Жиһаз шебері
Қызылордалық кәсіпкер Мақсат Таев жас кезінен ағаш ою, қазақтың ұлттық музыкалық аспабы – домбыра мен басқа да интерьер бұйымдарын жасауға құмар еді. Кейіннен ағаш кесуге арналған заманауи кәсіби жабдық сатып алып, осы бағытта өз бизнесін дамытпақ та болды. Алайда жинаған қаражатына досының ақылымен ағаш өңдеу жабдығын сатып алып, жиһаз өндірісін қолға алды. Беларусь, Италия елдеріндегі компанияларда жұмыс істеген, осы салада білімі мен тәжірибесі мол досы өз тәжірибесін ортаға салып, жабдықпен жұмыс істеуді үйретті. Осылайша, 2020 жылы кәсіпкер «Ади Мебель» деген атаумен жеке кәсіпкерлік нысанын тіркеді.
Жұмыс істеген жылдары кәсіпкердің клиенттері қатары күннен күнге көбейіп, өнімдеріне де сұраныс артты. Қазір компания тапсырыс бойынша кез келген күрделі жиһазды жасайды. Бағасы жиһаз түріне, дизайнына, дайындау күрделілігіне және мерзіміне байланысты өзгеріп отырады.
2022 жылы өз кәсібін кеңейтіп, тапсырыстарды арттыру мақсатында Мақсат Таев «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында ForteBank-тен жеңіл несие алды.
Ол қаражат жиһаз цехына арналған қойма және жиһаз жасау мерзімін қысқарту үшін арналған арнайы жабдық сатып алуға жұмсалды. Бұл тапсырыстар санының артуына мүмкіндік берді.
«Қазір жиһаз индустриясы қарқынды түрде дамып келеді. Сондықтан дизайнды үнемі соңғы үлгіде жаңартып, сапалы материалдар қолдануға тырысамыз. Яғни замана көшінен қалмай әрекет етудеміз», – дейді кәсіпкер.
Жансая НҰРҚОЖА