Қызылорда облысында түйе мен ешкі сүтінен сабын өндіріле бастады
ҚЫЗЫЛОРДА. 10 шілде. Қызылорда облысында «Aral Organic» жеке кәсіпкерлігінің иесі Арсена Көшжанованың бастамасымен сүт және өсімдіктің қоспасынан сабын дайындап шығару ісі қолға алынды. Бұл туралы Kyzylorda-news.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Атап айтқанда, кәсіп иесі түйе мен ешкі сүтіне жантақ қосу арқылы қазақтың баяғы ерекше емдік қасиеті бар қара сақар сабынының бір түрін шығарып жатыр. Қазір аталмыш сабынның түрлі тері аурулары мен терінің құрғауын жазатын емдік қасиеті бар екені анықталды.
Бұған қоса, оның басқа сақар сабындардан тағы бір айырмашылығы, оның бұрқыраған хош иісі бар.
Атап өтерлік жай, өндірісі басталғанына алты айға жуықтаған «Aral Organic» жеке кәсіпкерлігінің осы емдік қасиетке тұнған хош иісті сабыны «Қазақстанның үздік тауары-2023» өңірлік көрме-байқауында жұртты ерекше елең еткізді.
Өзінің айтуына қарағанда, Арсена Көшжанова бұрын сабынды өзі мен таныстары үшін арнайы дайындап жүрген екен. Кейін оның үлкен сұранысқа ие бола бастағанына көзі жеткесін көпшіліктің тұтынымына шығаруға шешім қабылдайды. Сөйтіп, ол бизнестің осы бір тың да тосын түрін бастап кетеді. Соның ыңғайында мемлекеттік қолдауға ие болып, сабын шығаратын цех ашып алады.
«Кәсіпті бастағаныма 6 айдай уақыт болды. Мүмкіндігінше өзімізде бар нәрселерден пайдалы дүние жасағым келді. Сабын түйе, ешкі сүті қосылып жасалады. Сонымен қатар жантақты да пайдаландық. Қазақстанның басқа өңірлеріне де жіберсек дейміз. Мені бұйымым ауылда шөпті теріп, қайнатып, істелгеннен кейін, органика дүкендері арқылы таратылғанын қалаймын. Бізде тек ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнімдерді өндіру үшін айтарлықтай әлеует бар», – дейді Арсена Көшжанова.
Кәсіпкер бүгінгі күндері осындай сабынның 11 түрін шығарып отыр. Соның ішінде 3 сабынның айрықша шипалық қасиеті бар. Кейбірін сонымен қоса, шашты бояйтын табиғи рең ретінде де пайдалануға болады.