Сыр бойында Республика күні мерекесі кең көлемде аталып өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. 25 қазан. Бүгін Сыр бойының бас қаласында Республика күніне арналған шарапатты шаралар қанат жайды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мереке құрметіне көген керген салтанатты іс-шара Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық академиялық драма театрында өтті.
Жиынды ашып, сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Республика күні қарсаңында Байқоңыр қаласындағы үш көшеге халқымыздың мақтаныштарының, ұлттың рухын асқақтатқан батырларының есімдері берілгенін сүйіншілеп жеткізді.
«Республика күні – бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын, халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын ең ұлық мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылы қайта жаңғырған Республика күнінде: «Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, декларация – еліміздің Тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат» деген болатын», – деді аймақ басшысы сөзінің кіріспесінде.
Облыс аумағында мереке қарсаңында атаулы күннің саяси мәнін айшықтайтын бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. «Енді Байқоңыр қаласындағы Авиационный көшесі даңқты әскери қолбасшы, Кеңес Одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының, Гостиничный проезд көшесі Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың, Внутриквартальный проезд көшесі қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың атымен аталады. Баршаңызды жағымды жаңалықпен құттықтаймын», – деді Нұрлыбек Машбекұлы биік мінберде тұрып.
Облыс әкімі бұдан кейін күні кеше елорда төрінде өткен салтанатты жиында еліміздегі ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған Қармақшы ауданындағы «Таң» шаруа қожалығының төрағасы Имамзада Қуанышбайұлы Шағыртаевты осы зор марапатымен шын жүректен құттықтады. Ол өз сөзінде аталмыш награданың тек бір азаматқа ғана емес, айналып келгенде, аймақтағы барша еңбек адамдарына тапсырылған марапат, Сыр елінде соңғы жылдары жасалып жатқан барша жасампаз істерге берілген барынша жоғары баға екенін атап өтті.
Жиында сондай-ақ Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев пен «Парасат» орденімен наградталған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова мен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Қылышбай Бисенов сөз алып, жиынға қатысып отырған жамағат арқылы барлық жерлестерін ұлы мереке – Республика күнімен құттықтады.
Салтанатты іс-шарада Қазақстан Республикасының әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері, белсенді қоғамдық қызметі, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматқа мемлекеттік орден, медаль және Қазақстан Халқы ассамблеясының марапаттары тапсырылды.
Мерекелік кештің соңы әдеттегідей облыс өнер жұлдыздарының тартымды да қызықты концерттік бағдарламаға ұласты. Онда Сыр өңірінің жезтаңдай әншілері мен күміс көмек термешілері ән мен жырдан шашу шашты.
Бір айта кететін жайт, қазіргі таңда Республика күнін атап өту аясында өңірде көптеген маңызды, мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бүгін Қызылорда қаласының Рәміздер алаңында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті, кеше облыс орталығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынатын 900 орындық білім ошағы мен жаңа жылу электр орталығының іргетасы қаланған еді.