Германия Украинада танк шығару зауытын салатын болып жатыр
БЕРЛИН. 10 шілде. Германияның Leopard танкілерін өндіруші Rheinmetall компаниясы Украинада үш айдың ішінде танк зауытын салып шығады. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлады.
Концерннің бас директоры Армин Паппергер CNN телеарнасына берген сұхбатында компания міндетіне сондай-ақ украин мамандарын зауыт өндіретін танктер мен басқа да бронды техникаларға қызмет жасай білуге үйрететіндерін айтты. Оның сөзіне қарағанда, өнеркәсіп орны елдің батыс бөлігінде бой көтереді.
Зауытта сол сияқты «Фукс» бронетранспортерін де шығару және оларды жөндеуден өткізіп тұру жоспарластырылып жатыр.
Rheinmetall компаниясы зауытты «Укроборонпром» украин мемлекеттік қорғаныс концернімен бірлесе басқаратын болады.
Паппергер сондай-ақ зауытты Ресей армиясының шабуылынан қорғауға тура келетінін баяндады.
«Қазір [Украинада] әскери өнім шығаратын зауыттар көп. Бұл соның бірі ғана, біз оны өзіміз қорғай аламыз», – деді ол.
Бұдан бұрын РФ-ның бұрынғы президенті Дмитрий Медведев Rheinmetall концернінің Украина территориясындағы кез келген кәсіпорнын жойып жіберетіндерін айтып қорқытқан еді.
Биылғы наурыз айында Паппергер «Rheinische Post» газетіне берген сұхбатында Украинада ең соңғы үлгідегі Panther соғыс машинасын шығаруға ниетті болып отырғандарын мәлімдеген. Сонда ол кәсіпорынның жылына 400 танк шығара алатынын, жобаның құны 200 млн еуроны құрайтынын айтқан.
Panther – Rheinmetall концернінің қазіргі заманғы жауынгерлік танктерінің ең соңғы моделі. Ол қазір сериялық шығарылу кезеңінің алдында тұр. Әзірге бұл танк моделі әлемнің бірде-бір армиясының арсеналында жоқ. Өткен жазда Rheinmetall аталмыш танкті Париждегі көрмеге қойған, мамандар оны әлемдегі бүгінгі таңдағы теңдесі жоқ, ең күшті соғыс машинасы ретінде атап көрсетті.
Сонымен қатар Challenger 2 танкісін шығаратын британдық BAE Systems компаниясы да Украина территориясында зауыт ашу жөнінде келіссөз жүрігізіп жатыр. Бұдан бөлек, түріктің Baykar Tech компаниясы өзінің Bayraktar TB-2 маркалы дрондарын шығаратын кәсіпорын ашқалы жатыр.