Қордайдағы арандатушылық бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды
ТАРАЗ. 28 ақпан. Жамбыл облысының Қордай ауданында 7-11 ақпан күндері орын алған арандатушылық фактілеріне байланысты 8 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Nur.kz хабарлады.
Осы оқиғалардың салдарынан 11 адам қаза тауып, 185 адам әртүрлі дене жарақатын алғаны белгілі болды.
Соңғы ақпараттарға сәйкес, аталған фактіге қатысты 120 қылмыстық іс қозғалған. Олардың ішінде 11-і «Кісі өлтіру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, жаппай тәртіпсіздік болған күні оқиға орнына «жедел жәрдемнің» 11 көлігі шыққаны анықталды. Дәрігерлер адамдардың бір-біріне шабуыл жасағанын, сондай-ақ, атыс дауысы шығып жатқанын айтып берді. Ашулы топтың қолынан медицина қызметкерлерінің көлігі де зардап шеккен екен. Адамдар арнайы көліктерге тас лақтырыпты.
Жақында Қордайдағы кикілжіңге қатысты тергеу жұмыстары жайлы жаңа ақпарат пайда болды. Ішкі істер министрі орынбасары Алексей Калайчидидің сөзінше, қазіргі таңда болжам бойынша кикілжің арандатушыларына қатысты 8 қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ, вице-министр өткен кикілжіңге қатысты фактілерді бұрмалауға тырысып жатқандарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Арандатушылардан бөлек, елдің әкімшілік кодексіне сәйкес, істеген ісі үшін 200-ге жуық адам жауап берді.
Еске сала кетейік, Жамбыл облысы Қордай ауданында 7 ақпан күні жергілікті тұрғындар арасында болған жанжалдан 8 адам қаза тауып, 40-тан астам адам әртүрлі жарақат алған. 9 ақпанда тағы 2 адамның опат болғаны анықталды. Сол күні мерт болғандар саны 10-ға жетті.