түркістан облысында – өзбектер мен тәжіктер, Жамбыл облысында – дүнгендер мен күрдтер, Алматы облысында – ұйғырлар, күрдтер, месхет (аққасқа) түріктері, Алматы қаласы аумағында – ұйғырлар мен дүнгендер, Шымкентте – өзбектер, Тараз қаласында дүнгендер, күрдтер және өзбектер солай шоғырланып, өзгелерден оқшау отыр. 1990 жылдардан бері елді дүрліктірген резонансты қақтығыстардың негізгі бөлігі де дәл осындай аймақтарда орын алды. Бұған бір этностың экономикалық ресурстарды монополияландырып алуы, мәдениет және тіл жағынан қазақтан бөлектенуі және өркен жайған жемқорлық себеп болды», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Соның салдарынан өзге этнос өкілдерінің қазақ қызын зорлауы, жігітін өлтіруі, ақсақалын сабауы ұлтаралық шиеленіс сипатын алып кетті. Жергілікті құқық қорғау органдары күдіктіні жедел құрықтап, лайықты жазаласа, қақтығысқа дейін жетпес еді. Алайда, бармақ басты, көз қысты тірліктердің кесірінен қылмыскердің жазадан құтылып кету жағдайлары жиі кездеседі.
«Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ даналығы. Жылдар бойы жабулы қазан күйінде жаба тоқылып келген «іріңді» проблемалар әшкереленді. Енді билік кешенді шаралар түзіп, оны жүзеге асыруға бел буып отыр.
Этносаралық қатынастар бағытындағы ғылыми, сараптамалық, болжамдық жұмыстар жаңа сапалы деңгейге шығарылады. Ел басшылығының тапсырмасымен этносаясат жөніндегі жеке ғылыми-зерттеу институтын құру мәселесі қарастырылуда.
«Біз этностар жинақы орын тепкен барлық аудандарға сарапшылардың сапарын ұйымдастырамыз. Сонда жергілікті жердегі барлық түйткілдер терең зерделенеді. Биылғы жылы сонымен қатар жалпыұлттық халық санағы өткізіледі. Оның аясында енді этностардың демографиялық даму үрдістері, олардың қоғамға интеграциялану перспективалары нақты зерттелуі қажет», – деп түйді Жансейіт Түймебаев.