Қызылордада түрлі-түсті ғажайып құрттар өз тұтынушыларын тапты
ҚЫЗЫЛОРДА. 8 шілде. Қызылорда қаласында тұратын кәсіпкер Нұрсұлтан Қалмағамбет түрлі-түсті құрт шығаруды қолға алып, кәсіптің тағы бір қырын дөңгеленте бастады. Бұл туралы облыстық қоғамдық даму басқармасына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Хабарламада кәсіпкердің қазір ешқандай химиялық коспасыз, таза табиғи түрлі-түсті құрттың 6 түрін жасап шығарып жатқаны айтылған.
Бизнесменнің өзінің айтуына қарағанда, ол қазақтың қасиетті тағамдарынның бірі – құртты заманауи негізде жасауды көптен бері армандап жүріпті. Ақырында оның қолайлы жолын өздігінше тапқан. Енді бұл құрт түрлерін дайындау үшін бірнеше күн уақыт жұмсалатын көрінеді. Сүтті құртқа айналдыру үшін белгілі бір ереже мен тәртіп сақталуы тиіс. Мысалы, ақ құрт жасауға шикі сүт керек. Ал оның ақ құрт аталу себебі оған тұз көбірек қосылады екен.
«Жалпы, бұл құрттар барлық қалаларда үлкен сұранысқа ие екен. Шынымды айтсам, жарты жылдай ойдың жетегінде жүрдім. «Қалай болар екен?», «Тұтынушыларға ұнай ма?» деген сауалдар санамды жаулап алды. Дегенмен, ол уайымдардың барлығы артта қалды. Қазір сатылым жақсы. Басқа қалалардан алуға тапсырыстар көп келеді. Осы кәсібіме атау беріп, айтпақшы, құрттарымыз «Qurtella» брендімен шығады, қазіргі таңда күніне 500 кг өндіреміз. Осы кәсіпті 15 мың теңгемен бастағанмын. Сұраныс көбейе түскесін, арнайы жабдық сатып алдық. Біздің басты мақсатымыз – ұлттық тағамдар нұсқаларын халыққа таныстырып, олардың ерекшеліктерін, пайдасын насихаттау», – дейді Нұрсұлтан Қалмағамбет.
Жас коммерсант осылайша ұлттық үрдісті жаңғыртып, батыл қадамға барып отыр. Ал дәмі тіл үйіретін құрттан ауыз тигендер тапсырысты өздері бере бастаған.
Қазір Нұрсұлтан шикізат сатып алмау үшін сиырлар санын көбейтіп, кәсіпкерлігі көкжиегін кеңейтуді мақсат тұтып отыр.